Сатира саңлағынан сарқыт
алғанның жарасымы, әлемнің иесі, жалғыздың жары, бақыттың киесі сендерді мерекелеріңмен құттықтай отырып, жайын жүрегіммен бәріңді тар құшағыма тарыдай сыйғызар едім. Мұндай ұлыстың ұлы күні сіздерге ағымнан жарылмай тағы отыра алмаймын. Хош, сонымен өзімнің саналы өмірімнің әр кезеңінде арулар күнін әрқилы түсінген адаммын. Мектеп табалдырығын аттаған жылымыз. Әліппедегі «Жылқы, сиыр, шошқа» деген сөздерді жазуынан гөрі суретімен жобалай сілтеп жүрген кезім болатын. Біздің сынып бойынша «екі» алушылардың жоспарын апта сайын артығымен орындайтын мені тұңғыш ұстазым – Қасым ағайдың «сыйлайтыны» сонша, дәл тұмсығының алдына отырғызып қоятын. Ол кезде, маған «Бүйенбай тақтаға шық!» деген сөз «Бүйенбай тозаққа түс» дегенмен бірдей естілетін. Ұстаз сыйлау салтымыз. Амал жоқ, тақтаға қарай сапар шегем. Тақтаны Кербаланың шөліне іліп қойғандай, ілби жеткенше миым мұздап, қара табаныма дейін терлеп, асылдым-ау барып, әйтеуір. Таңдайым кепкенмен, мұрынды бір-екі рет сырнайлата тартқаннан-ақ шәкірттің тағы да қара басып тұрғанын бірден сезетін кәнігі ұстаз «отыр» дегенді қаңтардың аязына қанша орап айтқанмен, ол маған айналайыннан артық етеді де, қуанышым қойныма сыймай, орныма жеткенше күнделікті өзіме таныс жыланкөз «екілік» дәптеріме түсіп үлгереді. Ол кездегі денемнің үштен бірі бас болатын, соған қызыға ма қайдам, ұстазым ызалы мысқылмен «ана басты ашып көрер ме еді, ішінде не бар екен?» дейді.
Сол бастың ішінде не бар, не жоғын көруге өзімнің де құмартып жүргенімді ол қайдан білсін. «Сен түбі мал болмассың» дейді күдерін үзе бастаған ұстаз. Ішімнен «ақылды мал болу үшін оқысақ оқасы жоқ екен, әзірше адам болып жүре тұрайық» деймін де бұйырған бағаға шүкірлік етіп, бет-аузым былш етпей отыра берем.
Осылайша ұстаз бен шәкірт арасындағы қырғи-қабақ майдан өрістеп тұрған күндердің бірінде Қасым ағай қыздарға «Бүгін сендердің мереке күндерің, үйлеріңе бара беріңдер, балалар, сендер қыздарды құттықтаңдар» деді. Қамшылар жақ құлағым мүкістеу еститін маған «қыздарды қытықтаңдар» болып естілді де, «ә, бәлем, ұстазым әдепсіз сөз айтып жамбасқа бір келген шығарсың, осы жолы бір жығылмасаң көрейін» деген жат ниетпен «ағай, сыныптың ішінде қытықтау ұят емес пе» деп саңқ ете қалдым. «Мына марғау не дейді?» Жұрт ду күлді. Шабуыл сәтсіз аяқталды. Ішімнен құлағымды бір сыбап алдым да, қыздарға мөлие қарадым. Менің сазға отырғанымды көзінің қиықтарымен танытып, он шақты балапан қыз сыпырылып шыға берді. Қасым ағайдың сабағынан азат болу неткен бақыт десеңізші! Қайранда қалған шабақтай қабырғамыз сөгіліп, бес-алты бала қалдық. Жылылық та, мейірім де қыздармен бірге кеткен тәрізді. «Қайта-қайта жұтсам да, қылқаның кетпес сендердің» деп Қасым ағай қаһарына мінді.
Несін жасырайын, «мен де адаммын жаралған сүйек-еттен» деп Сәбең айтпақшы, мен де махаббат шаруашылығымен біраз шұғылданған адаммын. Шүкір құдайға, аз өмірдің ішінде жеті рет ғашық болыппын. Бірақ жетеуінде де жолым болмады. Бақандай жеті қыздың біреуі менсінбеді деген естір құлаққа ұят, амал жоқ, шындықты жасыра алмайсың. Ол да бір қап түбінде жатқан алмас пышақ емес пе, ақыры тесіп шығатын. Ғашықтық деген жаман екен, күйінген күндері көзімнің жасын босаған бөтелкеге құйып жүрген кездерім де болды. Әсіресе, әлгі бір берекесіз сары қыздың күйігі батып кетті. Әкеммен баталасып айттырған бесіктегі қалыңдығым еді, кішкене күнімде өзіммен бірге ойнап жүріп бой жеткен соң, біреумен тайып бергені есіме түскенде осы күнге дейін қарақұсым шымырлайды... Атамаңыз, еркек атаулының басына ондай қасірет бермесін... Бір ғажабы: мені менсінбей кеткендердің бәрі бақытты, айдарларынан жел есіп жүріп жатыр. Соған қарағанда, әйелдер қауымы сезімталдығының үстіне көзі ашық әулие бола ма деймін. Қысқасы, әлгі жүрегімді морт мінезімнің мұзына орадым да, кейде өзім де таңғалатын ғажайып бір қимылға бастым. Бұрынғы ғашықтарыма алғашқы сөзді «біздің конституция бойынша 18 жаста үйлену керек екен деп» алдымен саяси сезімін билеп алу мақсатымен бастайтынмын-ды. Бұл жолы не айтқаным есімде жоқ, махаббатың да, ашықтығың да өзіңе ағайын дедім де, екі көзді тарс жұмып, буырқанып бұрсанып, мұздай темір құрсанып, үйлендім де алдым.
