Күш атасы Қажымұқаннан кейін боз кілемде олжа салған қазақ балуандары аз болған жоқ. Солардың ішінде Әбілсейіт Айхановтың орны бөлек. Ол ХХ ғасырдың 60-жылдарында спорт дүниесін дүркіреткен айтулы тұлғалардың бірі. Ел ішінде Айханов туралы аңызға бергісіз әңгімелер бар. Бұл дегеніңіз халықтың Әбекеңді ерекше құрмет тұтатынын білдіреді. Себебі, қалың жұртшылық нағыз мықтыларды ғана мойындайды. Халық мойындаған адамның ел ішінде беделі биік болады. Осыдан 40-50 жыл бұрын балуандығымен аты шыққан Айхановты жұртшылықтың әлі күнге дейін алқалы жиындардан қалдырмай құрметтеуі, төрден орын ұсынып, алақанына салып аялауы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Өйткені Әбекең қазақтың намыс туын биік ұстады. Халық бұл жағынан оның алдында қарыз болып қалған жоқ. Елі өзіне жасалған қызметті ұлына деген құрметпен қайтарды. Себебі, жеке адам алақандағы бір тамшы су болса, халық ұшы-қиырына көз жетпейтін түпсіз дария.
Әбілсейіт Айханов бұрынғы Талдықорған облысы Сарқант ауданының тумасы. Әкесі Рүстем уақытында колхоз басқарған, елге сыйлы, айналасына ықпалды кісі болыпты. Әбілсейіті 4-5 жасқа толғанда Ұлы Отан соғысына аттанып, содан қайтпаған екен. Анасы Рахиланың, ағайын-туғандарының тәрбиесінде өскен Әбекең оқуға зерек болыпты. Әсіресе, математика, физика, тригонометрия пәндерінен алдына жан салмаған екен. Ал Алматыға оқуға барғанша күрестің әдіс-тәсілін білмек түгілі, кілемге шығып көрмепті.
– Ауылымызда дене шынықтырудан Николай Степанович Серебрянников деген мұғалім сабақ берді, – дейді Әбекең сол жылдарды еске алып. – Шашы аппақ қудай кісі болатын. «Если хочешь быть здоровым, то занимайся спортом», – деген сөзді жиі айтатын. Осы сөзді үлкен әріптермен көрнекі жерге ұран қылып жазып та қойды. Әрі-бері өткен кісінің назарын аударады. Бізге ертеңгілік бой ширату жаттығуларын Николай Степанович үйретті. Ауылдың қарадомалақтарын жиып алып, жүгіруге шығады. Өзі серке құсап топтың алдын бастап отырады. Алдына шығуға рұқсат жоқ. Содан ұстаз бастаған топ бала «Энергия» колхозын бір айналып, бір-ақ тоқтаймыз. Шау тартқанына қарамастан Серебрянников балалардан қалыспайтын. Тәртіпке мығым болатын.
Жоғарыда Әбекеңнің есепке жүйріктігін айттық. Айханов 10 сыныпта оқып жүргенде ауданнан сол сыныптың емтиханына арналған есептер келеді. Ауылдағы екі мектептің мұғалімдері жабылып, әлгілердің шешімін таба алмай қиналады. Мұғалімдер бұл есептер жоғары оқу орнының бағдарламасына арналған, 10 сыныптың кітабында жоқ деп, ауданға қайтарып жібереді. Сабақ үстінде Айым деген мұғалім әлгі есепті тақтаға жазып, шешуін іздейді. Сонда бозбала Әбілсейіт оны қиналмай шығарып, бұл хабар аудандық оқу бөліміне жетеді. Аудандағы білімге жауапты мамандар мотоциклмен кісі жіберіп, есептің дұрыс шығарылғандығын, бұл есептер оныншы сыныптың бағдарламасында бар екенін дәлелдейді. Ауыл мұғалімдері Айхановты еріксіз мойындайды.
