02 Қараша, 2016

Баубек пен Мұқан

816 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
era_5065Еліміздегі екі таудың мен үшін орны бөлек. Ордабасы мен Ұлытаудың рухы бір, өзіндік ұқсастығы бар. Ұқсастығы – екеуі де қазақтың басы қосылуына, бірлігі мен берекесіне қызмет еткен жер. Өзім киелі Ордабасы етегінде дүниеге келгендіктен, оны мақтан етемін. Шынында, қазақтың қос қанаты секілді Ұлытау да Ордабасымдай маған ыстық, жан дүниеме қымбат екені даусыз. Ұлытау – біздің ата-бабаларымыздың сан-ғасырлық рухани қазынасына айналған, халқымыз­дың қадір тұтып, құрметтейтін қасиетті жері, киелі мекені. Осынау ұлтымыздың табысқан, елдігі үшін ұйысқан іргелі жерін, бабалар рухын биіктеткен өңірді ар-намысымдай ардақтаймын. Өзім онда табан тіремесем де, ол жердің ауасын жұтпасам да мен үшін ұлылықтың белгісіндей, Отанды сүюдің үлгісіндей Ұлытауым ұлтымдай асқақ, қазағымдай қастерлі. Көк туымдай ұлықтай білген Ұлытауымды жанымдай сүйемін. Бұл киелі жерді жақсы көруімнің тағы бір себебі бар. Бұл өлкеде қазақтың дарынды қаламгері, жалынды көсемсөз шебері Баубек Бұлқышев дүниеге келген. Иә, Баубек Бұлқышев! Бұл есім маған балаң кезден етене таныс. Есімде, 1977 жылы Келес ауданына Әлібай жездемнің үйіне қыдырып барғанымда, ол кісінің шағын кітап сөресінен бір кітап маған қатты ұнады. Сырты сарғыш қызыл бояумен берілген «Адамзатқа хат» деп аталады екен.Ішіндегі жүрекке жылылық ұялатқан эсселері, мақалалары, майданнан жазылған хаттары қатты қызықтырды. Шын мәнінде, адамға күш-қайрат, жігер береді екен. Әсіресе, сол сәт Отанды сүюге үндеген, фашизмге лағнет айтқан, тілдеген замандастарына арнаған адал тілегі, намысты жүрегі, жастық пен достық туралы ойлары жаныма нұр сәуле боп себеледі. Арманшыл, ертеңіне ұмтылған жасөспірім жеткіншек жанға өмірлік құштарлық сыйлады. Бейне бір қасыңда тұрғандай, кеудеңнен арайлы таң атқандай, саған бар сенімін артқандай күй кешеді екенсің. Әттең, ауылға қайтатын болып, кітапты аяқтай алмадым. Кітаптың өр рухының әсері болар, оны түгел оқуға асық болдым, жауынгер-жазушының мән-мағыналы сөздеріне шын ғашық болдым. Жездемнен сұрауға ұялып, үйге қайтқан соң көрші ауылдағы кітапханадан тура осы кітапты тауып алғанша шыдамсыздана іздедім. Ал тапқандағы қуанышымды айтып жеткізе алмаспын! Жинақты кеудеме қысып, жаныңа жақын, өзіңе сондай әсерлі сөздерін қайталап, көңіліме тоқимын. Шын­дығында, осы кітаппен «ауырдым» десем болғандай. Баубекпен бірге сырластым, Баубекпен бірге мұңайдым. Баубекпен бірге қуандым. Жанар­таудай атқылаған сөздеріне иілдім, иландым. Таңға дейін көз ілмей, қызыға, сүйсіне, беріле оқығаным әлі есімде... Кейін студент кезде де бұл кітап менің қолымнан түспеді. Шіркін, әрбір жанның елге, Отанға деген сағыныш, сүйіспеншілігі осындай болса ғой?! Оңашада қалғанда Баубекті парақтаймын. Оқыған сайын бойыңды баурап, жүрегіңді жаулап, өмірге деген ынтызар көңіліңді арттырып, саған өмір сыйлап, қиялыңды қанаттандыра түседі. «Өмір мен өлім туралы», «Менің өмір сүргім келеді», «Заман біздікі», «Жауыздық пен махаббат», «Шығыс ұлына хат», «Тыңда Кавказ!»... бәрінде де нағыз патриот қаламгердің жүрек лүпілін, перзенттік тынысын, дос-туысқа деген шынайы лебізін, ең бастысы, мөлдір махаббатын сезінбеу мүмкін емес! Жастық шағын соғыс жалмаған жауынгердің кек қысып, жеңіске деген жан дауысын, қиын да қысылтаяң кезеңін, басына сын түскен шағын бүкіл жұрт болып жұмылуға шақырған үндеуіндей қабылдап, оны тебіренбей, толқымай оқымау тағы мүмкін емес! Жадымда жатталып қалған мына сөздерді ұмыта алар емеспін: «Мүмкін, мен жастығымды қайыра алмаспын. Бірақ ол босқа кетпейді, інілерімнің еншісіне тиеді. Кейінгі жастар, жас інілерім, сендер бақыттысыңдар, сендер соғыс дегенді білмей өтесіңдер. Біз жастығымызды сендердің бақыттарыңның жолына құрбан еттік. Мен өмірімнің өзім үшін қымбат екенін жақсы білемін, мен дүниеге келгелі де көп болған жоқ қой. Бірақ бұл күресте сол өмірімді аямаймын да. Аяуға да қақым жоқ деп білемін. Менде ұран біреу-ақ ол... не өлім, не жеңіс». Сол сәтте аға буынның өсиетіндей, бабалардың қасиетіндей жанымның намысын оятып, отаншыл Баубекке ұқсағым келген. Нағыз соғыста жүрген жан ғана «не өлім, не жеңіс» дейді. Бейбіт күндегі жанның әр күні жеңіс екенін соғыс қасіретін көрген біледі. Сезіндірте, сендірте білген жазушы құдіретінің алдында бас идім. Міне, Отанды, өмірді сүю деген! Сондағы ойға түйгенім «Өмірді Баубекше сүю керек!». Шынында, Баубекке қарап бой түзедім. Окопта отырмасам да, түннің бір уағына дейін ойларым оның айтқан әлеміне жетеледі. Қайталанбас қолтаңбасы бар көсемсөзшінің қай тақырыбын алсаңыз да көңіліңе түрлі ой салады, алға жетелейді, жолыңа шам жағып тұрғандай. Ой болғанда да жеңімпаз, жасампаз, жадыратар шуақтар сыйлайды. Кеңестер Одағының кезі болса да әрбір сөздің астарынан тәуелсіздікті аңсаған жанды аңғару қиын емес. Әр шығармасынан еркіндіктің ерке самалын аңғарасың. Өйткені, онда Отандық рух басым, онда адамдық қасиетке ерекше мән береді. Жасқа тән жалын, әрбір күрескерге дем береді. Мұғалім болып елге оралған кезде де Баубек қолымнан түскен жоқ! Өмір тұңғиығына тереңдеп, еркін енесің. Әрбір оқыған сайын жаңа қырынан танисың, жасампаздығына таң қаласың. Өмірге, бейбіт күнге құштарлықты, тарих пен таным өлшемін ұғынасың, адамдықты, махаббатты ардақ­тауды үйренесің. Көп оқығанына, білім­ділігіне тәнті боласың. Бәрінен де адами жылылық жаныңды шарпиды. Менің деп меншіктеп алған Баубегім құрғақ ұрандаудан ада, жасандылығы жоқ, шынайылыққа толы, қайнар бұлақтай мөлдір, бәрі де жүрек тілімен жазылған, парыз бен борышқа үндейді. Кештерде, кездесулерде, диспуттарда жазушы Мұқан Иманжанов пен екеуінің достығын үлгі еттім. Достық туралы эссе жазғанымда Баубек­тің хатынан үзінді келтіргенім де есімде. Ал «Жү­ректегі жазулар» кітабым жарыққа шыққанда депутат, жорналшы Арғынбай Бекбосын ағам «Мына кітабыңның стилі Баубек Бұлқышевқа келің­кірейді екен» деді. Мен бұған қуандым! Бұл маған берілген баға деп қабылдадым. Сол «Достық – мәңгілік көктем» атты эссем сүйікті «Лениншіл жас» газетіме де жарияланды. Қараңызшы: «...АЙНАЛАЙЫН, АҚ НИЕТТІ АДАМДАР! Мынау дарқан дүниеде сендерге шаттық сыйлайтын, мейірім шапағатына бөлейтін, адамгершілік қасиетіңді арттыратын бір нәрсе бар. Ол – мерейіңді тасытып, жүрегіңде алау боп маздайтын – Достық деген құдіретті күш. Осы құдіретті күштің, сенімді сыйластықтың арқасында арман қанаты қатайып, көңіл көкжиегі кеңейіп, ізгілік нұры жарқырай түседі. Көктем – мәңгілік емес. Жауқазын шақ – жастық шақтың да кәрілікке ауысатын кезі болады. Асыл достық қана мәңгілік, жаңғырып тұрары сөзсіз. Достық суымайтын жүрек жылуы мен қуанышқа, көңіл көктеміне бөлейді. Иә, мынау жарық дүние болғалы осы киелі атты қадірлеп, асыл сезімді ардақтай білгендер қаншама десеңізші! Жазушы Мұқан Иманжанов пен қазақ әдебиеті публицистикалық жанрына өзіндік үлес қосқан Баубек Бұлқышевтың адамдық махаббаты, айнымас достықтары кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай. Сонау қанқұйлы соғыста жүріп, алыстағы досына жазған бір хатында Баубек: «...Досым, есіңде бар ма, Корчагин соғыста жараланып, ауруханаға түскенде партбилетінің арасынан «егер өле қалсам ағама білдір» деген адрес жазылған бір кішкене қағаз шығады ғой. Міне, сондай қағазды жазуға бізге де кезек келді. Аты-жөні­мізді жазып, өз бойымызды сақтау үшін әрқайсымызға кішкентай медальон берілді. Бұл минут өмірі естен шықпас-ау! Осы кезде «өлім», «өмір» деп жарыса ұшқан екі сөзді айтсаңшы! Бәрі де үнсіз тына қалған, бәрінің де жүзінен байсалды пішін, терең ой аңғарылады. Иә, достарым ойға кеткен. «Кімді жазу керек?». Біреудің әкесі ауылда, ағасы қалада деген сияқты, ең алдымен, жаманат хабарды кімге естірту керек? Бұл шынында, ойланатын минут. Жігіттер жазуға кірісті. Біреулері туған жерінің, ата-анасының адресін, екіншілері ағасының немесе сүйген жарының адресін жазып жатыр. Қысқасы, әркім ең сүйікті, ең жақын адамын жазуда. Әлден уақыттан кейін мен де жазуға кірістім. «Сол қағазды әлі сақтап жүрмін, жоғалтпай саған көрсетермін-ау». Мен кімді жазды дейсің ғой? Ең жақын, ең досым деп жазған кісім сен білмейтін біреу болды. Егер өліп кетсем сол жазған адамыма өте ауыр тиеді-ау деп те ойладым. Дегенмен, менің өлімімді біреу естігенше, әуелі сол, ең жақын адамым естісін дедім. Ол адам – адал досым еді, сен едің...» – деген еді. Міне, өлмес достық, мәңгілік махаббат!». Қаншама жастардың жүрегінен орын алған, ел сенімін ақтаған, халқына қуат берген Баубек Бұлқышев тірі болғанда бүгінде 100 жасқа толар еді. Шынында, ел басына күн туған шақта оның есімі Ұлы Отан соғысының ауыр сын сағаттарында ерекше көрінді. Кім екенін дәлелдей білді, не үшін өмір сүргенін де ақтық қаны қалғанша көрсетіп кетті. Артында өлмес із қалдырды, өшпес сәулесі сан мыңдаған адамның жүрегінде жарық боп жанып келеді. Иә, менің Баубегімнің өмірі аяқталған жоқ! Өйткені, әрбір жаңа ұрпақ келген сайын өз Баубектерімен қауышатындары қаншама?! Оның «Өмір – күресте, ... асылы, алысып өлген адамның өлімі – өмір», – деуінде негіз бар. Бала кездегі сол «Адамзатқа хат» кітабы қазір де менің қолымда! Арада отыз жылға жуық уақыт өтсе де, парақтары сарғайып кетсе де менімен бірге өмір сүріп келеді. Міне, ешқашан өлмейтін, ешкімге ұқсамайтын менің Баубегім мәңгі жасай береді! Әкім ЫСҚАҚ, қоғам қайраткері, ақын АСТАНА