кез келген мемлекеттің тұрақтылығын нығайтады
Кеше елордада «Қазіргі заман діліндегі этностылық және конфессиялық әдіснама мен оның зерттеу мәселелері» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы ұйымдастырған бұл іс-шараның мақсаты – қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы зерттеу қызметін әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік, сондай-ақ, кадрлық жағынан қамтамасыз етуді жетілдіру.
Семинардың ашылуында Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко қысқаша сөз сөйледі. Негізінен олар өз сөздеріне Қазақстан халқының қоғамдық келісімді және ынтымақ-бірлікті сақтауда этносаралық, сондай-ақ, конфессияаралық татулықтың алатын орнын арқау етті. Сонымен қатар, өзекті осы мәселелерде Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жүрген қызметі ерекше маңызды екеніне тоқталды.
Семинардың панельдік сессиясына Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова модераторлық етті. Ал спикерлерден алғашқы сөзді Татарстан Республикасы (Ресей) Ш.Марджани атындағы тарих институтының аға ғылыми қызметкері Лилия Сагитова алып, қоғамдық трансформация конъюнктурасындағы ауылдық мұсылмандар қауымдастығының, оның ішінде Орта Елюзань ауылының іс-тәжірибесімен бөлісті.
Татарстандық Лилия Сагитованың айтуынша, Орта Елюзань ауылының ислам дәстүрін ұстануы, оның ынтымақ пен бірлікті нығайтудағы орны көпшілікке тәжірибе ретінде ұсынуға әбден болады. «Кеңестер одағы тараған соң, елді мекендер халқы тұрмыс-жағдайларының төмендеуіне байланысты өзге жерлерге қоныс аудара бастағанынан хабардарсыздар деп ойлаймын, – деді ол. – Бір жақсысы, Орта Елюзань ауылынан жағдай қанша қиын болса да, ешкім көшіп кетпеді. Қоныс аударған бірді-екілі отбасылар өзінің өскен ортасына қайта оралды. Бұл ауыл тұрғындары негізінен ислам дінін ұстанады. Жергілікті билік пен мешіт имамдарының бірлесе жұмыс істеуінің, тиісті іс-шараларды білгірлікпен ұйымдастыра және оларды ойдағыдай өткізе білуінің нәтижесінде тәртіп бұзушылық деген тыйылды».
Лилия Сагитова осы елді мекенге арнайы барып, имандылық лебі есіп тұрған Орта Елюзань ауылының қол жеткізген табыстарының себептерін зерттеген екен. Оның сөзіне қарағанда, тоқсаныншы жылдардың басында бұл ауылда да діни білім алу үшін Араб елдеріне оқуға кеткендер де болыпты. Ал олар қайтадан елге оралғанда, көпшілік арасында ислам дінінің бейтаныс ағымын насихаттай бастаған. Бұл дін өкілдері ішінде, әсіресе, имамдар арасында келіспеушілік тудырған. Яғни, бұрынғы имамдар кейінірек Араб елдерінен оқып келген діншілдерге қарсы шыққан. Осылайша, көпшілік ислам дініне жат ағымды таратушылардан бойын аулақ ұстай бастапты.
«Қазіргі кезде Орта Елюзань ауылында дінге қатысты түсініспеушілік жоқ. Осының арқасында тұрғындардың әл-ауқаты жақсарды, кедейшілік жойылды. Арақ-шарап атаулы белгіленген нүктелерде ғана сатылады. Онда бүгінде 13 мешіт бар. Ауылдың инфрақұрылымы кереметтей өзгерді», – деді Л.Сагитова.
Жиында, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, профессор Әлімжан Бекмағамбетов ҚХА қызметін ғылыми-сарапшылық сүйемелдеу жөнінде, Кончук университеті (Сеул) Орталық Азия орталығының директоры Герман Ким Оңтүстік Корея қоғамындағы этностылық және конфессиялық туралы, «Келісім» медиация орталығының директоры Гүлмира Нарбаева және басқалар этностық келісімге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Семинар аясында қоғамдық келісім және этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісіне арналған жас ғалымдар арасындағы ғылыми жұмыстар байқауының қорытындысы шығарылды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»