05 Наурыз, 2011

Субсидия алу үшін алдымен өнімді сату қажет

446 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сенат депутаттары М.Бортник пен Ж.Сәрсенқұлов Үкімет басшысы К.Мәсімовтің атына сауал жолдап, онда Ақтау қала­сын­дағы «ҚазАзот» ЖШС-нің минералдық тыңайтқыштар шы­ғару зауытының басында­ғы проблемаларды көтерген еді. Түйіп айтқанда, ахуал тө­мен­­дегіше қалыптасып отыр екен. Сенаторлар экономиканың қи­ын­дық көргеніне қарамастан, атал­ған зауыт өз кадрлары мен құрал-жабдықтарын сақтап қалумен қа­тар, жаңа өнім де шығара баста­ған­дығын айтады. Өндіріс орнын қайта құрылымдауға және жаңар­ту­ға «ҚазАзот» ЖШС тарапынан 70 миллион теңге салынып, енді ол өз өнімін 300 мың тоннаға жеткізуді межелеген екен. Субсидияны минералдық тыңайтқышты қазақ­стан­дық ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілерге жеткізу мақсатында Үкіметтің 2009 жылғы 17 ақпандағы №164 қаулысына, сондай-ақ Үкімет басшысының өзі қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАзот» ЖШС және «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес кәсіпорын 2009 жылы жалпы кө­лемі 72 мың тонна аммиак сели­трасын рынокқа шығаруы тиіс еді. Депутаттардың сөздеріне қараған­да, кәсіпорын өз міндеттемесін то­лық орындаған. Еуропалық Одаққа өнім жөнелтуден бас тарта оты­рып, қазақстандық тұтынушыларға бет бұрған. Алайда Оңтүстік Қа­зақ­стан мен Алматы облыстары қой­маларында 47 мың тонна тың­айт­қыш жатып қалған. Тұтынушы­лар­дың сатып алу қабілетінің тө­мендігінен 1,5 миллиард теңгенің өнімі әлі сатылмаған көрінеді. Енді зауыт өз шығындарын жабу мақ­сатында банк тарапынан несие алып, қарызға кіре бастаған. Осы ретте халық қалаулылары аммиак, азот қышқылы мен аммиак сели­тра­сын өндіретін зауыттың басын­дағы қиыншылыққа арашашы бо­луын сұрап, Үкімет басшысы Кә­рім Мәсімовтен «ҚазАзот» ЖШС шығарған өнімдерді мемлекет та­рапынан сатып алу жайын қарас­тыруды сұраған болатын. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы еліміздің ауыл шаруашы­лығы өнімдерін өндірушілерге жет­кізуге боларын алға тарта отырып, егер жағдайды түземесе, онда импорттық өнімге байланып қалу қаупі бар екендігін де ескертіпті. Мәселен, Тәжікстан мен Түркі­менстан қазіргі таңда Өзбекстан­ның тыңайтқыштарын тұтына бас­таған көрінеді. Үкімет басшысы өзінің жауа­бында «ҚазАзот» ЖШС аммиак селитрасының тоннасын 43,5 мың теңгеге сатқандығын келтірген. Алай­да белгіленген 72 мың тон­наның орнына 567 миллион тең­генің субсидиясы бойынша 32,4 мың тонна жөнелтіліпті. Жағдай­дың бұлайша қалыптасуы өнім ба­ғасының жоғары болуына соқтыр­ған. Ал ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірушілердің өнімді сатып алуға қаржысы жеткіліксіз. Осы ретте Премьер-Министр бюджеттік субсидия төленуі үшін бюджеттік бағдарлама әкімшісіне кәсіп­орын шығын көргені жөніндегі құ­жаттарын тапсыруы тиіс екен. Бюджеттік бағдарлама содан кейін ғана Үкімет немесе жергілікті атқарушы орган шешіміне сәйкес жүзеге асатын көрінеді. Ал Үкі­меттің жоғарыдағы қаулысына сәй­кес минералдық тыңайтқыш­тарға субсидия зауыттың өз өнімін сатқан көлеміне қарай төленеді екен. Қорыта келгенде үш мәселеге көңіл аударған жөн. Зауыт өз өні­мін толық көлемде өндіргені­мен, оны өткізу қиынға соғып отыр. Ал шаруалардың тыңайт­қыш алуға ақшалары жоқ. Үкі­мет алдымен өнімдеріңді өткі­зің­дер, содан кейін субсидия төлей­міз дейді. Үкімет­тің қолдауын­сыз зауыт өз өнім­дерін өткізе алмайтынын ескерсек, ақшаның ауылы әлі алыс сияқты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.