Қызылорданың «Қайсары» қайратына мінгендей. Премьер-лигадан сырт қалған бір жыл Сыр бойының командасына жаңа қуат пен күш сыйлаған сияқты. Бірнеше жыл бұрын үздік төрттіктің қатарында болған клубқа төменгі лигада ойнаудың оңай емес екені де анық. Сондықтан болса керек, «Қайсар» биылғы футбол маусымына тас-түйін дайындықпен келе жатыр.
Алғашқы қадам бапкер тағайындаудан басталды. Бұған дейін жанкүйерлер арасында, «Қайсарды» украиналық бапкер Виктор Камарзаев жаттықтыратын болыпты» деген әңгіме шыққан. Дегенмен ақпарат расталмады. Бәлкім, Камарзаев Ақмешіттің аптап ыстығына келгісі келмеген шығар. Есесіне Қызылордаға Литвадан бапкер келетін болды. Есімі – Альгимантос Любанскас. Альгимантос бір кездері айдарынан жел ескен футболшы болған. Литваның «Жальгирис» командасының белді ойыншыларының бірі еді. Жетпісінші жылдар оны нағыз футболшы ретінде танытты. Ал сексенінші жылдардың басында ол бапкерлікке бой ұрды. Алдымен өзі намысын жыртқан «Жальгирис» командасын жаттықтырды. Содан соң Бангладештің «Абахамасын» қолына алды. Тоқсаныншы жылдардың басында Литваның ұлттық құрамасының тізгінін ұстады. Ұлттық құраманы ол 1995 жылға дейін баптады. Ал 2003 жылы Латфия футбол федерациясының басшылары Любанскасты құраманы жаттықтыруға қайта шақырды. Содан бес жыл бойына ол Литва құрамасын алға сүйреді.
– А.Любанскас өз қызметінде жақсы көрсеткіштермен көзге түскен. Литва құрамасының қазіргі күндері Еуропа төрінде талай азулы құрамамен терезесі тең ойнап жүргенін білеміз. Ендеше, ол «Қайсарды» да өрге сүйрейді деп ойлаймыз,– дейді «Қайсар» футбол клубы директорының орынбасары Марат Әлібеков.
Бастама жаман емес. Енді қызылордалық «Қайсардан» жанкүйерлер тек жеңіс күтеді.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.