«Сокол» автодромы» Алматы-Қарағанды сайрағының бойында салынады
Қолға алынатын «Сокол» автодром» спорттық-техникалық кешен жобасын таныстыруға арналған жиынға қатысқан облыс әкімі Серік Үмбетов құрылысшылармен бірге алдағы міндеттер жайлы әңгімеледі.
Алдағы кезде басталатын жобаға тапсырыс беруші облыс әкімдігі мен «Сокол» автодромы» спорттық-техникалық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, бағдарламаны өңірдегі туризм, спорт және дене тәрбиесі басқармасы мен «Регион Жоба» серіктестігі бірлесіп жасаған екен. «Сокол» автодромы» жобасына 40 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу көзделген. Осылайша өңірде спорттың техникалық түрлерін дамытуға арналған жаңа жобада картадром, дрэг-рейсинг жолы, шосселік-шеңбер тасжолы, дрифтингке арналған алаң, апаттық жағдайға қарсы дайындау тасжолы, сондай-ақ қонақ үй кешендері, мінбер және бүкіл кешеннің толық жұмыс істеуіне қажетті басқа да спорттық және техникалық құрылыстар салу жоспарланған.
Еліміздің, сондай-ақ жақын және алыс шет елдің спортшылары қатысатын халықаралық деңгейдегі жарыс өткізуге арналған кешен Алматы – Қарағанды көлік жолының 76-шы шақырымында орналасса, оның құрылысына 205 гектар жер телімі қажет екен. Автодром салуға таңдалған алаң ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылғандықтан, оның өтемақысын төлеу қажеттігі алға қойылды. Мәселен, жер телімі Іле ауданы аумағына қарасты болғандықтан, аудан әкімі мәселеге байланысты өтемақы төленген жағдайда кедергінің жоқтығын мәлімдеді.
Облыс әкімі Серік Үмбетов экономиканы өркендету мен жұмыссыздықтың алдын алудағы тиімді жобаларға инвестиция салатындарға қолдау көрсетілетінін айтты. Оның үстіне жетісулықтар соңғы жылдары спорттың қай түрінен болса да жоғарғы жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Демек, автодром кешені қажет.
«СТК Socol» және «Region» серіктестіктері атынан спорттық-техникалық жаңа кешен жобасы жайлы инвесторлардың көшбасшысы Дастан Ибрагимов таныстырып, жоба жайлы түсінік берді. Оның айтуынша жобаны жүзеге асыру барысында жақын маңдағы ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылатын болса, толық пайдалануға берілгенде 400 адамның тұрақты еңбек етуіне мүмкіндік бар екен.
Құрылыс ережелері мұқият сақталып, салынатын кешенде инженерлік жүйелерді дамыту жайы да қарастырылған. Қуат көзімен қамту мақсатында 630 және 1000 кВт болатын екі дербес трансформаторлар және дизельдік электрстанса орнату көзделген. Жобада басқа да тұрмысқа қажетті нәрселер анықталатыны айтылды.
Бағдарламаның орындалуын арнайы құрылатын үйлестіру кеңесі бақылап, елімізде теңдесі жоқ автодром құрылысы осылай қолға алынбақшы. Демек, жанкүйерлердің автодромдағы спортшылар өнерін тамашалауына мүмкіндік туатын кез алда деуге болады.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.