Қазақстан өткен жылды зор табыспен аяқтағаны белгілі. Еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету миссиясын жоғары деңгейде атқарды. 55 елдің басшыларын жинап, осы халықаралық беделді ұйымның Саммитін Астана төрінде өткізді.
Енді 2011 жылды да Қазақстан зор мәртебемен бастап отыр. Астана мен Алматы қалаларында 7-ші Қысқы Азия ойындарын өткізіп, халықаралық деңгейдегі осы бір спорттық іс-шараны аса жоғары ұйымдастырушылықпен атқара білді.
Осы айтулы доданың өткізілуінің өзі ғаламат оқиға. 2007 жылы VI Азиада Қытайда өткені белгілі. Сонда VII Азиаданы өткізу міндеті Қазақстанға тапсырылған болатын. Әлемдік қаржы дағдарысы әрбір елді толғандырып отырған тұста Қысқы Азия ойындарының өтіп-өтпеуі үлкен мәселеге айналды. Сол кезде Отанымыз қандай қиындық болса да Азияның Олимпиадасы саналған бұл жарысты қалайда өткізетінін мәлімдеді және Үкіметке, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне шұғыл тапсырма берілді. Осындай бірауыздылықтың арқасында, бүкіл ел болып қолдаудың нәтижесінде жаңа спорт кешендері салынды, бұрынғы спорттық базалар күрделі жөндеуден өткізіліп, жарысқа 100 пайыз дайын болды.
Сонымен қатар, спортшыларымыз да осы бәсекеге дайын екендіктерін дәлелдеп шықты. Азияның 27 елі қатысқан жарыста Қазақстан спортшылары 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальға ие болды. Барлығын қосқанда 70 медаль алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.
Міне, елімізде Азия ойындары жоғары деңгейде өтті. 70 рет көк байрағымыз биік тұғырға көтеріліп, 32 рет мемлекеттік Әнұранымыз шырқалды. Еліміздің әрбір азаматы ұйымшылдық танытып, Қазақстанның патриоты бола білді. Өсіп келе жатқан ұрпақ жарыстардан үлкен әсер алды, өздері де спортта жеңіске жету елдің мерейін көтеретін мәртебелі міндет екенін ұғынды.
Жаңа онжылдыққа қадам басқан тұсымызда осындай игі шараның өткізілгені Қазақстанның халықаралық беделін асыра түсті.
Биылғы Жолдауда осы жолы салынған спорт кешендерінде жас жеткіншектердің дене тәрбиесімен айналысуы тиіс екені айтылған болатын. Алдағы уақытта Үкімет пен әкімдер тарапынан болашақ спортшыларымыздың жетілуіне баса көңіл бөлінсе екен деймін. Еліміздің өзге қалаларында да табиғи ерекшеліктерді ескере отырып, спорт кешендерін салу ісі жан-жақты қолға алынуы керек деп ойлаймын.
Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі.