Парламент Мәжілісінің депутаты, әйел депутаттар тобының үйлестірушісі Майра Айсина Парламентте халық қалаулылары болып жүрген, бұған дейінгі шақырылымдарда Мәжіліс депутаты болған, бүгінде елордада түрлі басшылық қызмет атқаратын ханымдардың басын қосты.
Бұл шуақты кеш Қазақстан Республикасы Парламентінің 15 жылдығы, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуы мен тұңғыш рет өткізілгелі отырған әйелдер құрылтайының құрметіне арналды. «Еліміздің еңсе көтеріп, мемлекетіміздің нығайып, іргеміздің беки түсуіне нәзік жанды саналатын әйелдердің қосқан үлесі өлшеусіз. Тарих түкпірінен сөз тартпағанның өзінде осы жиырма жылда қазақтың қыздары ер көтерер жүкті арқалай білді. Сол ер мінезді қайсар қыздар – сіздер деп танимыз», – деп кешті бастады М.Айсина.
Салтанатты кеш «Елдің батыр қыздары», «Халық қалаулылары», «Министр ханымдар», «Ауыр жүк арқалағандар», «Халық үні», «Біздің үміт» деген атаулармен айшықталып, қатысып отырған әр әйелдің өзіндік орнын анықтады.
Елінің батыр қыздары болып Мемлекеттік сыйлықтың лауреты, ақын Фариза Оңғарсынова, қоғам қайраткері Зәуре Қадырова, мемлекеттік қызметкерлер Раиса Шер мен Лилия Мусина танылды. Олар Парламенттің өткен шақырылымдарының депутаттары, Фариза апай мен Зәуре апайдың мерейлі мерейтойларын ескерген сіңлілері тарту-таралғыларын да ұмытпады. Фариза апай саясаткер сіңлілеріне Шыңғыс ханның шапқыншылығы кезіндегі Отырар қаласындағы әйелдердің ерлігін әңгімелеп берді де: «Мемлекет дамуында атқарып отырған еңбектеріңе табыс, елдің бүгіні мен ертеңін анаға тән жүрекпен ойлап жүрген жүректеріңе алғыс тілеймін. Парламентте өткір мәлімдемелер жасап, депутаттық сауалдар жолдап отырған қыздарымыз, заң дайындаған кезде де өз үндерін танытып, өз талаптарын қосып отыр, соның арқасында әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып келеді. Алдымызда Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, президенттік сайлау, Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық, т.б. көптеген жауапты шаруалар тұр. Оның негізі мына сендердің қолдарыңмен атқарылады. Әйелдер біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Сендерге сол жолда табыс тілеймін!», – деп ақ батасын берді.
Мерекелі, берекелі осы кешке атақты скрипкашы Айман Мұсақожаева, Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясының президенті Раушан Сәрсембаева қатысып, халықтың үнін жеткізді.
Жұлдыз қыздардың жарқыраған кешінде күйші Мұрагер Сәрсенбаев, Астана филармониясының әншілері Айзада Қопанова, Естай Мұқашев, Бибігүл Жанұзақ және «Кантус Нова» вокалды квартеті өнер көрсетті.
Сәуле ДОСЖАН, журналист.