Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Алайда, біз бүгінде оны естен шығарып бара жатқандаймыз. Бұл ретте кешегі Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Ертексіз өскен бала рухани мүгедек бала. Біздің қазіргі балаларымыздың не әжелері, не шешелері ертегі айта білмейді. Содан – қорқам», – деген жанды сөзі еріксіз еске түседі. Рас, бүгінгі қоғамда ертегі айту қолданыстан шығып, оның орнын адам санасына кері әсерін тигізетін технологиялар басуда. Күні кеше ертегімен ұйқыға бөленетін жас бала бүгінде МР3 дейтін әуенмен, агент деген жауменен ұйқыға орануы бұл күндері қалыпты жағдайға айналған. Ал бұл – ащы да болса шындық. Оған ата-аналардың да еті үйреніп кеткендей. Иә, ертегінің бүлдіршіндерімізге берері мол екендігін ескеретін аналарымыз саусақпен санарлық. Солардың бірі – кезінде бүкіл қазақ даласының балдырғандарына арнап, кешкілік уақыттарда радиодан ертегі оқыған Шырын-Бүбі әже жайлы сыр ақтарсақ деп едік.
Атақты педагог Сухомлинский: «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады», – деген екен. Осы қағиданы үлгі тұтатын «Алтын алқа» иегері Шырын-Бүбі Асубаева бүгінде көп балалы ана, кешегі ұстаз, бүгінде зейнеткер, немере мен шөберенің қызығына тоймай отырған сүйікті әже. Оның қоңыр дауысын қалың жұртшылық «Қазақ радиосы» арқылы таниды. Иә, халық аузындағы ұлттық нақыш пен ділімізге сай ертегілерді кезінде «диктор» әжеміз «Қазақ радиосы» арқылы жаңғыртқан болатын. Сол кездері сан ұлттың ертегілерін қазақ тілінде сөйлетіп, бүлдіршіндерімізді тәтті ұйқыға бөледі, олардың қиялын ұштады. Ол айтатын ертегілерді радио тыңдармандарының белгілі бір аудиториясы асыға күтті. Ұрпақ тәрбиесіне жаны да ауыратын есті әжеміз «Шалқар» радиосы арқылы да бүгінгі ұрпақ тәрбиесі жайлы пікірлері мен ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Әрине, өзгеге ақыл-кеңес айту үшін білім-білік керек. Ал Шырын-Бүбі анамыздың рухани болмыс-бітімі бай, көшелі жан.
Ұлы Отан соғысы жылдарында өмірге келген асыл әже бұл күндері 67 жаста. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолының 32 жылын ұстаздық етуге арнаған. 1962 жылы өмірлік жары Советхан Мүлікбайұлымен бас қосып, отау тігеді. Ері екеуі әр түрлі оқу орындарында сабақ беріп, заман талабына лайықты ғұмыр сүреді. Алайда, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай осынау тыныш кезеңде 1992 жылы жолдасы өмірден өтіп, небәрі 48 жасында жеті бірдей баламен жесір қалады. Ол кезде балалары да тым жас болатын. Ең кішісі жеті жасар ғана еді. Біріншіден Алланың, екіншіден ел-жұртының көмегімен ауыр жүкті арқалап, жеті баланы бағып-қағып, ешкімнен кем қылмай өсірді. Әрине, мұндай ауыртпалық оған оңай тимеді. Әйтсе де ол өзіне тіректі иманға ұйып, намаз оқудан тапты. Уақыт өте келе, балалары жоғары білім алды, келін түсіріп, қыз ұзатты. Келіндерін туған қызындай аялады. Содан да шығар, ел бүгінде оны тамаша ене, асыл жанды ана ретінде таниды.
Келін демекші, мына бір жәйтті ол жиі еске алады десек, аяғы ауыр келінінің өздігінен босана алмайтындығын дәрігерлер ескерткен болатын. Шырын-Бүбі әже Аллатағаладан оның амандығы мен саулығын, өздігінен босануын тілеп, көз жасын көл еткен. Әсіресе, баланы ішті жарып аламыз деген сөзден сескенген ана келінінің бұған дейін екі баланы өмірге әкелгендігін, үшіншісін босануға да шамасы келетіндігін алға тартып, дәрігерлерге қарсы уәж айтып, бар жауапкершілікті өз мойынына алып, операция жасауға жол бермегені еске түссе, жүрегі шымырлап қоя береді. Рас, сол жолы ананың айтқаны болып, келінінің мерзімі жетіп, өзі босанған. Бір қызығы, бала бүркеншек жейдемен туылған екен. Сөйтсе, жейдеге оранып туылған нәресте Аллатағаланың жер бетіне жіберген мың нәрестесінің бірінде ғана кездесетін көрінеді. Батырлық пен тәуекелшілдікті қажетсінетіні мұндай табандылықтың арқасында батыл қадам жасаған әже сөйтіп немересінің жанын аман алып қалған.
Шырын-Бүбі әже тәуекелшілдікті қаншалықты бойына сіңірсе, сонымен қоса мейірімділік пен жүрек жылуына да соншалық бай.
Қорыта келгенде, асыл әже бүгінде қазақы салт-дәстүрді бойына сіңіріп, ұл-қыздарына баға жетпес тәрбие беріп отыр. Сондықтан да ұмыт қалып бара жатқан ертегі айту дәстүрін жаңғыртып жүрген Шырын-Бүбі сияқты әжелер қатары көбейе түссе екен дейсің. Ойлап қарасақ, дүниеге келген әрбір пенденің басты мақсатының бірі саналы ұрпақ сүйіп, оны тәрбиелі етіп өсіру. Ал тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпаққа тәрбие беру. Ал тәрбиенің ішінде ертегінің рухани мәні ерекше. Ол балаға рухани ләззат беріп қана қоймай, қиялға қанат бітіріп, бала рухының өсіп-жетілуін қамтамасыз ететінін ұмытпайық, замандас!
Жұлдыз БАЙДІЛДА.
Алматы облысы.