Шүкір, жаман емес, үйленген күннен бастап, отбасы шеңберіндегі азаттық қозғалысының қарапайым сарбазы болып жүріп жатырмын. Байқаймын, шығын екі жақтан да аз емес. Бірақ жеңістің төбесі әзір ешқайсымызға да көрінбейді. Кешірерсіздер, әрине, кейде өз тәжірибеме қарап, 8 наурыз – әйелдер күні дегенге сенбеймін. Бұл менің өз мейрамым сияқты болады да тұрады. Өйткені, мен осы күні әйелімнен ақша қарыз алып (обалы не керек, қанша сұрасам да бұл күні қолымды қақпайды) дүкен аралаймын да, мерекеге лайық тартуын әкелемін. Қалған тиынды санап қайтадан алып, «рахмет, Бүке» деп күле қарағанда төбем көкке жетіп, мен де ыржиям. Сонымен, қалған үш жүз елу тоғыз күннің барлық билік-еркі тағы да жұбайымның еркінде қала береді де мен таз қалпыма түсем. Төлқұжатымдағы жазуды ақтайтын күнім әрі ойланып, бері ойланып келгенде осы 8 наурыз болып шықты. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл мерекенің еркектер үшін де саяси-әлеуметтік, азаттық-экономикалық мәні зор-ау деймін баяғы.
Жақсы әйелдің қылығы
Жақсы әйелдің қылығы,
Шын асылдың сынығы.
Жақсы әйел күнмен тең,
Таусылмайтын қызуы.
Жақсы болса алғаның
Бұ дүниенің қызығы.
Жаман еркекті түзетеді,
Қыс, көктем, жаз, күз өтеді.
Бала санын үдетеді,
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Балаларын күзетеді.
Күн серігі Ай боласыз,
Көктен түскен жай боласыз.
Қысыр емген тай боласыз,
Жақсы әйелдің арқасында,
Төрт түлікке бай боласыз.
Қолыңызға құс қонады,
Жолыңызға құт қонады.
Уәдеңіз нық болады,
Айтқаныңыз
«құп» болады.
Жақсы әйелмен өміріңіз,
Аққудайын жұп болады.
* * *
Жаман әйелдің қылығы,
Шығып жатар былығы.
Ол әйелдің бұзығы,
Бұзықтыққа келгенде,
Ұзын болар «құрығы».
* * *
Жақсы еркекті жүдетеді,
Күйеуіне тілі өтеді.
Әркімді үйге түнетеді,
Жылауменен күн өтеді,
Сынауменен жыл өтеді.
Көшікбай МАҚҰЛБЕКҰЛЫ. Алматы.
Әйелдер «әлдиі»
– Сенің күйеуің екеуіңнің үйленген күндеріңді жатқа біле ме?
– Құдайға шүкір, білмейді.
– Неге «құдайға шүкір» дейсің?
– Сол білмегенінің арқасында ғой, жылына үш-төрт рет «бүгін отау құрған күніміз емес пе, отағасы-ау, ұмытып қалдың ба?» деп өзіме қайта-қайта сыйлық алғызам!
* * *
– Таяуда ғана ажырасам деп жатыр едің, айнып қалғанбысың?
– Иә.
– Не себепті?
– Кеше теледидарымыз бұзылып қалды да, күйеуіміз екеуміз түн ауғанша әңгімелесуге мәжбүр болдық. Сөйтсем, күйеуім жап-жақсы адам екен, бұрын қалайша байқамағанмын?..
* * *
– «Күйеуім алимент төлесін» деп сотқа арыз бердім.
– Төлейтін болды ма?
– Сот арызымды қабылдамады.
– Неге?
– Алимент сұрау үшін алдымен ажырасу керек екен...
* * *
– Құрбым, күйеуіңнің кешке үйге келмей қалатын күні болды ма?
– Тек, бір-ақ рет, үйленгеннен кейін бір айдан соң келмей қалды. Бірақ мен әлі де келеді деген үміттемін.
* * *
– Күйеуім мені енді сүймейді-ау деймін.
– Неғып олай деп ойлайсың?
– Үйленген күннен бастап, таңертең мен оны сүйіп оятатынмын. Ол да мені сүйіп оятатын.
– Ал қазір ше?
– Кеше үйленгенімізге тура бір жыл болған... Сол күні ол маған шырылдайтын сағат сыйлады емес пе...
Қыз-жігіт қыңқылы
Қыз бен жігіт кинотеатрда махаббат туралы фильм көріп отыр. Қыз:
– Қалай ойлайсың, бұл екеуі соңында үйлене ме?
– Әрине! Барлық кинолар осындай трагедиямен аяқталады ғой...
* * *
Бір жігіт көшеде әдемі қызбен танысады да, саяжайына ертіп келеді. Табиғат аясына келген қыз жігітке:
– Бұл жердің табиғаты керемет, ауасы таза екен. Мұны білгенде, екі баламды да ерте келер едім, – деген екен.
* * *
Бiр қыз бен бозбала саябақта құшақтасып тұрады. Бозбала:
– Қыздардың бәрі сүйіскенде көздерін жұмып тұрады, ал сен неге көзіңді жұмбайсың?
– Өткенде көзiмді жұмамын деп, ұялы телефонымды ұрлатып алғанмын...
* * *
Жігіт қызға:
– Сен сондай сұлусың, әлемде саған тең келер жан жоқ, күнім.
– Бұл не, алдын ала ойластырылған комплимент пе, әлде абайсызда айтылған шындық па?
– Жо-ға, сәтімен келген қалжың ғой.
Отбасындағы «ошаған»
Әкесі баласына ұрсып тұр:
– Қалтамдағы ақшаның жартысы қайда?
Дауға әйелі араласады:
– Балаға тиісе берме, ақшаңды, мүмкін, мен алған шығармын.
– Сен алған болсаң, қалтамда көк тиын қалмас еді ғой.
* * *
Күйеуі түнімен достарымен сілтеп, үйіне таңертең келеді.
– Әйелі:
– Сен кеше кеткеннен бүгін келіп тұрсың, білесің бе қанша кешіккеніңді? –деп сағатын көрсетіпті. Сонда күйеуі:
– Қайта мен ерте келдім ғой, кейбіреулердің әйелдері күйеулерінің алдынан сағат емес, күнтізбе алып шығады.
* * *
Әйелi үйдi басына көтерiп айқайлап жатыр:
– Оңбаған! Сұмырай! Бәрi бiттi! Билетке ақша бер, мен төркiнiме кетемiн!
Күйеуi қалтасынан суырып ақша бередi. Сонда әйелi:
– Сұмпайы! Ал керi қайтуыма ақша қайда?
***
Күйеуі әйеліне:
– Жаным, үйленгенімізге бес жыл болды, саған не сыйлайын?
– Білмеймін.
Онда онжылдыққа дейін жақсылап ойлан...
Ауылдың айтқыштары
Марат деген ініміздің мінезі шәлкес, сотқарлығы басым. Ұрттап алса, тіпті тізгін бермей кететінін де жақсы білеміз. Оның келіншегі Майра мұғалім, жоғары оқу орнында сабақ береді. Жалпы, екеуі де сөзге шешен, тілді жандар. Бір-бірінің аңғал сөйлеген кездерін аңдып отырып, «мат» қоюға тырысып жүретіндері қызық.
Мараттың ағасының үйінде қонақ болып жатқан бір күні Майра өзі де байқамай шынжырдағы иттің жанынан өте шығыпты. Оны көрген күйеуі:
– Өй, мынау қабаған иттен қорықпайды-ей! – деп жорта таңырқаған болыпты.
– Ит сенен қиын ба? – деген екен сонда Майра ойланбастан, – сенімен де қорықпай он бес жыл бірге тұрып келемін ғой...
* * *
Майраның сыныптастары 25 жылдық кездесу жасап, кеш өткізген екен. Сол кеште көбірек «жұтып» қойған Марат ұйықтап қалады. Оны әйелі сол қалпында ұялы телефонның бейнекамерасына түсіріпті де, соңынан абайсызда өшіріп алыпты.
– Амал қанша, – депті ертеңінде Майра, – сенің мас болып, қорылдап жатқаныңды шешең мен ағаңа көрсетейін деп едім, өшіп қалыпты...
– Онда тұрған не проблема бар? – деген екен сонда Марат, – ақша бер, қайта мас болайын. Сен әдемілеп тұрып тағы бір түсіріп ал!
* * *
Бір білмейтіні жоқ ағамыз әйелімен бірге қыдырып Алматыға барған екен. Ондағы дос-жарандары жылы қарсы алып, күн сайын әр үйде қонақтап жүреді. Бір күні достары «мәдени демалыс» ұйымдастырып, екеуін театрға апарыпты. Спектакль басталарда залдағы жарықтың баяу өше бастайтыны белгілі. Сол кезде бұрын мұндайды көрмеген әйелі таңырқап:
– О, ғажап! Біртіндеп қалай сөндіреді шамды? – деп сұраса керек. Сонда ағамыз:
– Ол оп-оңай, – деп түсіндірген екен, – «вилканы» розеткадан ақырындап суыра береді...
Хасен ЗАКАРИЯ, Шығыс Қазақстан облысы.