Қазақстан қауымдастықтары мен кәсіпорындарының «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Мэлс Елеусізов өзінің сайлауалды штабында ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, сайлау науқаны кезінде атқарылар жұмысы туралы, оған қандай дайындықпен келгені туралы әңгімелеп берді.
Бұл жерде президенттікке кандидаттың сайлауға арналған бағдарламасын жүйелі баяндап жатудың реті жоқ болар, ол алдағы уақытта ресми түрде ақпарат құралдарында жариялатыны белгілі. Елеусізов мырзаның өзі де оған толық тоқталған жоқ, журналист қауымы өкілдерімен емін-еркін әңгіме, сұрақтарға жауап тұрғысында баяндады.
Республика жұртшылығы Мэлс Хамзаұлын табиғаттың, туған жердің жанашыры ретінде таниды. Ресми болмаса да, оны жұрт еліміздің бас экологы деп атайды. Еліміздегі бас лауазымды қызметке ұсынылған азаматқа дауыс берушілер де, ең алдымен осыны ойлайтыны анық. Тіпті алысқа бармай-ақ, осы бүгіндері оның биылғы Наурыз мерекесі күні әрбір қазақстандық болмағанда бір ағаш ексе, еліміздің біраз аумағы жасыл желекке оранар еді деген бастамасы талайлардың жүрегіне жеткен болар. Бүгінгі әңгіме барысында да экология мәселесі біраз сөз болды. Бұл мәселеге байланысты барлық билік орындарымен, қоғамдық ұйымдармен, жұртшылықпен қоян-қолтық жұмыс істейтінін айтты.
Экология көп мәселенің бірі ғана, ел президентіне жүктелер міндет сан-салалы, деді президенттікке кандидат. Ең алдымен еліміздің қуатты болуын, экономикасының қарыштап дамуын ойлауымыз керек. Басқа мәселелердің шешімі содан туындап жатады. Халықтың әлеуметтік жағдайы қашанда көңілде жүреді. Зейнеткерлерге айрықша қамқорлық қажет. Бұл ретте зейнетақы қорлары тиімді пайдаланылса, біраз мәселе шешілер еді. Денсаулық сақтауға байланысты мәселелер ұшан-теңіз. Еліміздің болашағын ойласақ, білім берудің кезек күттірмейтін мәселелерін шешуіміз керек.
Президенттікке кандидат Мэлс Елеусізовпен кездескенде аттап өтпейтін бір мәселе бар. Ол – мемлекеттік тілді меңгеру. Орысша оқып, орысшалау ортада жүрген азаматқа бұл айтарлықтай қиындау мәселе болғанын аңғарғандайсың. Осыған орай оның лингвистикалық сынақтан ойдағыдай өткеніне күмән келтіргендер де бар. Осыған байланысты сұраққа ол байыпты түрде қазақша жауап берді.
– Биыл да сынақ тапсырдым, өткен сайлауда да тапсырғанмын. Сайлаушылармен кездескенде де сынақтан өте алатын шығармын. Сөйтсе де, мемлекеттік тілді жете меңгерумен одан әрі шұғылдануым керектігін үлкен жауапкершілікпен сезінемін,– деді ол.
Президенттікке кандидатпен оның сайлауалды штабында кездесуден журналистер қауымы толғандырған сұрақтарына жауап алып, жақсы әсермен тарқасты.
Мамадияр ЖАҚЫП.
Алматы.