Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына түсетін кандидаттар есімі анықталғаны белгілі. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің Алматы облысындағы штабы құрылып, жұмысын бастады.
Штаб жетекшісі Магеррам Магеррамовпен хабарласқанымызда, облыс аудандарындағы партия ұйымдары сайлаушылар арасындағы үгіт-насихат жұмыстарына байланысты бас қосқанын атап өтті. Онда белсенді коммунистер алдағы саяси науқанның жауапкершілігіне тоқталыпты.
Сонымен қатар, президенттікке кандидаттың жұрт сеніп білдірілген адамдары анықталып, олар аудандық штабтарға бөлінген. Олардың арасында Роза Абдрахманова, Жамаладин Хахазов, Есбатыр Кулачев, тағы басқалар бар. Барлығы үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кеткен.
* * *
Орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болғанындай, Қазақстан Патриоттар партиясынан Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат болып тіркелген Ғани Қасымовтың Алматы өңіріндегі штаб жетекшісі Серік Айтқожин, Талдықорған өңірі бойынша Дәрібек Қарабасов жетекшілік жасап, алғашқы ұйымдастыру-көпшілік жұмыстары басталып кеткен.
Саяси науқанға байланысты жұмыс жоспарында мүмкіндігінше барлық елді мекендердегі халықпен кездесу белгіленген. Өңірдегі аудандық және бастауыш партия ұйымдарындағы жауапты адамдар сайлаушылар арасындағы жұмысты жандандыруға кіріскен. Мәселен, Қапшағай қаласындағы штаб жетекшісі Балтабай Нұрсейітов сайлаушылардың тізімін нақтылап, олардың арасынан үгіт-насихат топтары құрылғанын айтты. Патриоттар сайлаудың ашық және әділ болатынына сенім білдіріп, енді үгіт пойыздарын жіберу үшін соңғы әзірліктерін жалғастыруда.
* * *
Қазірдің өзінде жұртшылық сәуірдегі сайлауда кімді жақтап, дауыс беретіндерін біледі. Осындай сауал барысында Талдықорған қаласындағы Шығыс шағын ауданының тұрғыны Гүлназ Бейсембекқызымен пікірлескенімізде ол былай деді.
– Жасым 19-да. Мені туған жерімнің тамаша табиғаты сүйсіндіреді. Оның одан да әсем, жасыл желекке бөленуін, ауасының таза болуын қалаймын. Сайлау – халықтың өз таңдауын жасайтын сәті ғой. Жақында бұқаралық ақпарат құралдарынан Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркелгендер қатарында «Табиғат» экологиялық одағынан Мэлс Елеусізовтің түскенін білдім. Табиғат пен адам арасындағы тепе-теңдік бұзылғандықтан, әлемнің әр шалғайында әртүрлі келеңсіз жайлар кездесіп отыр. Бұл мені айрықша алаңдатады. Сондықтан да 3 сәуір күнгі сайлауда өз дауысымды М.Елеусізовтің кандидатурасын жақтап беретін боламын.
Жетісу жерінде биыл жақсы бастама қолға алынды. Әр елді мекен 20 мың жас көшеттер отырғызып, оның саялы баққа айналуына үлес қоспақшы. Осы сайлауда экологиялық одақты жақтап дауыс беретіндер қатары көбейетіндігіне сенемін. Өйткені, табиғат пен адам егіз ғой.
Алматы облысы.