Қостанайда ҚКХП-дан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің штабы құрылды. Халықтық коммунистер алдымен сайлауалды жұмыстарының жоспарын жасап қойды. Саяси науқан қарсаңында қандай жұмыстар атқаратындығы жөнінде жұртшылықты хабардар ету үшін штаб қызметкерлері жергілікті ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы облыстық комитетінің штабында 15 адам қызмет істейді. Президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбековтің облыс орталығында – 30, аудандарда 20 сенім білдірілген адамы болады. Әрине, олардың барлығы да халықшыл коммунистер. Оның сыртында «Қазақстан коммунисі» газетінің №6 санында Жамбыл Ахметбековтің өмірбаяны, ал №7 санында ол туралы кеңейтілген мақала берілді. Газеттің осы екі саны да қостанайлықтарға таратылды. Бұл саяси бәйгеге өздері қосқан үміткерді сайлаушыларға кеңірек таныстыру мақсатынан туған әрекет болатын.
Мұнан кейін штаб қызметкерлер мен сенім білдірілген адамдардың басын қосып, жиналыс өткізді. Онда сайлау алдында қандай жұмыстарға басымдық берілетіндігі және міндеттер сараланды.
– Біз Наурыз мерекесінде адамдарға сайлау күні дауыс беруге келу керектігін түсіндіреміз. Сайлауға келген әр адам кімге дауыс берсе де оның өз еркі, өзінің таңдауы біледі. Ешкімде де «сайлауға бармаймын, кім болса, ол болсын», дейтін енжарлық болмауы керек. Шындықты ту етіп ұстайтын коммунистер штабының басты мақсаты осы болмақ,–дейді Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы облыстық комитетінің екінші хатшысы, ҚКХП облыстық штабы бастығының орынбасары Зинаида Масленкова.
Қостанайдағы халықшыл коммунистер жетекшісінің айтуынша, осы партиядан президенттіктен үміткердің түсуі олардың белсенділігін арттырып отыр. Штаб қызметкерлері президенттік сайлау экономикамыздың дамып, жеріміздің өркендеуі үшін өткізілгелі отырған үлкен шараның бірі екендігін халыққа түсіндіретін болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.