02 Қараша, 2016

Шығыс Қазақстанда бірнеше мектептің атауы өзгерді

404 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Шығыс өңірінде ұлтымыздың ұлы тұлғалары ұлықталуда. Яғни, Үкімет Қаулысымен бірқатар мәдениет және білім беру мекемелеріне ұлт қайраткерлерінің есімдері берілді. Атап айтқанда, Риддер қаласындағы №3 орта мектепке – Дінмұхамед Қонаев, Өскемен қаласындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне – Оралхан Бөкей, №33 орта мектепке – Абай Құнанбайұлы, №1 орта мектепке – Шәкәрім Құдайбердіұлы, көпбейінді №3 мектеп-гимназиясына – Шоқан Уәлиханов, №16 орта мектепке – Зәки Ахметов, Ұлан ауданындағы Благодарное орта мектебіне – Ахмет Байтұрсынұлы, Үржар ауданындағы Крупская атындағы орта мектеп-балабақшасына Абылайхан есімдері берілді. Жаңа атауларға ауыстыру үрдісі Семей қаласы мен Күршім, Жарма, Катонқарағай, Зырян аудандарында жалғасып, ұлт қайраткерлерімен бірге өңір тарихында орны бар тұлғалардың есімдері де құрметтелді. Бұл аудандар арасында осы күнге дейін Ленин мен Киров атауымен аталып келген мектептер де бар еді. – Еліміздің даму тарихында айрықша орны бар мемлекет және қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлері есімдерінің өңіріміздегі мектептер мен басқа да мекемелерге берілуі қуантады. Мұның жас буынды елшіл, мемлекетшіл рухта тәрбиелеудегі мәні өте зор. Сондай-ақ бұл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы аясында тұрғындарымызға ерекше тарту болды, дейді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. Думан Анаш, «Егемен Қазақстан»