05 Наурыз, 2011

Бар жақсының бастауы

692 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жер бетіндегі кез келген халықтың өз ал­дына ұлт болып ұйысуына, жеке халық, егемен ел, дербес мемлекет болып қалып­тасуына әйел-аналардың сіңірер еңбегі орасан зор. Ай­талық, тарих қойнауына назар салып көр­сеңіз, кешегі дастан-жырлардағы Гүлбар­шын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, Қыз Жібек пен Баян сұлу, Айман-Шолпан, бертіндегі Айша бибі мен Абақ ана, Домалақ ана мен Қыз ене, таңбалы тари­хы­мыз­дағы Хорезмшахтың әйгілі қайраткер анасы Түркен хатун, Қасым ханның анасы Жаған бике, Тәуке хан мен Есім ханның аналары Жақсы бике, ұлы Абай тәрбиесін көрген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай ханым, ел билеген Айға­ным, Ұлпан секілді т.б. аналарымыздың есімдері ел өмірінде алтын әріптермен өрнектелген. Аттары аталғаны, аталмағаны бар әзиз аналарымыз бүкіл ұлтымызды тәрбиеледі. Халықтығымызды қалыптастырып, бүгінгі күллі әлем мойындаған дербес мемлекеттігімізді баянды етуге мол үлес қосты. Бұлар­дың игі дәстүрін кейінгі ізбасар ұрпақтары абыроймен жалғастырып келеді. Бүгінде де қазақ әйелі елімізде болып жат­қан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғам­дағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеу­мет­тік-мәдени, халықаралық-дипломатия­лық жұ­мыстарға белсене араласып отыр. Де­мо­­гра­фия­лық мәліметтерге сүйенсек, біздегі жал­­пы мемлекеттік қызметшілердің тең жарты­сы­нан астамы әйелдердің үлесіне тиеді екен. Бұл – үлкен көр­сеткіш, жоғары нәтиже, жақ­сы­лық­тың нышаны. Әйел-ана, қыздар тәрбиесі туралы айтқан­да, «қазақ қыздарының шамшырағы» (М.Әуезов) Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жайлы айтпай кетуге болмайды. Сонау Отан соғысының сұрапыл жылдарында өмірге келген оқу орны – өмірдің талай-талай өткелдерінен сүрінбей өтіп, өз міндетін абы­роймен атқарып келе жатқан бірден-бір қара­шаңы­рақ, қасиетті мекен. Білім ордасы ашылар кезеңде Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған қайраткер тұлға­лар­дың бірі Нұртас Оңдасынов ағамыз: «Ха­лыққа қызмет етеміз деп біраз шаруа бітір­дік-ау деп ойлай­мын. Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының, опера және балет театрының іргесін көтердік. Қыздар педа­го­гикалық инс­титутын ашу үшін шын мәнінде орталық үкі­метпен біраз шай­қасуға тура келді. Өйткені, қыздарды бұлай бө­ліп оқыту басқа респуб­ликалардың бірде-бірінде жоқ. Ал менің ішкі мақсатым – ауылдағы қа­рагөз қыздар келіп жоғары білім алып, қайыра ауылға барса, бала оқытып, білім-санамыз биіктесе екен деген арман. ЖенПИ алғаш ашылып, алғаш­қы мамандар ауылға аттанғанда менің қуаны­шым­да шек бол­ған жоқ. Ол сезімім, ол қуанышым өзі­ме ғана аян бұл күнде», – деп ағынан жарылып еске алады. Расында да ойлап қарасаңыз, жетпіс жылға жуық мерзім ішінде осынау оқу орнын бітірген қаншама мыңдаған қазақтың қыздары білім нәрі­н­ен сусындап, мұғалімдік мамандықтың қыр-сы­рын игеріп шықты. Ал сол ұстаздардың алд­ы­нан қаншама жүздеген мың жас жеткіншектер тәрбие тәлімін алды. Әрине, бұл үлкен игілікті іс. Оқу ордасы туралы сөз қозғағанда, біздегі әрбір қазақ азаматының өмірі осы Қазақтың мем­лекеттік қыздар педагогикалық инсти­туты­мен байланысты десек, артық айтқандық болмас. Өйткені, біріміздің мектеп қабырғасындағы немесе жоғары, арнаулы оқу орнындағы ұстазы­мыз, екіншіміздің жақын-жа­ма­ғат, туған-туыс, та­ны­­сы­мыз, енді біріміздің қыз­мет­тес дос, жол­дасы­мыз, енді біріміздің асыл жары­­мыз осы жерден түлеп ұшқан түлектер. Қазіргі ел ағасы бо­лып жүрген азаматтарымыздың бірқатары­ның мұғалім­дік мамандықты таңдауына да осы оқу орнын алғашқы жылдары бітіруші­лердің – аяулы ұстаз­дарымыздың, ақылшы апа­ларымыздың ық­пал-әсері, үлгі-өнегесі мол болғаны әркімге де белгілі. Аттары алты алашқа әйгілі жазушыларымыз М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұршайықов т.