29 Қазан, 2016

Біржан сал ауданына ат басын қашан тірейміз?

407 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
korganbek-aga-3Сапура апай телефон шалды. Бір кездері «Социалистік Қазақстан» газетінің ең жас келіні болған, осы басылыммен бірге жасасқан ардақты аға Балғабек Қыдырбекұлының өмірдегі серігі, «Егеменнің» нешеме жылдардан бергі айнымас тілеуқоры, бас оқырманы, әз анамыз. «Рухтың ұлттық рәуіші» деген шағын мақаламызды оқыпты. Осында айтылған қазақтың үлкен ақындары Жақан Сыздықов пен Еркеш Ибраһимді біледі екен. Балғабек ағамен үйге келген оларды дастарқанында құрметтеген, әңгімелерін тыңдаған. Әсіресе, Жақан атамыздың әңгімешілдігін, жұртқа жайылып кеткен күлдіргі  өлеңдерін әсерлеп айтқан Сапура апайдың жадының мықтысы-ай! «Керемет кісілер еді ғой. Балғабек жақсы көретін. Еркеш Көкшетауда, одан Қарағандыда «СҚ»-ның меншікті тілшісі болды. Балғабек екеуі сыйласып өтті» дей келе, апай осындай елге қадірлі тұлғалардың туған жері Көкшетауда елеп-ескерілмей жатқанына қайран қалып, қынжылды. Ертеңіне осы Көкшетаудың тумасы, манасшы, жыршы, ақын Баянғали досымның телефон соға қойғаны. Кәдімгі Баянғали Әлімжанов. Жаңағы мақаланы ол да оқыпты. Оның әңгімесі де Сапура апаймен үндес шықты. Өз ұлдарын ұмыт қалдырған Көкше еліндегі осы бір келеңсіздікті жақсы көтеріпсің, бірақ толық жазбапсың, деді не нәрсені де тура айтатын досым. Айтуы дұрыс. Біз өткен жолғы мақаламызда есімдері ескерусіз қалған Е.Ысмайылов, Ж.Сыздықов, Е.Ибраһим, С.Жүнісовтің ғана аттарын атағанбыз. Мәселені кеңінен қамтуды мақсат етпеген едік. Енді соған көзіқарақты, көкірегі ояу, зиялы оқырман түзету енгізіп жатса несі айып, несі шам? Есмағанбетке, Жақанға, Еркеш пен Сәкенге Көкшетауда бір-бір ескерткіш қойылса, олардың ел алдындағы еңбектері осыған татымайды деп кім айтады? Бұл ретте Атырау мен Оралдан, Алматы облысынан, т.б. үлгі алса да жарар еді. Мұның сыртында, айтулы жазушы Естай Мырзахметов, Қазақстанның халық ақыны, қазіргі көп мықты айтыскерлеріміздің ұстазы Көкен Шәкеев, өзгеше сипатты ерен әнші Кәрім Ілиясов, ұлтжанды қайраткер азамат Нұрхан Ысқақов, математик Мыңбай Ысқақов сынды ардақтылардың да өздері кеткен соң көздері кеткендей керексіз болып қалғандары адамды пұшайман етеді. Ақмола – Көкшетау өңірінің өмірден озған өнерпаздарын қастерлеу жайын да не билік, не басқалар есіне алар емес. Қараөткелдің Ғазиз ақыны, қайран Құлтума, Орынбай, Иманжүсіп. Сол ардақтылар ескерткіш болып көз алдымызда тұрса, кейінгі ұрпаққа тәрбие емес пе, рухын асқақтатып, мерейді өсірмей ме? Күні кеше Берлинге алғаш ту тіккен батырымыз Рақымжан Қошқарбаевтың Астанада орнаған ескерткішіне қуанбаған жан қалмады. Кеш те болса – аса кәделі игі іс. Зерендіде Балқадишаның, Астана – Бурабай жолының бойында Құлагердің ескерткіштері ерекше сезім сыйлайды, жаныңды нұрландырады. Бірақ, бұлар әлі теңіздегі тамшы ғана. Олай болса, жандары жәннатта болғыр Жұмабек Тәшенов, Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов, Әскен Нәбиев, Нұрғожа Оразов, Табылды Кенжетаев, Нөгербек Мағзұмов, Октябрь Әлібеков, Мәтен Бижанов, Марфуға Бектемірованың рухтары да рухты елінен бір құрмет күтіп қалықтайтыны хақ. «Жас қазақ» әнімен Ұлы Отан соғысында қыршын қиылған барлық қазақ боздақтарына ескерткіш сомдаған Рамазан Елебаев есімін Ақмола облысының не филармониясына, не бір басқа мәдениет-музыка ошағына қимай келеміз-ау. Ескерткіш туралы әңгіме де жоқ. Ал енді қазақ әнінің атасы Біржан сал есімін ұлы әнші, халық композиторының туған өңірі – Еңбекшілдер ауданына беру мәселесі көтеріліп келе жатқалы 20 жылдан асты. Солтүстікқазақстандық ағайындар Шал ақын есімін үлкен ауданға беріп, баба батасымен көгергелі қашан. Ал көзі тірісінде де білегіне арқан батып қиналған Біржан сал мәселесі сиырқұйымшақтанып әлі созылып келеді. Әуелде осы орайда облыстық мәслихаттың, одан соң республикалық ономастика комиссиясының шешімдері шығып та қойған екен. Одан Үкіметке барғанда жеке тұлғаларға аудан берілмесін деген пәрмен шыға қалған. Бұл пәрмен күшін жойған кезде, обалы не керек, облыстық мәслихат тағы шешім қабылдап, тағы жоғарыға жолдаса, маңдайының соры бес елі Біржан бабамыздың тағы жолы болмапты. Себебі сол баяғы сиырқұйымшақ... Ақмоладан басқа облыстар, дейді Баянғали, өз қаламгерлерін түгендеп, 100 томдық, тіптен, 200 томдық кітаптарын да шығарып, оқырманға тарту етті. Сыр, Сарыарқа кітапханалары, Шығыс Қазақстан, Шымкент, Маңғыстау, Алматы облысы... Бұл игі іске тек Ақмола облысынан ғана селт етер ешкім жоқ сияқты. Әйтпесе, әдебиет пен мәдениеттің тұнып тұрған қазынасы бұл өңірде де мол. Тым құрыса, Ақмола – Көкшетаудың арғы-бергі ақындарын түгендеп, жыр антологиясын шығарса дейді. Иә, ниет дұрыс. Ендеше, осы дұрыс ниетке орай «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқан сөздің ұлағатын ұғатын азаматтар табылар, Ақмола–Көкше өңіріндегі Біржан сал ауданына ат басын тірейтін күн де алыс емес шығар деп сенгіміз келеді. Қорғанбек  АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»