Кеше Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Қаржы полициясының академиясында халықтар достығы мен татулығын паш еткен үлкен жиын болып өтті. Онда академия басшылығының ұйымдастыруымен «Вайнах» ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Салман Героев академияның оқытушы-профессорлық құрамымен және тыңдаушылармен кездесті.
Кездесуді ашқан академия басшысы Марат Бәшімов еліміздегі халықтар достығының шынайы да мызғымас үлгісі ретінде танылған «Вайнах» ұлттық-мәдени орталығының Қазақстандағы осы кезге дейінгі игілікті іске қосқан үлесі мен атқарып жатқан жұмыстары туралы жан-жақты айтып өтті. Біздің еліміздегі халықтар арасында, ең алдымен достық, татулық бір-бірін ерекше сыйлау мен құрметтеу дәстүрі етек алған. Сондықтан да мұндай қастерлі де қасиетті өнегені кейінгі ұрпаққа жалғастыру – парыз Өйткені, бірлік болған жерде тірлік болатынын біздің ата-бабамыз анық түсінген. Мемлекетіміздің де басты саясаты халықтар достығын кеңінен қолдау болып табылады. Ендеше құқық қорғау саласында ертең үлкен өмірге араласатын біздің қазіргі тыңдаушыларымыз достық жібін одан әрі нығайтып, жалғастыра түсуі тиіс деген академия басшысы келесі сөзді Астана қаласындағы «Вайнах» ұлттық-мәдени орталығының жетекшісіне берді.
Салман Героев өз сөзінде аталған орталық мұнда сонау 1990 жылдардың ортасында құрылғандығын атап өтті. Одан әрі ол Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы, Астана қаласындағы жақсы істер жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Сонымен қатар өздерінің ұлттық мәдени дәстүрлерін насихаттау мүмкіндігі туғандығына алғыс білдірді.
Біз бәріміз де Қазақстанда тұрып жатқан тең құқылы халықпыз. Біз этномәдени ұйымдарымызды құруға, мәдениетімізді, тілімізді, салт-дәстүрлерімізді қалауымызша дамыта аламыз. Бұрын мұндай болған жоқ. Тіпті бес-алты адам болып жиналып, ішкі мәселелерімізді талқылауға тыйым салынатын. Ал қазір бәріне мүмкіндік бар. Біздің адамдық құқымыз бен бостандығымыз нақты заң жүзінде қорғалатын болды. Осының бәрі ел тәуелсіздігінің, мемлекетіміздің ұстанған сындарлы саясатының арқасы деп білемін. Осы көпқырлы саясатымыздың нәтижесінде біз бүкіл әлемге танылдық. Оған өткен жылдың аяғында өткізілген Астана Саммиті куә, үстіміздегі жылы өткізілген Қысқы Азиада ойындары нақты мысал бола алады деген Салман Героев Қазақстанда адам, оның жақсы да ауқатты тұрмысы мен тату-тәтті өмірі үшін атқарылған орасан зор істерді мысалға келтірді. Осы жетістіктердің түп-тірегі бұл халықтар достығы, олардың мызғымас татулығы мен әрқашанда бір-бірін құрмет тұтушылығы деп түйіндеген оның ойын «Вайнах» би ансамблі іліп әкетті.
Би ансамблінің ұлттық киімде малынып шыққан жастары жалынды би лезгинканы дөңгеленте жөнелгенде бар тыңдаушы қол соқты. Қап тауындағы шапшаңдық пен ептілікті, жүректілік пен жігерлілікті айшықтайтын ырғақты би дәстүрі әр халықтың жанына жақын екендігін паш етті. Әрине, әр кавказ халқында ол өзінше көрініс алатыны белгілі. Дегенмен шаршамайтын ептілікті байқататын жарыс биі виртуозды өнерді де білдіреді. Бұдан әрі әр жүректі жаулаған «Приглашение», «Бясте» билері орындалды. Жалпы аталған орталық жанында халық билерінің ансамблі жұмыс істейді. Оған «Халықтық» деген атақ берілген және республикалық «Шабыт» байқауының лауреаты болып табылады. Осындай сындарлы кездесу барысында ұлттық өнерлерімен тәнті еткен «Вайнах» ұлттық-мәдени орталығы еліміздегі халықтар достығының шынайы бір үлгісін көрсетті.
Александр ТАСБОЛАТОВ.