т. инс­ти­тут­тың мән-маңызы жайлы игі тілек, жылы лебіздер біл­дірсе, Ғ.Қайырбеков, М.Мақатаев, С.Асанов, Ө.Нұр­ғалиев сынды біраз арқалы ақындар өлең өрнек­терімен, поэзия тілінде оқу орнын жарқыратып әспет­теген. Ақын Серік Тұрғынбекұлының: Асыл әуен араласа шың-құзды, Жасыл бақтың тыныштығын түн бұзды. Ғафекеңдей болам ба деп ЖенПИ-ден, Мына мен де іздеп таптым бір қызды, – деп жырға қосқанындай, Қыздар институтының терезесіне телміріп, босағасын күзетіп жүріп өз бақы­тын тапқан кешегі бозбалалар – бүгінгі ақын­дары­мыз бен жазушыларымыз, әкімдеріміз бен басшы­лары­мыз, ғалымдарымыз бен кәсіпкер-бизнес­мен­деріміз, белгілі мәдениет және қоғам қайраткер­лері екендігі көпке аян. Өмірдің негізі – қыз балалардың жақсы оқып, білім алуы, ғибратты тәрбие өнегесін көруі аса сауапты әрі анағұрлым жауапты іс. Ол ұлт бола­шағы, елдің кемел келешегі үшін мемлекетке қа­жетті өте маңызды шаруа болуға керек. Өйткені, әрбір үйдің ұйытқысы, отбасының берекесі, өмірді жалғастыру­шы, елдің әні де сәні де – ана. Ал қыз бала – болашақ ана. Сон­дық­тан ға­сыр­л­ар бойы қыз бала­ның тәлім-тәр­биесі, білім алуы күн тәртібінен түспей келеді. «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қа­йырым­ды­лық атаулы­ның бәрі де ананың ақ сүтінен тарала­ды», – дейді Елбасы. Орынды ай­тыл­ған сөз. «Алып – анадан туа­ды» демекші, 124 мың пай­ғамбар, 128 мың әу­лие, сахабалар, сан миллиондаған ел билеген кө­сем­дер, ел­басылар мен қолба­сы­лар, төрелік айтқан би­лер мен шашасына шаң жұқтырмас шешендер ана­н­ың ақ сүтінен нәр алған, әйелдің бауыр етінен жаралған. Кез келген ұлттың бойындағы бар игілікті қасиет­терді – тілін, дінін, ділін, әдет-ғұрып, салт-санасын, ұлттық ата дәстүрін жеткізуші, дарыту­шы, дамыту­шы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтыма­ғын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыра­тын да, ұйымдастыратын да әйел – ана. «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», – деген аталы сөз осыдан туса керек. Батырлықтың, батылдықтың, шыдамдылық­тың, тұрақтылықтың, даналықтың, инабаттылық­тың, парасаттылық пен ақылдылықтың, сезімтал­дық пен әсемдіктің көзі де, өзі де осы – әйел-ана. Қазақта әдетте жаңа жерге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, барлық рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағаның игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қауым елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты әдет, сайып келгенде, бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан ата-ана қызына: «Барған жеріңнің бағын ашам деп бар» деген тілек білдірген. Өйткені, қызы келін боп түскен отбасының бағы ашылса, оның да бақытты өмір сүретінін сезген. Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Аллатаға­ла­ның соңғы елшісі Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалейһи уассаллам өзінің хадис-шарифінде: «Ей, иман келтірген пенделер! Сендер жәннатты алыс­тан ізде­мең­дер, ол ананың табанының астында», – депті. Бүгінгі мерейлі мереке, үлкен қуаныш иесі – қазақтың қаракөз қыздары мен аналары жайлы жақсы сөз, игі тілектер әлі де жалғаса түсетіні, олардың абырой-беделі күн санап биіктей беретіні анық. Оларға мерейлі мереке қарсаңында жарық дүниедегі барша жақсылықтарды тілей отырып, Отанымыздың аспаны әманда ашық, күні нұрлы болғай дейміз. Бақтияр СМАНОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.