Бір кездері ойыны қазақ жанкүйерлерін желпінткен «Қайрат» футбол командасының қайтадан аты жаңғырып, тамаша жеңістерге жетуін аңсап жүргендер аз емес. Ендігі жерде ұлттық футболдың айы оңынан туған күнін армандайтындардың тауы шағылмауы тиіс. Егер «Қайраттың» ойыны қаржыға тіреліп тұрса – жаңа маусымда команданың бюджеті 6 миллион АҚШ долларынан асады. Қысқасы, «Қайраттың» алаңсыз ойнауына барлық мүмкіндіктер жасалуда.
Сонымен көктемнің алғашқы күні, яғни 1 наурызда Алматы қаласының әкімдігінде «Қайрат» футбол клубына қатысты үш жақты келісім-шартқа қол қойылды. Осылайша қалалық әкімдік пен «ҚазРосГаз» ЖШС өкілдері футбол клубының бюджетіне аударылар қаржының көлемін ресми құжатпен нақтылады. Жаңа маусымда «Қайраттың» бюджеті шамамен 6 миллион АҚШ долларынан асады. Оның 700 миллион теңгесін Алматы қаласы бөлсе, «ҚазРосГаз» ЖШС 2 миллион долларды клуб шотына аударатын болды.
Сөз «Қайрат» туралы қозғалғанда мәселенің бір шеті үнемі Алматы қаласының басшыларына да барып тіреліп жататыны жасырын емес. Келісім-шарт жасасу рәсімінде сөз алған қала әкімі Ахметжан Есімов өзінің жеке сайтына «Қайратқа» қатысты сауалдар жиі келіп түсетінін атады. Футболды жақсы көретін әкімнің қаланың бас футбол командасына жеткілікті түрде көңіл бөлмейді деп есептейтін жанкүйерлер сауалына орай Есімов былай деді:
– Мен өз тарапымнан биыл қала әкімдігі «Қайратқа» көрсетер көмегін толығымен өтеді деп айта аламын. Көпшіліктің сүйіктісіне айналған команда жаңа маусымға дайын. Оның барлық қарызы өтелді. Ал биылғы жылғы клубтың қоржынына түскен қаржы айтарлықтай қомақты. Ендігі мәселе, бөлінген қаржының тиісті жеріне дер шағында жетуін қамтамасыз ету. Біз бұл істі жіті қадағалаймыз. «Қайрат» командасына ел біріншілігінде 6 орыннан төмендемеу міндетін қойып отырмыз.
Әкімнен кейін сөз кезегі тиген клубтың жаңа бас бапкері Владимир Никитенко: – Менің өмірімде «Қайраттың» орны ерекше. Бұл команда маған аса қымбат. «Қайраттың» алдағы уақытта тамаша ойын өрнегін көрсеткенін қалаймын. Біз тіпті жүлделі орындардан табылуға да бар жігерімізді салатын боламыз. Осы мақсатпен командаға тәжірибелі ойыншыларды жинап үлгердік. Дегенмен, ел біріншілігіндегі алғашқы 6 кездесудің орны бөлек. Егер бастапқы кездесулерді сәтті аяқтасақ, жүлделі орындар үшін таласа аламыз, – деді.
Жалпы, футболды сүйетін жандарға Никитенконың есімі әбден таныс. Ол КСРО чемпионатында «Қайраттың» сапында 256 ойын өткізген болатын. Оның осы жетістігі мен рекордын басқа футболшы әлі қайталай қойған жоқ.
Сонымен жаңа бапкер Түркиядағы оқу-жаттығу кездерінде қарсылас ретінде әдейі мықты командаларды таңдағанын айтып:
– Жолдастық кездесулер өте тартысты өтті. Командамыздың күшті командалармен тең дәрежеде тайталаса алатынына көз жеткіздік. Бұл жаттығулардың футболшыларымыз үшін пайдасы тиді, – деді.
Айтқандай, маусымаралық үзіліс кезінде үш рет оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Түркия еліндегі 14 жолдастық кездесудің бесеуінде басым түсіп, үшеуінде жеңіліп, қалған ойындарда тең түскен. Осы жаттығулардың нәтижесін көрсетуге «Қайраттың» қайраты жете ме? Оның жауабы алдағы күндердің еншісінде. Бас бапкерге аталмыш командада бірге теңбіл доп тепкен тәжірибелі спортшы Сергей Стукашов көмектеспек.
Қазірге алматылықтар үшін Алматы «Қайратына», кіші футбол командасына қатысты үлкен жаңалық – кезінде Пеле ойнаған, Бразилияның әйгілі «Сантос» командасымен жолдастық кездесуі деп айтуға болады. Мини-футболдан әлемнің жұлдызды командасына айналған «Сантос» командасымен қарсыласу – алматылық «Қайратқа» үлкен сын болып тұр.
Спорт саласындағы осы бір айтулы оқиғаға орай, 7 наурызда Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында баспасөз мәслихаты өтпек. Спорт саласына қалам тербейтін әріптестеріміз әлемнің екі дүркін үздік ойыншысы атанған «Сантостың» шабуылшысы Фалькаомен және осы команданың бас бапкері Фернардо Фереттимен сұхбаттаса алады. Журналистермен кездесуге кіші «Қайраттың» жетекшілері де келмек.
Ал өткен ғасырдың аты әлемге мәшһүр болған футболшысы Пеле «Сантос» пен «үлкен» футболда 18 жыл ойнаған. Бразилияның ең мықты клубтары қатарында «Сантос» командасының қазіргі көшбасшысы жоғарыда атап өткен Фалькао болып табылады.
Алматылықтар тағатсыздана күтетін бұл жолдастық кездесу қыз-келіншектердің мерекесінен кейін іле-шала, 9 наурызда өтпек.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.