02 Қараша, 2016

«Астана» ФК «Олимпиакосқа» қарсы дайындықты пысықтады

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Станимир Стойлов шәкірттері кеше «Астана-Аренада» еурокубок алдындағы дайындықтарын пысықтады, деп хабарлайды egemen.kz 24.kz - ке сілтеме жасап. Қатарынан үшінші мәрте ел чемпионы атанған «Астана» енді бар күшін Еуропа лигасына салады. Бейсенбі күні елордалық команда В тобындағы көшбасшылардың бірі «Олимпиакосты» қабылдайды. Грек командасы алғашқы кездесуде 4:1 есебімен басым түскен болатын. Өткен турда алаңнан қуылған Рохер Каньяс қарымта ойынды сырттан тамашалайды. Бас бапкердің айтуынша, жарақатына байланысты Азат Нұрғалиев пен Агим Ибраими бұл кездесуге қатыса алмайды. Қорғаушылар Марин Аничич пен Игорь Шитовтың да жарақаты бар көрінеді. Алайда футболшылар бейсенбіге дейін алаңға шығуға дайын болады деген үміт бар. "Мен «Олимпиакос» командасын жақсы білемін. Олар 12 жылдан бері Чемпиондар лигасында ойнап жүр. Грекияда олар өз деңгейін көрсетті. Біз енді өз алаңымызда қарымта қайтаруға тырысамыз. Себебі жанкүйерлердің қолдауы футболшыларға қосымша күш береді. «Олимпиакосқа» қарсы еуропалық деңгейдегі жақсы ойын үлгісін көрсетеміз деген ойдамын", - деді "Астана" ФК бас бапкері Станимир Стойлов.