Сыртқы істер министрлігінің «Жаңа мүмкіндіктер бағдарламасы аясында» Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышевтың қатысуымен Қазақстан және Қытай арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне арналған брифинг өтті.
Кездесуде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі жағдайы және даму үрдістеріне тоқталған Шахрат Нұрышев 2017 жылы 3 қаңтарда қос мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толатынын жекізді. «Қытай – Қазақстан Тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Ширек ғасырлық уақыт ішінде екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін көтерілді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік, үкіметтік және ведомствоаралық қол қойылған шарттар мен келісімдер саны 230-ға жетті»,– деді Төтенше және өкілетті елші.
Оның айтуынша, бүгінде екі елдің президенттері және үкіметтері деңгейіндегі саяси әріптестік тұрақты әрі қалыпты. Мәселен, биылғы жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен «G20» саммитіне қатысу үшін Қытайға сапармен барды. Ал 2017 жылдың маусым айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге сапары, сондай-ақ, оның Шанхай ынтымақтастық ұйымының Саммитіне және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысуы көзделіп отыр. «Бұдан бөлек, үкімет басшыларының тұрақты кездесуінің және премьерлердің бірінші орынбасарларының деңгейінде Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің тетігі қалыптасты. Ынтымақтастық жөніндегі комитет 10 шағын комитеттен және 2 бірлескен комиссиядан тұрады», – деді Шахрат Нұрышев.
Қытай – Қазақстанның ірі сыртқы сауда әріптесі. Сондықтан, көршілес елдің Қазақстанның жалпы сауда көлеміндегі бөлігі 17 пайыздан асқан. Мәселен, 2015 жылы екіжақты сауда айналымының көлемі 10,6 млрд долларды құраған. Оның ішінде Қазақтаннан Қытайға шығарылған экспорт мөлшері - 5,5 млрд доллар, ал сол елден Қазақстанға келетін импорт - 5,1 млрд доллар. Биылғы жылдың қаңтар және маусым айларындағы көрсеткіш те жаман емес. Мәселен, осы мерзім аралығындағы екіжақты сауда айналымының мөлшері 3,65 млрд долларды көрсеткен. Оның ішінде. Қазақстан экспорты – 2,08 млрд доллар, Қазақстанға келген импорт – 1,57 млрд доллар. Елдердің көлік саласындағы ынтымақтастығы да бәсеңдемеген. Мәселен, 2015 жылы темір жол жүк айналымы 4,13 млн тоннаны құраса, 2016 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, темір жол жүк айналымы 3,93 млн тоннаға жеткен.
Соңғы жылдары қазақстандық бидайдың Қытайға жеткізілім мөлшерінің өсуі байқалған. Егер, 2013 жылы Қазақстан бидайының жеткізілім көлемі 90,9 мың тоннаны құраса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 251,1 мың тоннаға дейін жеткен. 2015 жылы қазақстандық бидайдың жеткізілім мөлшері 128,6 мың тоннаны, 2016 жылдың қаңтар-шілде айларындағы көрсеткіш – 261,6 мың тонна. Энергетика саласына келсек, 2016 жылдың қаңтар-наурыз айларында ҚХР-ға Қазақстаннан шығарылған мұнай экспорты 1,15 млн тоннаны, сондай-ақ, ҚХР-ға тасымалданған транзиттік мұнай көлемі 1,74 млн тоннаны құраған.
Шахрат Нұрышев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бойынша да әріптестік үдерісі дамып жатқанын айтты. Бірер мысал. Жыл сайын Бейжіңдегі Абай ескерткіші алдында «Абай оқулары» тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұдан бөлек, «Елбасы жолы» киноэпопеясы қытай тіліне аударылып, оның барлық сериясы Қытайдың орталық телеарнасында көрсетілген. Сонымен қатар, Бейжің, Шанхай және Далянь қалаларында Қазақстанның 3 орталығы құрылса, 2017 жылы төртінші орталықты Сиань қаласында ашу көзделіп отыр. 2015 жылы елшілік Бейжіңде Тоғызқұмалақ бойынша әлемдік федерациямен бірлесе, осы ойынның таныстырылым рәсімін өткізсе, алдағы уақытта Қытайда тоғызқұмалақ бойынша Азия чемпионатын ұймдастыру мәселесі пысықталып жатқан көрінеді. «ҚХР білім министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда көршілес елдегі біздің студенттеріміздің саны – 11764. Олардың ішіндегі 763 азамат мемлекетаралық білім алмасу бойынша, қалғандары өз қаражаттары мен муниципалдық гранттар есебінен оқуда. 2012 жылы елшіліктің қолдауымен Қытайдың қазақстандық студенттерінің қауымдастығы құрылып, бүгінде ол ойдағыдай жұмыс істеуде. Оған Қытайдың барлық өлкелері мен ірі қалаларында жұмыс істейтін студенттік бірлестіктер кіреді. Жыл сайын қазақстандық студенттердің құрылтайы өткізіледі. V құрылтай биылғы жылдың мамыр айында Чунцин қаласында ұйымдастырылды»,– деді Төтенше және өкілетті елші.
Шахрат Нұрышев Қытайдағы қандастардың өз атамекеніне оралуына бірден бір кедергі келтіріп отырған виза мәселесіне де тоқталып өтті. «Ресми ақпаратқа сүйенер болсақ, Қытайда 1,5 миллион қандасымыз, бейресми мәліметтер бойынша, 2 миллионға тарта қазақстандық азамат бар. Солардың ішінде қолдарында шетелге шығуға мүмкіндік беретін құжаттары бар адам саны 800 мыңнан асады. Поспорттық-визалық қызметке күніне кем дегенде 400-500 адам келіп, виза рәсімдейді. Қазақ қандастарымызға виза тегін беріледі. Сондай-ақ, отандастарымызға бұған дейін виза 1 жылға дейін берілсе, енді 3 жылға дейін виза беру мәселесі оң шешімін тапты», – дей келе, виза мәселесінде кездесетін өзекті мәселелер шешімін таба бастағанын жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан