05 Наурыз, 2011

Қазақ теледидары: кеше және бүгін

3668 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢНЕН ӨТТІК Қазіргі электронды ақпарат құрал­да­ры туралы сөз қозғағанда, оның өткен ға­сыр­дың соңынан бергі уақытта қандай саяси идеоло­гиялық және техникалық өзгеріс­тер­ді бастан кешіргенін байыптап алу керек. Өйткені, өткеніңді зерделемей, бүгі­нің мен ертеңіңді дұрыс таразылай алмай­сың. Біздің ойымызша, телевидение ХХ ға­сыр­дың 1989-1990 жылдарында идеялық және шығармашылық жаңаруға талпына бастады. Осы тұста жариялылықтың кү­ші­не енуі тележурналистерге кеңестік тар идеологияның шеңберінен шығып, ұлт­тық мүдде туралы айту, ойды ашық біл­ді­ру­дің халықаралық ақпараттық тәжіри­бе­лерін баяу да болса игеру, қоғамдық пікірмен есептесу секілді қадамдарға ба­руға мүм­кіндік туғызды. Ел экраннан ақиқат іздей бастады. 1990-1992 жылдары осы үрдіс белең ала келе «тәуелсіз арна» деген бізге мүлде бей­мәлім ұғымды қоғамдық-идео­логия­лық айналымға енгізді. Мемлекеттік теле­ра­дионың ықпалы төмендеп, сол жыл­да­ры пайда болған «КТК» секілді тәуелсіз арна­лардың беделі күрт өсті. Олар жаңа­лық­тарды жедел және жиі бере білуімен, сол тұстағы саяси-эконо­ми­ка­лық өзгеріс­тер­ді батыл сынай алуымен дараланды. Со­нымен бірге Батыстың дө­рекі, арсыз өнім­дерін талғамсыз жамы­ратып жіберді.  Шет елдердің бұқаралық ақпарат құрал­дары республиканың рухани әлеміне ли­цензиясыз емін-еркін ене бастады. Дамыған елдерде телевидение түрлі оң­тайлы реформаларды сәтті жүзеге асы­рып, шын мәніндегі төртінші билікке ай­нал­ған тұста еліміздегі мемлекеттік элек­тронды ақпарат құралдары өзінің тари­хын­дағы ең қиын кезеңде тұрды. Сол кездегі тележурналистер үшін халықаралық ай­налымға баяғыда түскен «ақпараттық қо­ғам мен демократия», «ақпараттық тех­но­логияның жаңа буыны», «ақпараттың әлемдік сананы қалыптастырып орнық­ты­руы» тәрізді ұғым­дар мүлде жат бо­латын. Кеңестік кезеңнен қалған ескі те­ле­тех­ни­каға ие, халыққа ақ­парат ұсы­нудың әбден көнерген жанр­ларына ғана бейім, кенжелеп қалған ре­жиссураны өзгертуге қа­бі­лет­сіз ұжымдар шығарма­шылық дағда­рыс­қа ұшырады. Сол тұста олардың үлгі алатын мектебі де жоқ еді. Бірен-саран жаңа ізденістердің жүзеге асуына ескірген құрал-жабдық пен жұтаң материалдық база мүмкіндік бермеді. Осындай ақпараттық күрделі кезеңде жағдайды бірден болмаса да біртіндеп жақ­сарту қажет еді. Республиканың ақпа­рат саласын жетілдіру міндеті жүктелген мемлекеттік органдардың жұмысына Пре­­зиденттің тікелей араласуына  тура келді. «Демократияның, Қа­зақ­­стан­ның бүкіл прогресшіл даму перс­пектива­сы­ның тағдыры бұқаралық ақ­па­рат құрал­да­рының қалай дамитынына тікелей бай­ла­нысты болмақ» деген бағ­дарламалық ой-байлам нақ осы кезеңде, 1993 жылы айтылған болатын. Бұл тұс елімізде стихиялы түрде жү­ріп жатқан ақпараттық құбылыстарға билік­тің бой салып араласуымен айқын­далады.  Мемлекет ақпарат құралдары мен ақ­па­рат­тық кеңістікті бөлісу үрдісіне тікелей ара­ласып, оны заңмен реттеуге, жаңа ар­на­лардың шығармашылық қыз­метіне талдау жасауға кірісті. 