05 Наурыз, 2011

ЖАҢА...

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
...ӨНДІРІСТІК НЫСАН ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ «Арселор Миттал Теміртау» компаниясында сұрыпты илек өндірісі үшін шаршы дайын­да­ма­ларды үздіксіз  құятын алты шүмекті мәшиненің құрылысы бұл күнде қарқын алып келеді. Құны 37,1 миллион долларды құраған бұл инвестициялық жоба металлургиялық комби­нат­тың өндірістік қуатын жылына 4 миллион тоннадан 5 миллион тонна болатқа дейін арттырып қана қоймай, сондай-ақ бола­шақ­­та Теміртауда сапалы сұрып­ты иелек-арматуралар, бұрыш­тық швеллерлер, тавролық профильдер шығаруға мүмкіндік береді. Тұтынушыларға ұсыныла­тын өнім түрлері кеңиді. Жаңа өндіріс жыл аяғында іске қосылады. Ол алдағы уа­қыт­та болат өндіруді 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге үлкен мүмкіндік береді. Айқын НЕСІПБАЙ. Теміртау. * * * ...ТРАКТОРЛАР АЛУДА Зайсан ауданының шаруа қо­жа­лықтары қажетті техникалар мен технологияны жаңартуда тың ізденістер танытуда. Атап айт­қан­да, жер иелері көрші Қытайдан ша­ғын 88 жаңа трактор сатып алды. Олар жанар майды аз тұты­на­ды. Оның үстіне, Семейде құ­рас­тырылған «МТЗ-82» тракторы­ның жетеуін бірдей сатып алған қожалық иелерінің қуанышында шек жоқ. Кеңсай, Шілікті, Сартерек және Қаратал ауылдары оннан, ал Қарабұлақ пен Айнабұлақ ауыл­дары­ның қожалықтары сегізден жаңа тракторларға ие болып отыр. Аудан әкімі Серік Зайнулдин жаңа техника аламын деушілерге жан-жақты көмек көрсетуде. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы. * * * ...ЖАБЫҚ БАЗАР АШЫЛДЫ Ақтөбе қаласының халқы жыл сайын көбейіп келеді.Соған сәй­кес халыққа сауда қызметін көр­се­тудің осы заманғы  жүйесі де кеңею­де. Жақында қалада тағы бір жаңа «Әнуар» жабық базары пайдалануға берілді. Бұрын бұл жерде ашық аспан астында сөре­лерде сауда жасалатын. Әрине, ондай жағдайда санитарлық талап­тың сақталуы екіталай еді. Базардың жалпы алаңы 1200 шаршы метр. Онда 80 сауда орны бар. Жаңа жабық базарға жылу, ыстық және суық су келіп тұр. Зертханасы, тоңазытқышы бар  ет павильоны жұмыс істейді.Балық сататын арнаулы бөлім ашылған. Кафетерий мен шағын маркет те тұтынушыларға сапа­лы қызмет көрсетеді. Жаңа сауда орны осы маңның тұрғындары­на да қолайлы, бір келгенде қа­жет­тісінің бәрін дерлік алып қайтады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.