Әбекеңнің есепке бейімі, алғырлығы шынында да таңғаларлықтай еді. Үй тапсырмасына берілген есепті таң атқанша шығарып, бет-жүзі майшамның күйесінен қап-қара болған сәттері әлі жадында. Сонымен қатар, химия пәнінен де қамшы салдырмапты. Сегізінші, тоғызыншы сыныптарда Менделеев таблицасын жатқа соққан екен. Мектеп қабырғасында жүріп математика мен физиканың қай бетінде қандай тақырып бар, қай теңдеу қай тарауға жатады, түгел жатқа біліпті. Мектепте есептен төрт деген баға алып көрмеген. Ауыл бозбаласы сегізінші, тоғызыншы, оныншы кластардың математикасы мен физикасын бастан-аяқ жатқа білсе, бұл дегеніңіз қазіргі тілмен айтқанда феномен емес пе! Адам баласына мұндай қабілет өте сирек бітеді. Айханов мектеп қабырғасында жүріп-ақ қатарынан оқ бойы озған. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды», демекші, Әбекеңнің осындай ғажап дарынымен қиырдағы ауылға сыймайтыны, уақыты келгенде туған жерден ұзап шығып, қияға қанат сермейтіні аңғарған адамға сол кезде-ақ белгілі еді.
Айханов 1957 жылы Алматыдағы дене шынықтыру институтына түсуге талап қылады. Алғашқы сынақтан бастап сәтті тапсырған Әбекең соңғы емтиханы физикадан сүрінбейтініне сенімді болатын. Өзіне сенген ол қатарластары физикаға жатпай- тұрмай дайындалып жатқанда, кітапты қолына да ұстамайды. Себебі, бәрін білетін тәрізді. Бірақ күтпеген жағдай жас Әбілсейітті біраз қиналуға мәжбүр етеді. Әлі есінде, емтихан қабылдаушы мұғалім Алматы малдәрігерлік институтынан келген апай екен. Бұл келіп билет алады. Емтихан билеті төрт сұрақтан тұрады екен. Мәссаған, бірінші сұрақ есіне түспейді, екінші, үшінші сұрақтарды да білмейді. Төртінші сұрақ есеп екен. Бірден шығарып, мұғалімнің алдына келіп отырады. Сондағы ойы, ұстаздың алдына барғанда есіме түсетін шығар деген дәме ғана. Мұғалім: «Дайынсың ба?» дейді. Бұл болса, есебін ғана шығарған. Үш сұрақтың жауабын білмейді. «Жарамады, аудиториядан шық», деді емтихан алушы апай жайымен ғана. Айханов аудиториядан сыртқа шығып, екі-үш қадам ұзамай қайта кіреді де: «Тәте, мен физикадан төрт алып көрмеген едім. Тағы бір билет алуға рұқсат етіңізші», деп қиылады. «Болмайды», дейді мұғалім. Әбілсейіт табалдырықтың көзінде тапжылмай тұра береді. Бір кезде мұғалім жібіп: «Бір билет ала ғой, бірақ бір бағаңды төмен қоямын», дейді. Қуанып кеткен Айханов билетті ала сала жауап беруге әзір екенін білдіреді. «Отырып дайындал», дейді мұғалім. «Апай, біліп тұрмын. Айтуға рұқсат етіңізші», деп табандап тұрып алады. Ақыры ұстаз келісіп, Әбілсейіт төрт сұраққа да мүдірмей жауап береді. Мұғалім риза болған кейіпте бір сұрақ қояды. Айхановтың жауабы дайын. Екінші сұрақты көлденең тартады. Абитуриент зуылдап тұр. Үшінші сұрақ. Айханов тосылмайды. «Жаңа неге осылай жауап бермедің?» деп сұрайды мұғалім. «Тәте, ондай сұрақтарды мектептің физикасынан көрмеппін», дейді Әбілсейіт саспай. Мұғалім сырықтай бозбаланың табандылығына, зеректігіне риза болып, физикадан бес қойып береді. Сөйтіп, Айханов Алматы дене шынықтыру институтының студенті атанады.
Әбекең күрестен спорттық дәрежесі болмағандықтан, шаңғы бөліміне қабылданады. Өйткені, ауылда Николай Степановичтің қол астында біраз шаңғы тепкені бар. Бір бөлмеде сегіз студент бірге жатады. Кейін қазақ спортының тұлғалы азаматтарына айналған Әбілсейіт Айханов, Аманша Ақбаев, Ғалым Жарылғапов, Серік Әбдінәлиев, Тұрсынбек Әбсембетов бір қазаннан ас ішіп, жарты нанды бөліп жейді. Кілең бұла күші бойына сыймаған бағландар. Бөлмеде іштері пысқан кезде бір-бірімен қол күрестіреді. Шаңғышы Әбілсейіттің қолдары күректей. Ешкімді шыдатпайды. Сондай алаңсыз студенттік күндердің бірінде Алматы қаласында қазақ күресінен өтетін республика біріншілігіне қала командасы жасақтала бастайды. Кілең сайдың тасындай жігіттер іріктеліп, екінші командаға ауыр салмақта белдесетін балуан табылмайды. Тағдырдың жазуымен Аргунов деген саха жігіті бапкерлерге қол күрестен дес бермейтін Әбілсейітті ұсынады. Жаттықтырушылар бірден келіседі. Күрестен еш хабары жоқ 190 сантиметр бойы бар, салмағы 74 кило тартатын Айханов шүу дегенде қарсыласын ауылдағыдай жата қалып лақтырады. Оның бұл әрекеті қазақ күресінің ережесіне қайшы келіп, төреші қарсыласының қолын көтереді. Жеңіліс басына таяқ болып тиген Әбілсейіт кілемдегі Аманжолов, Сәдуақасов деген балуандардың қимылдарына назар салады. Бұл күресте шалып жығуға болады екен. Болмаса, шалуға ұмтылған қарсыласты кейін қайырып тастауың керек. Күрестің кілтін тапқан Айханов бұл сында қола жүлдеге қол жеткізеді. Сол күні институттың күрес маманы Петр Матущак Әбілсейітке: «Ертең сағат төртте жаттығуда бол», деп тапсырма береді. Бұл – 1957 жылдың 7 қарашасында болған жағдай. Қазақстан чемпионаты қазан төңкерісінің 40 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған болатын.
Айхановтың балуандық жолы осылай басталды. Петр Матущак пен Қабден Байдосовтың шәкірті Әбілсейіт күн санап еркін күрестің әдіс-тәсіліне қаныға түсті. Алғашқы ірі жарыстарының бірі – Бакуде болған КСРО кубогы үшін бәсеке әлі көз алдында. Қарсыласы – КСРО чемпионатының жүлдегері, жастар арасында Одақ чемпионы Александр Иваницкий. Айхановтың әлі Қазақстан чемпионы болмаған кезі. Балуан ретінде разряды да жоқ. Кейін Олимпиаданың – 2, әлемнің 4 мәрте чемпионы атанған А. Иваницкий өзінің «Решающий поединок» (Мәскеу, «Физкультура и спорт», 1981 ж.) атты кітабында бұл белдесуді былай суреттейді: «Ұзын бойлы, денесінде бір қырым ет жоқ балуан сүйегіне ілініп тұрған, әлсіз адамдай әсер қалдырды; уақыт жоғалтпай тез ұтуды көздеп, аяғына ұмтылдым да, жамбастан орап кеудеге қарай тарттым; қазір аяғын босату үшін әрекет жасайды, сол кезде қақпанға түседі деп ойладым; ол болса, түк болмағандай бір аяғымен орғып жүр, онымен қоймай менің аяғымды жалғыз аяқпен орағысы келеді, осылай бір минуттай айқастық, жалғыз аяқпен қарсыласқан қазаққа түк істей алмадым; менің құрсауымнан босай сала жабайы жылқыша бір қырындап тұра қалды; ашуға мініп, еңкейе бере оң аяқтан ілгенім сол еді, қас қағымда тобығымнан ұстаған бойда жойқын күшпен аударып тастады; ...кезекті шабуылым сәтімен болып, аяғынан тартып қалғанымда Айханов кілемге отыра кетті; мен оны шалқалата жықсам деп кеудесіне міне түсіп едім, ол аударылып етпеттей жығылудың орнына ұзын қолдарымен мені жамбастан ұстап, аяғымды аспаннан келтірді».
1961 жылы Айханов КСРО құрамасы сапында Чехословакияның астанасы Прагаға ірі халықаралық жарысқа аттанады. Сол сында жеті қарсыласын таза жығып, финалға шығады. Шешуші сындағы қарсыласы чехтың әйгілі түйе балуаны Богумил Кубат. Белдесу алдында Кеңес Одағы Күрес федерациясының президенті Алексей Захарович Катулин: «Жарайсың, Айханов! Сен сенімді ақтадың», – деп ризашылығын білдірді. Катулиннің нені меңзеп тұрғанын Әбілсейіт түсінді. Ол шет елге алғаш рет шығып отыр. Ешқандай спорттық дәрежесі болмаса да әрқайсысы бір-бір мемлекеттің намысын жыртқан жеті балуанды жолда қалдырды. Богомил Кубаттың салмағы – 140 кило. Айханов 83-84 кило тартады. Кубат әлемдік сындарда бір елдің даңқын асырып, әлемге танылған атақты балуан. Ақтық айқаста жеңілсең де саған кінә тақпаймыз, дегенді Алексей Захарович тұспалдап жеткізіп отыр. Ал Әбілсейіт болса Кубатты жықсам дейді.
Сонымен төреші екеуін ортаға шақырды. Кубат аю тәрізді балпаң-балпаң басып келе жатыр. Денесі шойыннан құйылғандай. Өз-өзіне сенімді. Әбілсейіт болса, бойшаң. Аяқ-қолы сырықтай. Балуаннан гөрі жеңіл атлетке көбірек ұқсайды. Екеуінің күресі аң патшасы арыстан мен түз тағысы қасқырдың айқасына ұқсап кетті.
Қалың көрерменнің айқайынан құлақ тұнады. Жергілікті жанкүйерлер Кубаттың жеңетініне бек сенімді. Бірақ қазақ балуаны алдыртар емес. Екеуі ұзақ алысты. Бір кезде төреші Кубатты партерге салды. Айханов етпеттеген қарсыласын жуан мойын мен қолтықтан орай ұстап, аударып тастағанда кең спорт сарайына жиналған халық сілтідей тына қалды. Кубат құрсаудан шығамын деп, жанұшыра тыпырлайды. Әбілсейіт бір жарым центнер алыптың кеудесіне мініп алып, езгілеп жатыр. Чех алыбы қазақ балуанының шеңгелінен құтыла алмады. Әбілсейіт Айханов Прагадағы мыңдаған жанкүйердің көз алдында Кубаттың жауырынын кілемге тигізді. Сол сәтте Алексей Катулин жүгіріп келіп, Айхановты шынайы пейілмен құттықтаған екен.
60-жылдардың басында Минскідегі кезекті жиын үстінде Галкин деген спорт саласына қалам тартып жүрген азамат «Еркін күрестің 150 әдіс-тәсілі» атты кітабының тұсаукесер рәсімін жасайды. Сонда КСРО еркін күрес құрамасының бас бапкері Александр Михайлович Дьякин Галкинге: «Егер Айхановтың жарысы мен жаттығуын көрген болсаңыз, сіздің кітабыңызда 150 емес, 151 әдіс-айла болар еді», – деген екен. Біле-білген адамға бұл дегеніңіз Айхановты жай балуан ретінде ғана емес, творчестволық қуаты зор, әдіс-айлаға кемел тұлға ретінде мойындау. Мойындап отырған адам сол тұста әлемдегі ең мықты құраманың бас бапкері Александр Дьякин.
Мектеп қабырғасында математика мен физиканы жатқа соққан Айхановтың балуандық жолда да ешкімге ұқсамайтын өз соқпағын салғаны заңды құбылыс. Себебі, табиғатынан дарынды адамдар ғана өзі ден қойған салада жаңалық ашады. Мысалы, Әбілсейіт Айхановтың белдесу үстінде қарсыласына оң аяғын ұсынуы әлемдік күрестегі тың қадам десек, қателеспейміз. Еркін күресте балуандар көбіне қарсыласының аяғынан ілуге әрекет жасайды. Еркін күрес жарыстарын байыппен тамашалайтын болсаңыз, күресте аяқты беру – футболда өз қақпаңа пенальти ұрғызумен бірдей. Айханов небір мықты қарсыластарына аяғын ұстатып тұрып, жеңіске жеткен.
Мен күрестің қыр-сырын білетін адаммын. Ұзақ жыл КСРО құрамасының оқу-жаттығу жиынында болдым. Самбодан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына қол жеткіздім. Жалпы, күрес атаулының негізі бір. Сондықтан Айхановтың ешкімге ұқсамайтын балуандық қолтаңбасын біз, күрес мамандары жақсы түсінеміз.
1962 жылы әлем чемпионатының іріктеу сыны Алушта қаласында өтті. Сол жиында атақты Александр Медведь пен Әбілсейіт Айханов аса ауыр салмақта әлем чемпионатына бару үшін таласқа түседі. Екеуінің арасындағы айқас 12 минөтке созылады. Айханов Медведьке оң аяғын қайта-қайта ұсынады. Медведь оның аяғынан ұстамай, шегіне береді. Себебі, Айхановтың аяғын ұстау өз еркіңмен жеңілгенмен бірдей. Кілем шетінде тұрған Александр Иваницкий: «Саша, аяғын ұстама!» деп жан дауысымен айқайлайды. Ақыры, не керек, қаша күрескен Медведьті төреші төрттағанға салады. Әбекең партерде Медведьтің қабырғасын қайыстырып, қажет ұпайын молынан алады. Табан тірескен күресте де Айханов басым түседі. Бірақ АҚШ-тың Толедо қаласында болған әлем чемпионатында Кеңес Одағының намысын Медведь қорғайды. Ал Айханов Толедоға екінші нөмірлі балуан ретінде барады. Ол кезде Мәскеу қазақ секілді шағын ұлттардың спортшыларын тұсап ұстайтын. Бұл айқас туралы бізге сол тұстағы Қазақстан құрамасының бас бапкері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Петр Матущак дене шынықтыру институтында оқып жүрген кезімізде әңгімелеп берген еді.
Айханов Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында топ жарып, жүлде алған Борис Кулаев, Анатолий Албул, Савкус Дзарасов, Никола Станчев, Шота Ломидзе, Александр Иваницкий секілді саңлақтардан басым түсті. Мысалы, Олимпиаданың қола, әлемнің күміс жүлдегері Анатолий Албул әлемдегі техникалық шеберлігі ең жоғары балуандардың бірі болса, Айханов Албулды таза жықты. Олимпиада және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Борис Кулаев «әлем танкі» деген лақап атымен белгілі спортшы. Бірақ Кулаев Әбекеңнің сан қырлы әдісінің кілтін таба алмай, жеңілгенін мойындады. 1956 жылғы Олимпиада чемпионы, болгар батыры Никола Станчевті Айханов 1961 жылы тізе бүктірді. Салмағы 120 кило тартатын Олимпиада жүлдегері Дзарасовтың да 85 кило салмағы бар Айхановқа шамасы жетпегені тарихтан белгілі. Бір ғажабы, Әбілсейіт Айханов бұл мықтылардың әрқайсысын әртүрлі әдіспен жеңіпті. Бұл қазақ батырының балуандық диапазонының кеңдігін, творчестволық қуатының биіктігін байқатады. Айхановтың бір ерекшелігі қарсыластарының күшті, осал жақтарын терең таразылап, салмақтап, талдап барып кілемге шығады екен. Яғни, Айханов тек құрғақ күштің балуаны емес, оңды-солын байыптап, ақыл-ойын алға салып күресетін біртуар тұлға. Әбекең спортшы кезінде күнделік жазуға қатты мән беріпті. Күнделікке жеңген, жеңілген белдесулерін қалдырмай, тәптіштеп жазып отырады екен. Айхановтың жадының мықты екенін әңгіме басында айттық. Ол кісі әлі күнге дейін осыдан 45-50 жыл бұрынғы белдесулерін талдап, таразылап отырады. Жасы жетпістен асқан адамның жарты ғасыр бұрынғы оқиғаларды қаз-қалпында әңгімелеуі де үлгі алатын жағдай.
Әбілсейіт Айханов еркін күресте ғана олжалы болған жоқ. Моңғолдың ұлттық күресінен осы елдің небір алыптарынан басым түсіп, бас бәйге алды. Айхановтан таза жеңілген балуандардың қатарында ұлттық күрестен Моңғолияның бірнеше дүркін абсолютті чемпионы, отандастары «жығылмайтын алып» деп атаған Тувтендорждың болғанын оқырманның есіне сала кеткенді жөн көрдік. Әбілсейіттің сол сапардағы жеңісі сондағы қазақ бауырларды керемет қуанышқа бөледі. Моңғол жанкүйерлері де қазақ балуанының тамаша өнеріне сүйсініп, Айхановты құттықтау үшін кілемге шығып кеткен екен.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Айханов қазақ халқының Қажымұқан, Балуан Шолақ, Молдабай сынды алыптарының ізін басқан ерен тұлға. Алла тағала Әбілсейіт Рүстемұлына ұлтымен бірге жасауды нәсіп еткен екен. Біз осындай мықтымен замандас болдық, талай мәрте бірге дәм таттық. Ендігі арманымыз қазақтан Қажымұқан мен Әбілсейіттей күш иелері шығып, Алаш туын биікте ұстаса дейміз.
Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі.