(Триптих)
Тарихқа көз жүгіртіп қарап отырсақ, қассақтың небір қайсар қыздары, ғұндардың еланасына айналған арулары, түріктің тұрпаты бөлек жауынгер «қатындары» (ханымдары), қазақтың ұранға айналған, кие қонған небір аяулы ана, апалары болыпты-ау... Елім деп емінген, жерім деп тебінген ерлермен сын сағаттарда қатар жүріп, қанатына айналған, бала туып, ұрпағын өсірген олардың да аттары тарих қойнауынан талып-талып естіліп жатады. «Атқа мінсең ей қаған, жерді көрмейсің, таққа отырсаң ей, қаған, елді көрмейсің! Атыңды жер, тағыңды ел көтеріп тұрғанын неге білмейсің?» деп сөйлеген де біздің асыл аналарымыз. Асылы, ел болмақ – Анадан! Ел өссе де – анадан, беті аулақ, өшсе де – анадан! Сол қайсар аналар дәстүрі аяқсып кеткен жоқ па, аналар тағдырына өз дәрежесінде зер салып жүрміз бе? Толғандырған да, қолға қалам алдырған да осындай аялауға лайық аялы аналар дәстүрі, айтулы айымдар тағдыры.
1. Апа
Біз қоңсы тұрдық. Қазақша айтқанда «құдайы көрші.»
Таң шапағы рауандап атқаннан ол кісі балконға шығады. Кітап оқиды. Ойланып отырады. Біз көрші үйден Бейсекеңді арқалағандай етіп сүйемелдеп алып шығамыз. Алдын-ала дайындалған орындыққа бабымен отырғызамыз. Мәриям апай төбесінен төніп, «Бейсеке, қалайсыз?» дейді. Тілі күрмеулі Бейсекең таяғын сол қолына аударып, оң қолын көтереді. «Жақсымын» дегені. Кейде маған сыбырлағандай етіп «Мәриямға сәлем айтшы, халін білші» деп тапсырма береді. Ондайда не ақын апамыздың үйіне кіріп, Бейсекең атынан әңгімелесіп шығамын. Әйтпесе, үйдің жоғарғы қабатында отырған апайға Бейсекеңнің сұраулы сәлемін жеткіземін. Кейде жерде отырып Бейсекең Мәриям апаймен замандас жасағанын, қызметтес болғанын ықыласпен әңгімелеп естелікке ден қояды. Кейде апайдың өтінішімен үйдің жоғары қабатына көтерілемін де Мәриям апайға құлақ түремін. «Қайран Бейсекең...» деп бастап ақеден сырын айтады Мәриям апай.
Мәриям Хакімжанованың қадірін ел білді ме, жоқ па? Әйтеуір ақын қыздар ауыр тағдырлы ақын апаларының қадірін білді. Ақын қыздар жыр керуенінің басы етіп ұстады ол кісіні. Күн аралатып Тұрсынхан Әбдірахманова, Фариза Оңғарсынова, Оразгүл Нұрмағамбетова, Мағира, Сара... дегендей ақын сіңлілері үзбей келіп, әңгімелесіп кетіп жүрді. Мәриям апайдың да олар дегенде шығарға жаны бөлек. Әрқайсысын бауырынан өскен ұрпақтай әспеттеп, аялап, сыртынан қамқор болып отырғаны, жарықтық. Тірісін ғана емес, қазақтың аты мәлім ақын, қайраткер қыздарының о дүниелік болып кеткен аяулыларын да еске алып, өлең жазып, естелік айтып, жинақтарын құрастырып әлек болып жүретін. Олар жайында жанының жарымын берердей бәйек болып әңгімелеуші еді.
Шолпан Иманбаева туралы «Ол таң жұлдызы еді жанып туған...» деп бастап біраз жерге кетеді ойланып. Одан Зияш Қалауоваға келеді аяңдап. Зияш Мәриям апайдың қызындай болып қолында өскен жан. Албырт ақын, үмітті қаламгер болған. Сүйген жігіті Ұлы Отан соғысында опат болып, одан қара қағаз алған күнгі ақын трагедиясын Мәриям апай жылап отырып әңгімелер еді. Соғыстан кейін бір ұшқыш жігітке тұрмысқа шығып, бақыттың дәміне ерні жаңа тигенде бала көтеріп, босанғанда (босандырған Тайыр Жароковтың балдызы деуші еді) дәрігерлердің салғырттығынан уақтылы бақылаусыз қалып талықсып жан тапсырыпты қайран Зияш ақын! Оны да Мәриям апайдан жазып алыппын. Зияш Қалауова жайында арнайы мақала жазған сәтімде Мәриям апайдың қолынан ақын апамыздың жыр жинақтарын алып, естеліктерін рұқсатымен пайдаланып едім. Қазақтың тағы бір қызының тағдыры алдымнан шықты. Ол үшін күнделікке ден қояйын.
Наурыздың 28-і, 1992 жыл.
Мәриям Хакімжанова апайдан бір әңгіме естіген едім. Нәшіне келтіріп, адам аттарын қаладай етіп мәнерлеп айтқан әңгімесінің ұзын-ырғасы мынадай:
«Алма Оразбаева орыс нәсілді азаматқа тиген екен. Ол да революционер болыпты. Жарасымды, жақсы отбасы болса керек. Мәскеу (КПСС) бір күні Алманы Моңғолияға арнайы тапсырмамен жіберіпті. Бір жылға ма, екі жылға ма? Алманың емшекте баласы бар екен. Сол сәбиге қарар деп ауылдан сіңлісін алдырады. Емшектегі баласын байы мен сіңлісіне қалдырып, Алма Моңғолияға кете барады. Әйел адамның сыртта қайдан жағдайы болсын, жадап-жүдейді. Алайда, коммунистік тапсырма, өз бетінше тастап кете алмайды. Бас тартуға тағы болмайды.
Араға жыл, не екі жыл салып Қазақстанға оралады. Күйеуі, сіңлісі қарсы алады. Сіңлісі екіқабат. Шермиіп тұр. Күйеуі жайлап әңгіме бастайды.
– Алма, сен Моңғолияға кеткенде біз бәленше екеуміз қосылып қойдық. Енді бала күтіп отырмыз. Сен кешір!
– А-а-а – деген дауысы шығады Алманың.
Алма жынданып кетеді...
Алматыда арнайы ауруханада жатады. Арнайы пансионат (үй) бөліп, қасына дәрігер қояды. Жазылмайды. Мәриям апай барып халін біледі. Алма Мәриямды танымайды. Жүдеген. Меңіреу. Айдалаға қарап отырады. Орынсыз ха-ха-лап күледі. Бебеулеп жылайды. Бірде томсырая қалады...
Сіңлісі күйеуімен тұрып жатады. Бірақ, Алматыдан көшіп кетеді.
Қаһарлы 1937 жетеді. Орыс нәсілді күйеу – «халық жауы». Ұсталып кетеді. Қорек керек. Сіңлісі қуынып жүріп Алманы қолына алады. Зәбір көрсетсе керек.
Ақыры Шымкентте тұрып жатқанда, Оралға жайдақ мәшиненің үстіне жайғастырып аттандырып жібереді. Жолда суық боранға тап болады. Алма үсіп өледі. Зираты жоқ. Мәриям апай осы әңгімені айтып отырып жылады, ақырында тұнжырады.
Міне, осы тағдырдан повесть жазуға болар еді.»
Маған осы жайларды әңгімелеп беріп, «Сенің қолыңнан келеді. Сен бір повесть жазсайшы» деді. Солай дегенде қазақ қызына большевиктік әсіре қоғамның кері ықпалын баса айтып отырды. Ол ішіне түйіліп қалған «тас түйін» болатын. Әрине, ол кезде гендерлік саясат жоқ. Әңгімеміз бір сәт Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунист» повесіне ойысты. Бейімбет ағайдың айтары да сол ғой, құдай әйел етіп жаратқан соң – әйел-ана міндетін атқару орнына белсенді большевик болып мазаққа ұшырағанын мысқылдайды емес пе?! Ол енді бір сәт Бейімбет Майлин жайында «ағалап» отырып естелік айтып кете барды.
Жас шағында кісі максималист болады емес пе?! Кеңестік қоғам сойылын соғамын деп жүріп тағдыры тәлкекке ұшырайтын Алма Оразбаева туралы апайдың бар әңгімесін жазып алып отырып: «Жазамын, апай!» деп уәдені беріп салыппын. Әлі орындай алмай келе жатқаныма өкінемін. Мүмкін алда жазылар, мүмкін жазылмас. Тақырып аса бір психологиялық ішкі тебіреніспен жазылмаса қор болады-ау деп қорқамын. Ішкі тебіреніспен жаза аламын ба, жоқ па деп ойланамын. Деректі туынды да жазуға болар, бәлкім. Ондай жағдайда тамаша жазушы Д.Граниннің «Клавдия Вилор», «Зубр» туындылары секілді психологиялық жан тебіренісі мен асқынған ситуация һәм өмірлік философия қоспасынан келіп шығуымыз керек.
Апай бірде маған мынадай әңгіме айтты: Балконнан бақылап отырамын. Сендердің үйлеріңнен таңертең 11-лер шамасында алдымен бір орындық шығады далаға. Сосын Бейсекеңді сүйемелдеп алып шығып, әлгі орындыққа отырғызады Баян келін. Сосын үш баласы бірін алға салып, бірін көтеріп, бірін жетектеп алып шығады аулаға. Үйелмелі-сүйелмелі үш сәби атасын айналып ойнап жүреді. Мен күніге көретін осы суретке қызығамын, қарағым... Сен «Социалистік Қазақстанға» қызметке ауысқалы бар міндет Баян келінімнің мойнына ауысты-ау. Үш бала мен паралич шалды бағу қайдан оңай болсын? Сен жүрсің Бейсембайды баққан атанып... Баян келінге қиын болды. Айналайын Баян! Баянның осы тірлігінен қазақ келіндеріне ғана тән, онда да урбанизация дейсіңдер ме, әйтеуір, қазақтан да кетіп бара жатқан бір ізгілік көремін. Баян келінге сәлем айтшы, атасы жайында күнделік жаза жүрсін!.
– Менің келіншегіме қарап қалған ол не қылған ізгілік? – деп қалжыңдаймын мен.
– Әй, сендер, еркектер әйелдің қадірін білесіңдер ме? – дейді өтірік ашуланған болып. – Қазіргі заманда келін өзінің туған атасын да бақпайтын болды ғой, қарағым. Ал, біз, біз басқа едік қой. Әлде ол кезде адам иманнан тұратын ба еді?
Ол кісі ойланып кетеді. Мен апайдың өзінен естіген таныс өмірбаян соқпағына түсіп ой сорабын кешемін.
... Мәриям апай 13-14 жасында қазақы жолмен көрші ауылдың бозбаласына атастырылған тұлымшағы желбіреген қыз бала. Он бес жасында көрші ауылдың түбітиек баласына тұрмысқа шығады. Араға жыл салып қошқардай ұл береді бесігіне. Ұзамай жар қосағы да, тар кемерін кеңітіп жарыққа шыққан аяулы перзенті де көз жұмады. Кейін араға жылдар салып келін болып ұзатылған елге келіп, жастай кеткен жары мен уыздай жер қойнына тапсырған перзентін көз жасын төгіп өлеңмен еске алады:
Өткелін Ботпаншақтың өттім кесіп,
Тобылдың күміс суын жырмен есіп.
Шарқ ұрып сайрандаған қайран жерлер,
Құлазып, қу дала боп қалдың нешік?!
Ұл сүйіп, отау тіккен қонысым-ай,
Саяңда танып ем алтын бесік.
Үзіліп кірпігімнен ыстық жасым,
Егілдім өткен өмір еске түсіп.
Басайын өксігімді жәйіп қанат,
Аңсаған топырағыңды сенің құшып.
Келін боп, желек жамылып түскен жерім,
Көркіңді бір көруге келдім сенің.
Тірі жан, өлі әруақ елеңдесін,
Тигенде құлағына менің жырым.
Тіл қатпай, тебіренбей жатыр неге?
Анасын ұмытқан ба жалғыз ұлым.
Мамаңды бір иіскеші Закарияжан,
Аңсаған ана көкірек алсын тыным.
Жатқалы 24 жыл жер қойнында,
Көз нұрым, қуанышым, қызыл гүлім.
(«Ботпаншақ»)
– деп жырлайды ақын. Ауыр тағдырды ойласаң құйқа тамырың шымырлайды. ХХ ғасыр басындағы қазақ қызының ауыр тағдыры.
Одан коммунистік жас республиканың астанасына келіп, жырда бағын сынай бастап, Серғали есімді азаматпен қайта шаңырақ көтереді. Ол сәтін ақын «Бақыт қайта күлімдегендей болып еді...» деп еске алар еді екеуара әңгімеде. «Бақыт» сөзінен басталған әңгіме бірыңғай бақытсыздықтан тұратын, бірақ. Айту өз алдына, тыңдауға жүрек құлағы шымырлай дірілдеп, шыдай алмайсың. Өз өмірбаянында
: «Жас өмірім бақытсыздықпен өтті. 21 жасымда өлідей жесір қалдым. 31 жасымда (1937) тірідей жесір қалдым...» – деп ашына жазыпты-ау ақын. Айтқан сырын ақын өлеңге шегіпті:
Августың жиырма тоғызы естен кетпес,
Сол күні төккен жасым мәңгі кеппес.
Бұлбұлым бақшадағы түсті торға,
Көзден ғайып болды қолым жетпес.
Өмірдің күнгей жағы қырындады,
Жалт беріп бақыт құсым бұрылмады.
Қайғының қара торы алдымды орай,
Жан ұшырып жармассам да сырылмады,
– деп өз өлеңіне мұңын шағыпты. Өлең десең де, ақын сыры десең де жарасады. Өлеңнің өрмегі – өмірде өзі бастан кешкен жай. Тіпті ерінің ұсталған күніне дейін дәйекті, нақты.
Өзге ақындарымыз Ежовты «Ер болсаң Ежовтай бол елімдегі» деп, ол жер жастаңғыр деп қарғап, лағнет жаудырып жатты. Тағдыры да солай, қарғайтындай еді. «Ежов деген шықты бір баскесері, Қатты састырып халықты, қан нөсері...», – деп те әшкереледі
. «Кім екен жазықсыздан зар қақтырған? «Жау» деген атақ тағып, ел шаптырған. Жететін ақ-қарасына жан бар ма екен, Не сұмдық кез келгенге жұртты аттырған?!» деп өз қайғысын ел-жұрт қайғысына ұластыра жырлаған сәттері де бар. Отыз жетінші жылы (біз де дәйекті сөйлеп отырмыз) жұрт «Ұлы көсем Сталин тапсырмасын бұлжытпай орындаймыз! Жаса, жаса, Сталин – күн-көсем!» деп ұрандатып сөйлеп, дуылдатып өлең жазып жатты. Ал қайғы ішіне түсіп кетіп күйік шеккен ақын қыз Мәриям қоғамның бетін жыртты келіп, жыртты келіп.
«Өксумен өкініште өтті-ау өмір, Қайғымен қарауытып шіркін көңіл. Кешегі лапылдаған ыстық жүрек, Суыды, суықтағы бейне темір» – деп те, әйтпесе: «Жаны ашыр, мұны көрер жан бар ма екен, Жарқырап алдан атар таң бар ма екен? Ала аяқ Ежов сынды қан құмарлар, Сорлатып сонша жанды жалмар ма екен?» (1938 жылы жазылған) деп те ашынған. О, отыз жетінші жыл қазақ азаматтарына ғана емес, қазақ қыздарына да көтере алмас салмақ салды, тағдырдың ауыр жүгін арқалатты, сағын сындырды, қан жылатты. «Халық жауы» атанған ерінен теріс айналған әйелдер қаншама?! Ал Мәриям апай болса қанқасап қоғамның шын келбетін қайғылы жүрекпен дар-дар айырып жыртты. Өз қайғысын «ғаламат қоғам құрып жатырмыз» деген жалған мақтанға оранған мемлекет бойындағы қасіреттен көріп, танып, ашына жырға қосты. КСРО аспанын жеке адамға табынушылықтың асқақ ұраны жапқаны соншалық, қоғам бойындағы дертті көзді қанша бадырайтып ашқаныңызбен көре қою, көре алу – қиынның қиыны болатын. Ол насихат тасқынымен, идеология жамылғысымен мықтап тұмшаланып тасталған болатын. 1937-38 жылдардағы Мәриям апай өлеңдеріндей шыншыл нақты, затты өлең қазақ поэзиясында кем. Орайында еске түседі, жалған мақтанға құрылған жауыз мемлекетті он бес одақтас мемлекеттің ақындарына мадақтатып болған И.В.Сталин шет елден бірнеше атақты жазушыларды шақырады. «Жасампаз СССР»-ді көрсетеді. Жағдай жасайды. Осы сапардан Лион Фейхтвангер мадақ кітабын, Андре Жид мазақ кітабын жазып оралып еді. Бірі заматында орыс тіліне аударылып жарық көрді. Келесісі КСРО ыдыраған соң ғана орыс тіліне аударылды. «КСРО 1937 жылы» аталатын мазақ кітап жазған Андре Жид кейінірек Нобель сыйлығын алды. Тұмшаланған дүниеден шындықты көре білу оңай емес. 1937 жыл әңгіме болғанда қазақ жазушылары шындықты айта алмады деп жатамыз. Шындықты осындай жағдайда ашу, арши айту оңай деймісің?! Қазақ ақындары арасынан 1937 жылдың қасіретін айта білген ақынымыз Мәриям Хакімжанова! Біз ақынның жоғарыда үзінді күйінде келтірілген өлеңдерін солай бағалаймыз.
Ақында мынадай да өлең бар:
Неге келдім дүниеге,
Неге тудым жан болып,
Неге алдандым ырыяға,
Неге өлмедім қан болып.
Нені күтем сұм жалғаннан,
Не көрсетті, не көрдім?
Неге таптың сорлы анам,
Тұтқыны ғып өмірдің?..
Жинап алып кіл жетімді,
Жеткізем деп алыстым кеп.
Жасырамын бар дертімді,
Іштей еңіреп тұрамын тек.
Өлең десең де болады, өмір күнделігі десең де болады. Күнделік деп қарайықшы. Өйткені, күнделік шыншыл жанр ғой. Осындағы
«Жинап алып кіл жетімді» деген жол нені меңзейді?
Мәриям ақынның жары Серғалидың бұрынғы әйелінен бір ұл, бір қыз қалған. Ол – Атымтай мен Нұржамал. Қазір екеуі де бақилық. Жатқан жері жай болсын. Пейіште нұры шалқысын! Ерінің бұрынғы әйелден қалған екі ұлы, 83 жастағы қайын атасы, 11 жасар қайнысы, тағы бір қайнысының екі жетім баласы, өз ағасының екі жетімегі – ұзын саны 7 кісі «тірі жесір» Мәриям апайдың қолына қарап қалады. Өзі жасырмаған сырды біз жасырып қайтейік, бірі де өзінен тумаған жандар. Өзінен туған ұл сәбидей шетінеп, ол кеткен жүрек басына шер байлап! Ер болса анау – көз көрмес, құлақ естімес «итжеккенге» айдалып кете барды кебін кигендей қайырымсыз сапарға! «Торғай жаңбыр жауса – баласын қорғайды, бұршақ жауса басын қорғайды» – басын қорғар сәт! Көп әйел басына ие бола алмай, есеңгіреп кетер қасіретті сәт! Ал Мәриям апайдың ерлігі – қайғы жұта жүріп, бірде-бірі өзінен тумаған жеті бірдей жанды, жетімсіретпей – атаны атадай күтіп, баланы бауырға басып, бауырды қабатына алып, қыс – бір қысып, тағдыр қыспағы екі қысқан қиын-қыстау сәттен ашқұрсақ жүріп аман алып шықты. Жас жұтты. Тас жұтты. Жұтынды да атқа мінді. Ердің тірлігін атқарды қайран Мәриям апа! Кейін бесеуіне жоғары білім, екеуіне орта білім әпергенін қайтерсің, ұлды үйлендіріп – ұяға қондырып, қызды ұзатып – қияға аттандырғанын қайда қоямыз, жанталаса жүріп. Атанбейіл ерінен қалған «тумаған» Атымтайына туған ағасының қызын қосып, Серғали шаңырағының да отын өшірмеді, өлең отын да өшірмеді, шіркін Мәриям апам! Немере, шөбере сүйді. Немере қызының қылқаламынан үміт күтіп Фариза (Оңғарсынқызы) қызына айтып, «Ақ желкенге» суретші етіп орналастырып еді... Мәриям апай Атымтай ағай мен жеңгей туған перзентіне айналып, қандай тамаша күтіп шығарып салды бақилық сапарға! Туғаннан сала ма, тумағаннан сала ма?! Қолдарынан талай шәй іштік, талай әңгімелестік. «Білеміз, білген соң айтамыз» (Ә.Марғұлан). Жастық шағында азапты, қартайған шағында рақатты өмір кешті қанағатшыл ана. Жеңілдеу сөйлеп кеттім, білем. Ол қаншама азапты бастан кешсе де тіршілігіне тәуба дейтін, алайда кеңестік қоғамға өлердей өкпелеп, кешусіз кетті. Жайшылықта мейірбан жүрек қоғамға келгенде тасжүрек болып қатып қалған, Мәриям апай!
Ана бір жылы Қостанайға жолы түскен әдебиетші, журналист досым (маған осы триптихтың идеясын айтқан да сол қатарласым) мынандай әңгімені айтып еді. Кеңес тұсында Ыбырай Алтынсарин бейітіне ескерткіш ашылады. Сол кездің салтымен бейіт басы болса да шағын митинг ашылып, сөздер сөйленеді. Бір кезде... маңайдағы қалың қопа жақтан... шошқалар бері қарай жақындасын... Ғабең жазғандай, «надандау, топастау жаратылған жануарлар» өз бетімен салып ұрып келе жатыр ма, әлде, тіпті, біреулер сол жаққа бағыттап айдап жіберді ме кім білсін. Әйтеуір, шошқалар бейітке жақындап келіп, топтасып тұрып қалады. Сонда топ ішінен әрі қарай қайыратын немесе сөйтіңдер деуге жарайтын бір азамат шықпады-ау деп қамыға, көзіне жас ала сөйлеген екен Мәриям апай...
Сондай қоғамға қайдан іші жылысын!
Оның үйіне «темір нарком» Темірбек Жүргеновтің жары – Дәмеш Ермекова келіп, заман зұлматына ұшыраған аяулы жарларын еске алып, жылап-сықтасып алатын. Оның үйіне өз ошағынан жылу таппай жылап, ұлы Күләш (Байсейітова) келетін. Тана көзінен моншақ төгіп, мауқын басатын. Оның үйіне қазақтың маңдайына сыймай кеткен ақын қыз Зияш келіп, соғыстағы жігітін жоқтап, жылап-жылап шерін тарқататын. Мәриям апай соның біріне дос-жар, біріне апа болып – жүрегінен шуақ бөліп беріп, сабырға шақырып жұбататын.
Оның үйіне ақын інісі Сырбай мен Ғафу апалап келіп, халін біліп тұратын. Қазақтың айтулы азаматы, мәдениет қайраткері Ілияс Омаров та оған іні еді. Қайраткер азамат қатерлі дертке ұшырап ажалмен арпалысқан сәттерінде «Елімнің ардақтысы» атап оған арнап өлең де жазыпты. Өлеңі де, өлеңіне берген түсінігі де ақеден сыр дерсің бір. Біз де бір сәт құлақ түрелікші: «Қазақтың марқасқа ұлы Ілияс Омаров қатты ауырып, Москваға барып операция жасатып, үйіне келді. Бұл кезде Ілияс та, мен де Калинин көшесінде 96-шы үйде көрші тұратынбыз. Мен оны бала күнінен білемін. Үлкен жазушылардың романына арқау болған атақты Игіліктің жақын туысы. Ілиястың асырап алған әкесі Омар. Өзінің туған әкесінің аты Дәуім болатын. Игіліктің жалғыз баласы Кәдиманың алғаны Ордабай қажының Ағжан деген қызы. Одан туған Оспанның алғаны менің әкемнің немере қарындасы Әмина. Ілияс Қостанайда оқыды. Көзәйнекті сол бала кезінен киетін еді. Оқуға бара жатқанда, келе жатқанында Оспан жездем біздің үйге түсетін. Ілиясты алып келетін де, апарып салатын да Оспан болатын. Бері келгенде Ілияс мені ерекше сыйлайтын.
Қайран Ілияс қармақтай болып үйге кіргенін әйнектен көріп, еңіреп жылап отырып, осы өлеңді жазып, пошта жәшігіне салдым.
Келдің бе аман-есен, бауырласым,
Жолыңа төктім талай көздің жасын.
Ажалмен арпалысып сен жатқанда,
Тіледі тілегіңді ауылдасың.
«Жүк ауырын нар
көтерер» дегендейін,
Кеудеңнің оты қайта
дауылдасын.
Елімнің ерен туған
ардақтысы,
Өрлесін, ұзай берсін
өмір жасың!
Ақ көңіл, ақылды
жан, сабырлы жан,
Қасқайып қараушы
едің өмірге паң.
Досың түгілі, қасың
да жалған демес,
Қасиетіңді ерекше
өзіңе тән.
Сыпайы, кішіпейіл, мейірімділік,
Өзгеше өн бойыңа беретін сән.
Қосылдың үйіріңе аман келіп,
Қарағым – қайырлы таң,
Қайырлы таң!
Арада бір жеті өткенде, аман келгеніне жылқы сойып, жолдастарын, достарын шақырып қонақасы берді.
Келесі күні құдаларын, ағайындарын шақырғанда, маған өзі хабарласып: «Апай, бүгін сағат екіде біздің үйге келіңізші. Сіздерді аман көргенім үшін аз ғана уақыт бірге отырғым келеді», – деді.
Тамақтан кейін менің өлеңімді төс қалтасынан алып: «Апа! Өз үніңді сағындым. Мына маған арнаған сөзіңді өзің оқып берші», – деді.
Мен қатты тебіреніп оқып бердім. Ілияс өксіп-өксіп жылап, шаршап қалды. Аздан кейін қасыма келіп, бетімнен сүйіп алғыс айтқан еді. Аяулым!».
Қаншалық тектілік әңгімесі айтылып, шежіре шертіліп жатыр?! Ілияс Омаровтай бір кемеліміздің түп тарихынан тартып, адами ізгілікті жан иірімдеріне куәлік етіп отыр. Адам жүрегіне ізгілік құюшы періште райында көрінеді. О, Ол бір дана бейіл ана, шежірелі шерлі ақылман болатын. Алла ол кісіге ақындық сыбағаны молынан берген еді. Амал қанша, тәлкекке түскен тағдыр аударып-төңкеріп, Алла берген нәсіпті өз дәрежесінде дамытып, бойына табиғатына лайық көлкөсір поэзия жасай алмады. Балаларға жыр арнағанда жанып кетер, шағын шумақты философиялық өлеңдер жазғанда дөңгеленіп шыға келер еді. Табиғатында болған соң, сүйегіне өлең біткен соң солай болады да!
Егер Мәриям апай болмағанда «тұтастанған» «Қырымның қырық батыры» өшіп кетер еді. Бүгінге жетпес еді. Бүкіл түркі дүниесінде тұтастанған эпос жалғыз «Манас» деп ескіше сөйлеп жүрер едік. Ұлы жырау Мұрын Сеңгірбайұлы біз білгендей, жұрт сүйгендей ұлы жырау болып жетпес еді бүгінге. «Мына Бейсекең бар ғой, халық қамын көп ойлайтын кісі. Әдебиет қамын көп ойлайтын кісі. Бүгінде тілің – бір, әдебиетің – бір институт болып тұр ғой. Кезінде екеуі қосылып СССР Ғылым Академиясының қазақ филиалының бір секторы болатын. Оны Бейсекең басқарды. Қызметтес болдық. «Ұлық болсаң – кішік бол!» – дегенді біз Бейсембайға қарап танитынбыз. Көзімізбен көрдік. Таңертең қызметке келгенде сәлемін есік аузындағы еден жуушыдан бастайтын. Кісіні алаламайтын. Міне, сол Бейсембайдың жұмылдыруымен сонау түбектен Мұрын жарықтықты алдырып, үйімде бағып-қағып айлап жыр айтқызып, «Қырымның қырық батырын» жазып алып едім. Бейсембай қызметтен кетіп қалды. Кейін керек еткен кісі болмады. Архивімде жатыр еді. Енді соны Оразгүлді шақырып алып, екеулеп ежіктеп хатқа түсіріп отырмыз...», – деп еді бір барғанымда.
Бейсекең 80 жасқа толды. Қазақ әдебиеттану ғылымының арасында сексеннің сеңгіріне көтерілген тұңғыш ғалым. Мәриям Мұқанкеліні мен Мәриям Хакімжанова – қос Мәриям апай шалдың екі жағына жайғасты. Ол үлкен-кіші тойды ресторанда тойлау дәстүрге ене қоймаған кез. Оның үстіне Ресейден Қазақстанды басқаруға келген «шүрегей» Г.В.Колбиннің тапсырмасы бар: «жазушы той тойламасын!» – деген. Бейсекеңнің 80 жасынан бастап М.Базарбаев, С.Қирабаев, З.Қабдолов, Р.Бердібай, Т.Кәкішевтің 60 жылдығы өздерінің құт пәтерінде өтті. Құрқылтайдың ұясындай пәтер тарлық қылмапты сонда. Елдік мәселе ұлттық намысқа шарпылып сол шағын пәтерлерде айтылып жатты. Үлкен мәселелер айтылуы үшін үлкен мейрамханалар шарт емес екен. Мәриям апай: «Бейсеке, жылына бәленбай рет ана дүниеге барып қайтып, оралып жатасың. Осы сен менің Сәбитімді көрген жоқсың ба?» деп әзілдеп бастап еді сөзін. Бейсекең тойын басқарған Тұрсекең Кәкішұлы қонақтардың бәріне сөз беріп, ұстазы Бейсекеңе сөз беруді ұмытып кетсін...Төрде төбедей болып отырған Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Жүсіпбек Арыстановтың бірі: «Оу, Бейсекеңді тыңдамадық қой...» – деп қалғаны. Шәкірт қайта-қайта ғафу өтініп, сөз кезегін Бейсекеңе берсін. Екі Мәкеңнің ортасынан ырғалып орнынан әзер-әзер көтерілген Бейсекең: «Рахмет, халқым, маған барлық ақ тілекті жаудырдыңдар. Ризамын, бәрін де айттыңдар тілектің. Бірақ, бірақ бір тілекті ұмыттыңдар...» – деді. Деді де ырғалып біраз тұрып алды. Менің зәрем зәр түбіне кетті. Алдында ғана қоғадай жапырып отырған қонақтар ішінен дем алады. Жұрт сілтідей тынған. Сөйтті де ырғалып тұрып: «Екі Мәкем – екі жеңгем. Екеуінің бірі бүгін менің қасымда қалсын... демедіңдер ғой...» Жұрт қыран-топан. Күлкіге көмілген жұртшылық арасынан «А, қағынғыр Бейсембай!..» – деген Мәриям Мұқанкелінінің дауысы өктем шықты. «Біз де Сіздей болып қалдық қой, Бейсеке...» – деді Мәриям ақын әдемі әдібімен. «Әй, Құлбек – деді той басқарушы Тұрсекең, – әкеңді кісінетпей кемпір әперсейші, әйтпесе жеңгемізден айырылып қалатын түріміз бар ғой...» Жарықтықтардың бәрі жер басып қатар жүргенде жарасымды еді... Бүгінде ілгері-кейінді бәрі де бақилық мекеніне көшіп алды.
«Сәбит Мұқанов қайтыс болды» деген хабарды естігенде Мәриям апай есінен танып құлап қалыпты. Орайы бар. Атасын арулап көміп, алты жетімегін сүйрелеп, жетектеп жеткенде Мәриям ақынға туған ағасындай қамқор болған кеңпейіл – Сәбит Мұқанов! Сәбең шаңырағында орыстың ірі жазушысы Алексей Толстойды сол үйдің қызы бола жүріп күтіскен. 1983 жылы 2 наурыз күні М.Хакімжанованы, Т.Ахтановты (шығармасын аударған), Нығмет Қамбаров есімді азаматты бір қосып, «Ұлт әдебиетінің үлкен досы» атап телесценарий жазып, теледидарға түсіріп, сөйлеткенім бар. Телестудияда Мәриям апай Сәбең жарықтықтың үйінде қонақ болып отырған Алексей Толстойға «қазақтың бас тарту» салтын түсіндіргенін, орыс жазушысының соншалық сыйластықпен қарағанын, Мәриям апайдың жерге сүйретілген шашына қызығып, өтініш етіп мойнына орап суретке түскенін тамылжыта әңгімелеп беріп еді көрерменге. Кейін «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» аталатын естелік кітабына апайдың естелігін жаздырдым. Түн баласына шанамен «халық жаулары» Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиннің үйіне отын (сексеуіл) тасыған мейірбан қос Мәриямның бірі Хакімжанова, бірі Мұқанкеліні... Көзіміз көрді, «Осы қызды күйеуге беріп, бір шәйін ішу керек еді...» деп бір Мәриям екінші Мәриямға қазақы жолмен қалжыңдайтын. Қайынсіңлі тұтқаны. О, жарықтықтар!
Өміріне зер салып қарасаң Мәриям апайдың өмірі – өмір деп айтуға аузың ауыратын өксікке толы ащы ғұмыр.
«Неге маған қатал болды бұл тағдыр, қиындықтың арқаладым қандайын, неге менен арылмайды қайғы, дерт, тағы тиді-ау қара тасқа маңдайым...», – деп өзі айтқандай үстіңе тау құлағандай ауыр қайғы! Осыншама ауыр қайғыны жеңетін, жеңе жүріп жеңіске жететін соншама күш-қайратты қайдан тапқан қайран Мәриям апай?! Арғы атасы Кенесарының қоқан-лоққысына көнбеген Балғожа би, қазақтың тұңғыш ағартушысы – Ыбырай Алтынсарин... Демек, тек, тағы да тек. Содан соң сабыр. Сабыр – үмітті өлтірмей демеуші, өлмеген үміттің жебеушісі – Сабыр! Мәриям апай салқын парасат, ыстық жүректің адамы еді. Табиғатында үлкен ақын еді. Тағдыры тәлкекке ұшырады. Қара дауыл болып заман оны ұшырып әкетті, ұлы сел болып ағызып алып та кетті, теңіз толқынына айналып сан қақпақылдады. Ол сынбады. Соның бәрінен сабырлы ақыл, темірдей төзімнің арқасында аман шықты. Орыстың тамаша балалар ақыны Агния Бартомен қиыспас дос болған Мәриям апайдың өмір атты «абақтыдан» (Мағжан) көрген тәш-пүші орыстың ең қасіретті ақыны саналатын Анна Ахматованың бастан кешкен ауыртпашылығынан асып түспесе кем соқпас еді. Сол Ахматованың «Реквиемін» орыс ағайындар қандайлық қадір тұтып, аспандатады десеңізші! Негізінде ол поэманың да айтары Мәриям апай қаламы қозғаған 37-нің сойқаны ғой.
Тағы да бір үйіне хал сұрай кіргенімде:
Дөңгелетіп келеді өмір шіркін,
Өкінішті ой көбейді дүркін-дүркін.
Қаласың-ау жарқырап жарық дүние,
Көз жұмылып,
Тіл тоқтап қалса бір күн...
– деп өлеңдеткен. Жасы келген кісі сол бір жылдары өмір бойы ащы азап, қанды қасіретті бастан кеше жүріп жазған өлеңдері мен жазып алған байтақ халық мұрасын жинақтап асығулы еді. Өлімге де дайындық керек. Жасы ұлғайған кейбір жандардың өлмес пендедей шалқақтайтынына қайран қаласың. Өкінішті. Ал Мәриям апай өмір бойы өліммен тайталасып өмір сүрді. Ақыр аяғында «өлмек хаққа» саналы, сабырлы дайындалды.
Ол қиындық атаулының бәрін жеңіп 89 жасында бақилыққа аттанды. Ал ол көрген, ол төзген ауыртпашылық өлеңге айналып, өмірлік сабақ болып мынау тіршілікте қалды. Ұрпақты сатқындықтан, азғындықтан, қан-қасаптан сақтандырып саңқылдап тұр! Ол дүниеге таңқалмай өтті. Ал мен апайға таңқалумен келемін.
Қайран, қазақ қыздары!
Құлбек ЕРГӨБЕК, Түркістан.