1993-1996 жылдар ара­лығында республикада «31» телеарна секілді бірнеше жекеменшік студиялар пайда болды. Тәуелсіз Қазақ­стан­ның жал­пыхалықтық мұрат-мүд­де­сіне қызмет етуді мақсат еткен «Хабар» телеарнасы эфир­­ге шықты. «Қазақстан те­ле­радиокор­по­рациясы» құрылымдық шы­ғар­машы­лық жағынан жаңа қоғамға бейімделу жолында болды. Ұлттық ба­ғыт­тағы кең ты­нысты, тарихи негізді бағдарламалар соның еншісіне тиді. Осы кезең Қазақстандағы қазіргі элек­трон­ды ақпарат құралдарының мазмұн­дық (идеологиялық деп те айтуға болар) жағынан ерекшеленуінің алғашқы кезеңі болды. Олардың алдында бірнеше таңдау тұрды, бейімделуге және еліктеуге бо­ла­тын үлгілер де жетерлік еді. Әлемге мәш­һүр «Си-эн-эн», «Би-би-си» секілді жаңа­лық­тар тасқынын ұсынатын, саяси таң­дау­ды халықтың өзіне қалдыратын, адам­зат­тық ортақ құндылықтарды қадірлейтін арналардың бай іс-тәжірибесін игеруге талпыныс жасалды. Мемлекет құрушы ұлт­тың тарихы мен тілін, дәстүр-салтын жаңа қоғамда қорғап жаңғыртуға ұмтыл­ған­дар Түркия тәрізді елдер телеар­на­лары­ның ерекшеліктеріне назар аударды. Жалпы мемлекеттік бола отырып, Президент  пен Парламенттің, ел үкіметінің қыз­метін насихаттауға басымдық берген ар­налар да дараланып келе жатты. Телекеңістіктегі осындай мазмұндық таң­даулар мен өзгерістер туралы елдің де, журналистердің де пікірі әралуан бо­ла­тын. Біреулер бақылаусыз, абсолютті еркін телевидениені дәріптесе, екіншілері олар­ды мемлекеттік бақылауға алу керек деді. Үшінші топ алыс-жақын елдерден ер­кін ағылған телехабарлардың жолын дереу жабуды ұсынды. Таза ұлттық арна­лар­ды аңсағандар да аз емес-ті. Әлемдік тә­жі­рибеге сүйене отырып, эфирлік қыз­ме­тінің бағыт-бағдарын халық өкілдері ай­қын­дайтын қоғамдық телеарна ашу жө­нін­­дегі ой-ұсыныстар да қылаң беріп жатты. Осы қат-қабат талап-талғамдарға мем­лекет кешіктірмей төрелік айтуға тиіс бо­ла­тын. Мәселенің түйінін мәдениет пен ақпарат саласындағы құзырлы органдар бас­шыларынан бұрын Президенттің өзі тарқатып берді. 1994 жылы республи­ка­да­ғы газет-журналдардың бас редактор­ла­ры­мен кездесуінде: «Жас тәуелсіз мемлекеттер көбінесе сырттан таңылатын пікір­лер­дің қатал қысымына ұшырайды. Нәти­же­сінде өз қисыны бар аса күрделі ішкі процестер сырт көзқараспен баға­ла­нып, көбінесе үстірт, ал, кейде біржақты түсін­ді­ріледі. Бұл көптеген мемлекеттердің шы­найы тәуелсіздікті нығайту жолын­дағы өзіндік кедергіге айналады. Алайда, сырт­қы ақпарат көздерін жабу өзімізді өзі­міз оқшаулау болар еді», деп ақпараттық тұйықталу рухани тұйықталуға алып бара­тынын ескертті. Демократиялық қоғам­да­ғы ақ­паратқа сипаттама бере келіп, жур­налис­тер­дің алдына нақты міндеттер қой­ды. Пре­зиденттің: «Азаматтардың нақты өмір­дің, сондай-ақ көпірме сөздің қайда екенін, екіншіден, ақиқаттың және қарақан бастың қамы үшін бұрмалаушылықтың қайда екенін, үшіншіден, іскерлік, парасат, сондай-ақ пысықайлық қайда екенін, төр­тіншіден, халыққа қызмет етудің  қайда екенін білуіне мүмкіндік туғызыңыздар. Халыққа осы­нау мәселелерді ақиқат тү­сінуге көмек­те­сіңіздер», деген сөзі әлі күнге маңызды. Осы талап-тілек журналистика мәде­ние­ті мен этикасының әлемдік өлшем­де­рі­мен астасып жатыр. Халықаралық журналистер одағы 1986 жылы Брюссельде өткен съезінде жаңартылған декларация­сын­да: «Шын­дықты қастерлеу, оны білгісі келетін қауымның құқығын құрметтеу – журна­лис­тің мәртебелі міндеті» екенін қадап айта оты­рып, жете зерттелген деректерге сүйе­ну­ге, ақпарат құралдары арқылы шу көте­ру­ден, саяси немесе өзге де за­лалды көзқа­рас­тарды тықпалаудан ада болуға, жария­лан­ған мақаланың елге зиян шектіретіні дә­лелденсе, оны жөндеу, тү­зету үшін бар мүм­кіндігін салуға шақыр­ған болатын. Дек­­­­­ла­рацияда, соны­мен бірге деректі қаса­қа­на бұрмалау, біреуге жала жабу, абы­ройын төгу, келемеждеу, пара алу тәрізді қадамдар айыпталған еді. Қазақстан сөз бостандығын алғаш тә­уел­сіздік алған күндерден бастап демо­кра­тиялық-рухани дамудың қайнар көзі  ретінде құрметтей отырып, оның сақталуы және рес­публиканың өз ішіндегі өркендеу жо­лы­на сәйкес болуы үшін қажетті ал­ғы­шарт­тар­дың бәрін жасай алды. Мемлекет бұ­қа­ралық ақпарат құралдарының, оның ішін­де Еуропа журналистикасы баяғыда бастан ке­шірген, бүгінде осы құрлық үшін күлкілі болып табылатын аудиторияны елік­тірудің арзан жолдары: деректерді арнайы бұр­ма­лау, жеке көзқарасын таңу, жұртты қызық­тыру үшін оқиғаларды ой­дан құрастыру, жаңалық атаулының бәріне оппозициялық пиғылда болу тәрізді қа­дамдарын сабырлы­лық­пен реттеу бағытын ұстанды. Әлемдік ақпаратқа кейбір іргелес елдердегідей үрке, жатсына қараған жоқ.  Президенттің 1997 жыл­ғы 3 желтоқ­сан­дағы «Қазақстан Рес­публикасының бір­тұ­тас ақпарат кеңістігін қалыптастыру ту­ра­лы» Жарлығында мемлекеттік коммуника­ция­лық орта құру ар­қылы БАҚ-тың қыз­метін жетілдірудің жол­дары кең де нақты аталып көрсетілді. Рес­публиканың ақпарат кеңістігін сая­силан­ды­руға болмайтынды­ғы­на, әлемдік тәжіри­бе­лер­дің үздік үлгі­леріне ұмтыла отырып, оған ұлттық, қазақ­стандық мазмұн беруге, жаңа техно­логия­ларды барынша жедел мең­геруге назар аударылды. Жарлықта алға қойылған міндеттерге сәйкес 1991 жылғы 28 тамызда қабылданған «Баспасөз және бұ­қаралық ақпарат құралдары туралы» Заң толық­тырылды. 1999 жылы мемлекеттік емес БАҚ көбейіп, ірі медиа құрылым­да­рының пайда болуына байланысты оған өзгер­тулер енгізілді. Телеақпараттың осы кезеңдегі қызме­ті­не бір ауыз сөзбен баға берсек, ол күрделі экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келе отырып, әлемдік тележүйеге бейімделе алды. Тележурналистика елімізде хабар та­ратып жатқан шетелдік арналармен бәсе­кеге түсу үстінде кәсіптік шыңдалды. Қа­зақстан сырттан ақпарат ала отырып, ға­лам­ға өзін таныстыру мұратын жүзеге асыр­­ды. 2002 жылы жаһандық эфирге шыққан «CaspioNet» спутниктік те­ле­ар­на­сы Байланыс және ақпарат минис­тр­лігінің дерегі бойынша қазіргі таңда Еуропа, Орталық Шығыс, Азия және Африка ел­деріне бірнеше тілде хабар таратады. Сон­дай-ақ, мемлекеттік те, жеке де телеарналар осы заманғы техникамен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Арналар саны күрт артты, қазіргі таңда сексеннен астам телеарна бар болса, оның 22-сі ғана мемлекеттік, қалғаны дербес. Республикадағы сөз бостандығын құрметтеу мен қамқорлық­тың нәтижесі осындай. ҚАНДАЙ БАҒЫТТЫ ТАҢДАЙМЫЗ? Қазақстан – халыққа ақпаратты еркін таңдауға ТМД елдерінің ішінде жан-жақты мүмкіндік берген бірден-бір мемлекет. Біз­дің осы кеңдігімізді сынайтындар да, қол­дай­тындар да бар. Сынайтындар шетелдік арналар арқылы жететін түрлі хабарлар мен көркем фильмдерде қазақ ұлтының дәс­түріне сай келмейтін, жастарды одан тайдыратын әрекеттер насихатталатынын көл­денең тар­тады. Мемлекеттік телеар­на­лардың тілге, ұлттық басқа да құндылық­тарға әлі де са­марқау екендігіне қын­жылады. «Айқын» газетінің 2010 жылғы № 38 санында жарияланған «Қорғансыз қазақ көрерменін кім ойлайды?» деген мақалада «Қазақстандық көрермен көріп отырған көп­теген телеөнімдер қазақ халқының та­би­ғи сұранысынан алшақ» делінген. Осы­дан арылу үшін автор мемлекет құрушы қазақ ұлтының рухани қажетін өтеуге ар­налған тележобаларды республикадағы бар­­лық ар­на­лардың тұжырымдамасына енгізуді ұсы­нады. Жастарға қаптап кеткен ток-шоулар­дан гөрі ағартушылық мазмұны жоғары телеөнімдер пайдалы екенін атап көрсетеді. «Хабар» агенттігі ақпараттық бағ­дарла­малар дирекциясының атқарушы продюсері Еркін Байғабылұлы  («Айқын» 2010 № 205) ақпараттық қауіпсіздік мемлекеттік тіл арқылы сақталатынына мән береді, бірқатар дербес арналарда ел назарын аударатындай жаңа қазақша  бағдарла­ма­лар жасалмай отыр­ғанына, «31 арна», «7 ар­на», «НТК», «СТВ», «Эра» арналары эфирді  ре­сейлік бағ­дарламалармен тол­тыратынды­ғы­на  дә­лелдер келтіреді. Мұн­дай көрініс­тер­ден мем­лекеттік арналар да  ада емес еке­нін айта кетейік. «Қазақстан» арнасы­ның бір күнгі эфирлік бағ­дар­ламасында Ресей мен басқа да шетелдер телекомпания­ла­рының тоғыз өніміне сегіз сағат бө­лін­ген. Көрермендер сонымен бірге мемлекеттік арналар ашып жатқан тележобалар көр­ші елдің ескірген телебағдарла­мала­ры­ның сәтсіз көшірмесі екендігіне де алаңдайды. Осындай өзекті мәселелерге үн қосқан тағы бір журналист Кәмшат Тасболат «Еуроньюс», «Россия-24» секілді жаңалық­тар­ды қазақ тілінде тәулік бойы тарататын, «Наше кино» тәрізді отандық фильмдерді күндіз-түні көрсететін арналардың жоқты­ғын елеулі олқылығымыз деп біледі. Қай жағынан да дәлелді осы ой-байлам­дардың негізгі түйіні – қазақ тілінде ақпа­рат беретін дара телеарна ашу. Бұл осы қа­зір айтылып жүрген ұсыныс емес, көптің талайдан бері қозғап келе жатқан талабы. Аны­ғында тәуелсіз мемлекетімізде осы күн­ге дейін мемлекеттік тілде таза хабар тарататын телеарнаның болмауын ендігі жерде, экономика дамыған, әлемдік дең­гейдегі телетехника игеріле бастаған, ха­лық­тың төл тілі мен мәдениетіне құш­тарлығы артқан кезеңде әлдеқандай себептермен түсіндіру мүмкін емес. Мұндай арна ең алдымен қазақ халқына қажет болса, екінші жағынан сол ұлттың тілін үйренуге талпынып отырған, республикамызда тұра­тын этностар өкілдеріне де керек. Қоғамды ұйытатын қуатты күш тіл болса, бүгінгі таң­да оны насихаттайтын, беделін көте­ре­тін рухани құралдың құдіреттісі – телевидение. Осы аса өзекті мәселеге республика Үкі­меті оқтын-оқтын көңіл бөліп келеді. Парламент депутаттары оның назарын бұ­ған ұдайы аударып та отыр. Алайда жүзеге асыру шаралары әзірге нақты қолға алын­ған жоқ. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бұған таяуда, Байланыс және ақпарат ми­нистрлігінің алқа мәжілісінде тағы да орал­ды. Қазақстанның ақпараттық кеңіс­тігі жай­лы әңгімелей келіп: «Алдағы 4-5 жылда ақпараттық нарық толық өзгереді, мұның бәрі қазақ тіліндегі ақпаратқа сал­мақ салады. Нағыз бәсекелестік енді басталды. Сон­дықтан да бізге тәулік бойы қазақша хабар тарататын арна ашу керек. Ал телеарна ашпай, мемлекеттік тілді дамытамыз деу бекершілік», – деген еді. Біз, бір топ депутаттар Үкімет басшы­сы­нан осы тапсырманы жеке басшы­лы­ғына алуды өтініп отырмыз. Бүгінде атал­ған міндетті сәтті орындау үшін мүмкіндік мол. 2010 жылы қолға алынған, тиісті жемісін бере бастаған сандық телевизияға көшу жұ­мысы әрі қарай жоспарлы жал­ғасады. 2015 жылы республика өңірінің 98 пайызы осы жүйемен қамтылады. Қысқа мерзімде аталған технологияның берерін тиімді пай­даланып, «Балапан» арнасын ашып үлгер­ген министрлік ендігі кезекте «Білім», «Мә­дениет» арналарын іске қоспақ. Мемлекеттің қазіргі рухани сұранысын сараласақ, тілге құрмет, оны насихаттау мен үйрету құралдарына деген зәрулік күн өт­кен сайын артып келе жатқанын көреміз. Мемлекеттік тілде жұмыс істейтін жеке арна барша қазақстандықтар қолдап отырған әлеуметтік-рухани мәні ерекше міндетті дәйекті жүзеге асыруға өлшеусіз үлес қосар еді. Осы тұста айта кетелік, мұндай ұлттық арнаны «Қазақстан» телерадиокор­порация­сы­ның немесе «Еларнаның» негізінде ашу туралы ұсыныстар бар. Біздің ойымызша, шығармашылық қолтаңбасын қалыптасты­руға бірқатар уақыт жұмсаған, тұрақты кө­рермен қауымы бар, мемлекеттік мазмұн­дағы және қазақ мінезді арналарды сақтап, мүлде жаңа телеотаудың шаңырағын кө­терген жөн. Қазақстанның ақпараттық кеңістігін ше­телдердің телеөнімдерінен оқшаулау жө­ніндегі ұсыныстарға келсек, оны осы пікірлерді қоз­ғаушылардың деңгейінде қос­тау қиын. Әлем саяси-экономикалық, әлеу­мет­тік-рухани қарым-қатынастарды кү­шей­тіп жатқан шақта, өрке­ниеттер алмасу кезе­ңін­де, адамзаттың барлық салада ортақ күш-жігер жұмсай отырып дами­тыны уақыт өткен сайын дәлелдене түскен ын­тымаққа зәру заманда ақпараттық оқ­шау­лану қолың­ды жіпсіз байлаумен бірдей. Біз ғалам­дағы өзгерістерге жаһанға танылған телеарналар арқылы қанып келеміз. Сырт­қы дүние қа­лай құбылуда, қандай саяси ағымдар белең алуда, экономикалық ба­ғыт-бағдарламалар­дың аста­рында нендей тың ой-идеялар бар, адам­заттық мәдениет қандай құнды шығар­ма­шылық туын­дылармен байытылуда деген алуан түрлі сауалдарға соларды көріп-тыңдау арқылы жауап табамыз. Мұндай көлемде жан-жақты хабар таратуға өзіміз­дің теле­жү­йеміз әзірге қабілетсіз. Бірді-екілі арнаның шетелдерде бірлі-жарым тілшілер қосыны бар. Олардың қызметі негізінен респуб­ли­каның басқа мемлекеттердегі рес­ми қыз­метін оқта-текте берумен шектеледі. Ал отандық тележурналистика әлем­­дік өр­ке­ниетті бізге жеткізбек түгілі елдің тарихы, бай әдеби-мәдени мұрасы жан-жақты зерделенген, өткен күннің рухани құнды­лық­тарын бүгінгі заманның өзгерген, ұдайы жаңғыру, толысу үстінде болатын жаңа көркем­дік талаптарымен үйлес­тіре көр­сететін жоталы телехабарларға да жа­рытпай отыр. Жоғарыдағы ойды қамшылаушылар ТМД елдеріндегі кейбір қадамдарды тілге тиек етеді. Сол мемлекеттер саясат­тану­шы­лары мен жур­налистерінің ой-байлам­да­ры­на сүйенеді. Мәселен, Әзірбай­жан­дағы «Ха­зар ТВ» теле­арнасының тілшісі Фируза Құрбанлының  «Әзір­байжанда тілді сақтау үшін шетелдік арналарға тыйым салынды» (Айқын» 2010, № 242) деген сұхбаты оқ­шаулануға ұмтылу­шы­лардың арасында  едәуір әңгіме болды. «Мұны өз елімізде неге қолданбаймыз?» деген пікірлер әр газетте қылаң берді. Ф.Құрбанлы аталған елде Ресейдің те­ле­арналарын көрсетуге тыйым салын­ға­нын айтады. Мұндай тыйым басқа да елдердің арналарына қолданылады. Орыс тіліндегі хабарлар берілетін болса, әзір­байжан тіліне міндетті түрде аударылады. Осы талап­тар­дың орындалуын телевизия мен радионың қызметін бақылайтын арнайы орган қадағалайды екен. Ағайындас халықтың тілшісі осылай дей отырып, елдің ақпараттық кеңістігі  таза әзірбайжандық телеөнімдермен айқын­дал­майтынын, шетел арналарын жұрт кабельдік жүйе арқылы көріп жатқанын, Түр­кия телевидениесінің ықпалы күшті екенін айтады. Бұдан қаншама оқшау­ла­намын де­сең де, оған елдің ұлттық құрамы толық мүмкіндік берсе де, біржола тұйық­тала алмайтыныңды көресің. Халық қай заманда да өзге дүниеден бө­лінбеген, қанаттаса, араласа дамыған. Еш­қандай да өркениет тек өз қазанында ғана қайнаған емес. Жаңа толқын тың ойлар мен шешімдерді іздейді. Өз орта­сынан тап­қан­ды игерген соң әлемге көз салады. Сол тұста жаһанға жалтақтама деп тыйып тас­тасаң, өрісін тарылтасың, қоғам­дық даму тұйықтала келе тоқырайды. СОНДА НЕ ІСТЕЙМІЗ? Әлемде өзінің телекеңістігін қорғаудың сан алуан тәсілдері мен амалдары бар. Солардың ішіндегі ең тиімдісі – отандық телеарналардың бәсекелестік қабілетін кү­шейту. Біз қазір осы жолда келеміз. Бұл – ұзақ та қиын жол. Ол мемлекеттің те­ле­ақпаратқа деген тұрақты қамқорлығын қа­жет етумен бірге осы саладағы көптеген шығармашылық-техникалық міндеттерді са­палы жүзеге асыруды талап етеді. Басқа олқылықтарымызды былай қойғанда, республикада бүгінгі күнге дейін электронды бұқаралық ақпарат құралдарының менеджменттік және маркетингтік саясаты қа­лыптасқан жоқ. Олардың деңгейі әлемдік стандарттан көп төмен. Екінші кемшін сала – қазіргі заманғы телевидениенің шығармашылық, оператор­лық және режиссерлік ерекшеліктерін терең меңгерген журналистердің тапшы­лығы. Мұ­ны телеарналардың басшылығы да, жур­налистердің өздері де мойындайды. Олар осындай кәсіби мамандар даяр­лайтын Ал­маты Энергетика және байланыс университеті мен Орталық Азия Кино және телевидение техникасы инсти­тутының, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеттері журналистика факульте­т­терінің, Т.Жүргенов атын­дағы Өнер ака­демиясындағы телевидение факультетінің жұмысынан жаңа маз­мұн мен күрт өзгерістер күтеді. Олар әлем­дік талапқа сай білім беретін арнаулы оқу орын­дарының деңгейіне жетудің амалда­рын қарастыру үстінде. Бұл үрдістің қа­шан­ға созылары да белгісіз. Соған орай атал­ған саланы зерттеумен айналысып жүр­ген ғалымдар мен белгілі тележурналистер Астанадан барлық жағынан қам­тамасыз етілген, шетелдердің білгір маман­дары дәріс беретін Массмедиа және коммуникация институтын ашуды ұсынады. Ақ­параттың қазіргі және ертеңгі қоғамдағы айрықша ықпалын ескере отырып, біз де осы ұсынысты қолдаймыз. Әзірге талап-тілек түріндегі бұл институт болашақта Ва­шинг­тондағы «Телевидение және ра­дио­хабарларын тарату акадамиясы» немесе Нью-Йорктегі теле және радио өнері факультеті үлгісінде ұйымдастырылғаны дұрыс болар еді. Телекеңістіктің төрін сыртқы ақ­па­рат­қа беріп қоймаудың әлемде бар, біз қолға ала қоймаған тағы бір жолы – төрткүл дүниеге қанат жайып жіберген ірі телерадиокомпаниялармен тұрақты шы­ғар­ма­шы­­­лық-технологиялық бай­ла­ныс орнату. Қа­зақ телевидениесі қазірге дейін шетелдік телекорпорациялардың бізден басқа ауди­тория­ға лайықталған, өздерінің мүд­де­лерін көздеген өнімдерін қыруар қар­жыға сатып алумен келеді. Енді олармен біріккен тележобаларды даярлауға көшу қажет. Респуб­ли­ка­мыз­дың ХХІ ғасырда Батыс­пен де, Шы­ғыспен де, дүниенің төрт қиы­рының бәрімен де тізе қоса оты­рып тол­ғай­тын ойы жетерлік. Ғаламның көптеген елдерімен тарихымыз тамырлас. Түркі дү­ниесінің барлық мемлекеттерімен рухани астасып кеткенбіз. Ортақ та­рих­тың, бү­гінгі сабақтаса дамудың аясында талай құнды телебағ­дар­ламаларды бізде жоқ, оларда бар мұраларға, ағайындардың бай іс-тәжірибесіне сүйеніп жасай алар едік. Телевидение саласындағы сәтті шара­ларымен таныла бастаған Байланыс және ақпарат министрлігі енді осы жүйені тү­бегейлі қолға алуға тиіс. Меншік түріне қа­рамастан барлық отандық телеарналардан шетелдік арналардың хабарларын трансляциялауды қысқартып, әлгіндей біріккен жобаларды талап ететін уақыт жетті. Ондай жобалардың мән-мазмұнын ми­нис­трліктің өзі айқындап, еліміздегі те­леақпараттық саясаттың құрамдас бөлі­гіне айналдыруы қажет. Біз осындай шаралардың маңызды­лы­ғын атап көрсетумен бірге телеэкранды ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрып тұрғысы­нан тазарту бағытында батыл қадамдарға баратын кез келді деп есептейміз. Демократия десе ішкен асын жерге қоятын Еуропа бұл орайда бізден көш бойы озық тұр. Батыстың көптеген дамыған елдерінде жас толқынның моральдық-рухани тәр­биесіне зардабын тигізетін хабарларға бая­ғыда тыйым салынған. Америка Құ­рама Штаттарында «Федералдық бақылау ко­миссиясы» телебағдарламаларды ұлт­тық, мемлекеттік мүдде тұрғысынан күн­делікті жіті қадағалайды. Францияда сонау 1993 жылы құрылған «Бұқаралық ақпарат құ­рал­дарындағы аудиовизуалдық кеңес» жас­тар мен жасөспірімдерге арналған ақпараттың барлық түріне сараптама жа­сауға, қажет деп тапса эфирге жібермеуге құқылы. 1997 жылы Италияда БАҚ-ты қа­дағалау комитеті ұйым­дас­тыры­лып, отан­дық және шетелдік ха­барларды ұлттық сүз­гіден өткізуге кірісті. Осы тақылеттес құрылымдар Германияда да бар. Ендеше, Қазақстан Респуб­ли­касында Байланыс және ақпарат минис­трлігінің жанынан осын­дай арнайы коми­теттің немесе кеңес­тің ашылуы біздің қазіргі жағдайымызда артық болмас еді. Отандық телекеңістікті тұйықтамай қор­ғаудың  сыннан өткен тәжірибелерінің бірі – шетел телеарналарына халық­аралық және республикалық заңнама­лар­дың негізінде құ­қықтық жауапкершілік жүктеу. Қа­зақстан халқы көріп тың­дайтын телерадио­компания­лар қай елдікі болса да отандық БАҚ-қа қойылатын та­лаптарды құрметтеуі және орындауы  керек. Мұндай жауапкершіліктен қазіргі күнде бақылаусыз қалып отырған кабельдік және спутниктік телеарналар да шет қалмауға тиіс. Аталған талап жүзеге асы­рылсын десек, Қазақ­стан­ның қазіргі ақ­парат кеңістігіндегі арна­лар­ды мемлекеттік лицензиялаудан өткізуді қолға алу қажет болады. Телевидение рухани құндылық бола отырып, экономикалық-коммерциялық сала болып табылады. Кейбір деректерге қа­рағанда, телекоммерциялық табыс әлем­дік мұнай саудасынан түсетін кірістен асып түскен көрінеді. Сондықтан оның кімнің, қай меншіктің қолына көшу керектігі әлем­де қазірге дейін пікір таласын туғы­зып келеді. Еурокомиссияның 2005 жылы сандық телевидениеге жедел көшу туралы шешімінен кейін аналогтық телевидениеге қаржы бөлуді тоқтатып, іске жедел кіріскен көршілес елдер де осы тақырыпта бас қатыруда. Олардың қай­сыбірі ақпарат тарату рыногын либе­ри­зациялауды ұсынып отыр. Сандық технология мемлекет бюд­жеті есебінен  толық енгізілген соң жекеменшікке берілгені тиімді деп санайды. Мұндай байламды Украина мен Грузия хош көреді. Ал Ресей, Беларусь, Өзбек­стан, Армения мен Әзірбайжан мемлекет­тің бақылауында болуын қалайды. Осы ұйғарым, телеви­де­ниенің, әсіресе шексіз техникалық мүм­кін­дікке ие болатын сан­дық телеви­дениенің бастапқы кезеңде мем­лекеттің қадағалауында қалуы теле­кеңістігін енді-енді түгендеп жатқан біз үшін қолайлы демекпіз. Технологиялық жа­ғынан ба­рынша жетілдірілген элек­трон­ды бұқа­ралық ақпарат құралдарын меншікке берудің құқықтық негізі жасалмай жатып, жеке коммерциялық және басқа да құрылымдардың қолына ұстата салу орны толмас қателікке айналар еді. Жаңа заң жобасында бұл өзекті мәселе мейлінше айқын зерделенуі керек. Сон­дай-ақ қазақстандық контент құрудың жол­­дары да қарастырылуға тиіс. Бұ­ларсыз те­леақпарат жүйесі заң тұрғы­сынан толық түгенделмейді. Көріп отырғанымыздай, телекеңістік, те­леақпарат саласында атқарылатын шаралар ұшан-теңіз әрі күрделі. Қазақстан секілді шар­тарапқа ашық мемлекетте олар­­ды жүзеге асы­ру кезінде барынша ба­йып­ты болу қажет. Ақ­параттық-идео­ло­гия қай кезеңде де ұлттық қа­уіпсіздік мүддесіне негізделуге тиіс. Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты.