Ана тілдің айбынын асырар арна «Қазақстан» болмақшы
Қуанатын, құтты болсын айтатын хабар
8 наурызда, яғни бүрсігүні Қазақ теледидарының эфирге шығып, хабар тарата бастағанына 53 жыл болады. Соның қарсаңындағы қуанышты оқиғадан жұртшылық хабардар деп ойлаймыз. Ол Елбасының республикалық БАҚ журналистерімен кездесуде айтқан ақжолтай хабары. Қыркүйек айынан бастап «Қазақстан» телеарнасының толық қазақ тілінде сөйлейтініне ел разы, жұрт бейіл. Оны редакцияға келіп түскен төмендегі хаттар анық дәлелдейді. Елбасының бір топ республикалық БАҚ журналистеріне берген сұхбатында: «Қыркүйек айынан бастап «Қазақстан» телеарнасы толық қазақ тіліне көшуі керек», деген сөздерін оқып, осыған елжірей қуана, радио мен теледидарда өткізген өмір жолымды бір шолып өттім. 1962 жылдың қараша айында конкурстан өтіп, диктор болып жұмысқа орналасып едім. Ол кезде қазақ тілінде бес-ақ минөттік жаңалықтарға орын берілетін. Оған дейін Қарағанды облыстық радиосында тілші, диктор болдым. Содан барып Алматыға шақырылдым. Сол бес минөттік хабарымыз біртіндеп көбейе келе, Кенжеболат Шалабаев төрағалық еткен телерадиокомитет кезінде әуелі он минөтке, одан он бес, содан кейін жиырма минөтке көтерілді. Осылай бәрі жұмыс барысындағы, әрбір лездемедегі күреспен келді. Эфирдегі қазақ тілінің көкжиегі сөйтіп кеңіген. Мультфильмдерді және көркем фильмдерді қазақшаға аударудың бісмілләсі де сол кезде басталған болатын. Жетпісінші жылдарда қазақ тілінің қолданыс аясын осы Кенжеболат ағамыз аз да болса бір жүйеге келтіргендей еді. Сол кездегі 40-45 пайыз болған қазақшамызды кейінгі басшылар 50 пайыздық деңгейге алып келді. 50 де 50 деген бұлжымас қағида бар болатын. Енді дәл осы шақта Құдайға шүкір дейміз. Егемендігіміздің қадір-қасиеті тіліміздің мерей-мәртебесін көтеріп өрлеткенін көзбен көрудеміз. Өз алдыңа ел болғасын, дербес мемлекет болғасын қазақ тілі бас телеарнамызда 100 пайыз болды дегенге кім қуанбайды?! Кімнің жүрегі тебіреніп қозғалмайды?! Мен қазақпын дегеннің бәрі Президенттің аузынан осы сүйінші хабар айтылғанын біле сала, қазір керемет көңіл-күй құшағында. Бұл үшін мың да бір алғыс. Кейде 50 де 50 дегеннің іс жүзінде жай сөз болып қалып жүргеніне ренжуші едік. «КТК», басқаны алып қарасаңыз да, қазақ тіліндегі хабарларды түнде беріп, құр уақытты толтырдық деп мәз болды, халықты сөйтіп алдаусыратты. Әйтпесе, түнгі сағат 1-2-ден кейін теледидарды кім көреді, кім тыңдайды? Ертең ерте тұрып жұмысына бармай ма? Әрине, ұлттық теледидар арнасы болғаннан кейін қазақ тілі, мемлекеттік тіл 100 пайыз болғанға не жетсін. Тіліміз де өркендейді, қазақ тілді журналистердің өресі де, өлшемі де өседі, саны да көбейеді, сонымен бірге сапасы да арта түседі емес пе. Кеудесі биік, жүздері жарқын жүріп, ешкімге жалтақтамай, жаутаңкөз болмай, ұлт мұратына қызмет етеді. Әлбетте, Елбасы пәрменімен қазақ тілінде 100 пайыздық хабар тарату үлкен жауапкершілік жүктейді. Теледидар журналисінің тілі халық тілінен нәр алып, ойға бай болуы тиіс. Тележүргізуші шеберлігін шынайы ізденіспен меңгерген абзал. Қызықты хабарлар, экран алдындағы тартымдылық, жылы шырай басқа арнаға бас бұрғызбай, мыңдаған көрерменді өзіне баурап бұрып алуы ләзім. Мен радио және теледидар саласында 41 жыл үзіліссіз жұмыс істеген адаммын. Енді қазақ тіліндегі хабар 100 пайыз болған күнге жеткенім үшін өзімді бақытты санаймын. Өмірімнің мәні молығып, мақсаты орындалды деп білемін. Бұл өте керек нәрсе. Соны Елбасы тап басып көре білген. Өйткені, радио мен теледидар халқымыздың айнасы ғой. Олай болса, сол айнадан алдағы уақытта ана тіліміздің 100 пайыз жарқырап көрінетіндігі баршамызға құтты болсын демекпін! Ласкер СЕЙІТОВ, Қазақ теледидарының бұрынғы дикторы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Мұратқа жетер күн жақын Наурыз айы – жаңалықтың, жақсылықтың жаршысы екеніне тағы да көзіміз жетті. Аллаға шүкір, жасы үлкен ағаларымыздан бастап ізбасарлары біз де армандаған мұратқа жететін болдық-ау деп қуанудамыз. Ол Елбасының осы айдың басында бір топ журналистермен болған кездесудегі мәлімдемесі ұлттық телеарнаны шынайы ұлттық дәрежеге көтеруі, яғни тек қана ана тілімізде сөйлеп, болған жәйттерді баяндау қазақ тілінде болатыны. Қуанатын себебім де жоқ емес. Мен теледидарға әскер қатарынан келген бойда жұмысқа орналастым. Ол заманда бүгінгідей техника да, мүмкіндіктер де жоқ болатын. Соған қарамастан теледидар қызметкерлері ынта-жігермен жақсы хабарлар жасауға тырысты. Көбіне кедергі болатыны техника жағындағылардың дені, 99 пайыздан астамы басқа ұлттың өкілдері болатын, сондықтан түсініспеушіліктер де кездесіп тұратын. Дегенмен, қазақ теледидарында өз қолтаңбаларын қалдырған мықты аға буын журналистер де жоқ емес-ті. Әсіресе, Айдос Абылайұлы басшылық еткен жылдары қазақ журналистерінің өресі өсіп, көптеген жақсы дүниелерді өмірге әкелді. Олар Сәңгерей Тәжіғұлов, Совет Масғұтов, Сұлтан Оразалинов, Жарылқасын Нұсқабаев, Бексұлтан Сариев, Тұңғышбай Смағұлов, Дүйсен Шегебаев, Сабыр Өтепбергенов сияқты журналистер мен режиссерлер Сәлима Естемесова, Шырын Османова, Света Есмұратова, Сара Жәмиева, дыбыс режиссерлері Құныпия Мусин, Куртван Решетов, Болат Мәженов болса, дикторлар Мәриям Айымбетова, Айман Ақшалова да қазақ тіліндегі хабарлардың тартымды да жақсы шығуына өз үлестерін қосты. Радио мен теледидардың тілді дамыту мен ұлттық мінезді қалыптастырудағы рөлі айтпаса да түсінікті болар. Мен өзімнің есімнен кетпейтін бір оқиғаны айтқым келіп отыр. Ол 1973 жылы қазіргі Астанада болған жәйт. Миллиард пұт астық береміз деп айды аспанға шығарып жүрген кез. Біз көшпелі редакция: Сәңгерей Тәжіғұлов, режиссер Мэлс Байсамбаев, оператор Павел Скороходов, жүргізуші Владимир Попов және мен таңғы бестен Қорғалжын ауданынан біраз сюжеттер түсіруге аттандық. Содан кешкі сағат алтылардан аса қалаға келсек, Целиноград обкомының бірінші хатшысы Кручина шақырып жатыр, тез келіңдер деп зіркілдейді телефонның арғы жағынан біреу. Амал жоқ, Сәңгерей аға екеуміз обкомға келдік. Сөйтсек, онда «Правда», «Труд», «Известия» газеттерінің тілшілері отыр екен. Бізді көре сала орыстың бейпіл сөзімен сыбап алып, «Ей, казахи, где вас черти носят?»– дегені. Сәңгерей ағай жұлып алғандай: «Оу, орыс ағайындар» деп оның сөзін бұлжытпай қайтарып айтқанда, анау кісі, Брежневтің досы, сасып қалды. Ешкім бетіне қарсы келе алмайтын адамға анадай сөз айту – көзсіз ерлік! Жан-жаққа қарап, еріксіз ыржиып, одан әрі бізбен жылы сөйлесе бастады. Бұл әңгімені айтып отырған себебім, ол заманда өз тіліңде сөйлесең бәрі сөгетін, көпшілік содан басылып қалған болатын. Ал мынадай қайсар ағаларымыздан тәлім-тәрбие алып өскен біздер де ешкімге есемізді жібермедік. Әйтсе де сол заманның әсерінен әлі күнге бұға беретін замандастарыма қазақ тілді арна еркін өскен көшпенділер рухы мен мінезін оятатынына кәміл сенемін. Сол үшін де ең бірінші рахметімді Тәуелсіздігімізге айтқым келеді. Тыныс ӨТЕБАЕВ, Қазақ теледидарының ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі. Ертөстігім бір төбе... «Кемелденген» Кеңес өкіметінің тұсында «Рекорд» деп аталатын кішкентай ғана теледидарға зар боп отыратын қазақтардың үйінен қазір «LG», «SAMSUNG» деп басталатын шетелдік «жәшіктердің» бірнешеуін көресіз. Холынан, жұмыс кабинеті мен жатын бөлмесінен және асханасынан дегендей бәрі жарыса «сайрап» жатады. Тегеурінді тәуелсіздік, тұрақты экономикалық даму, ел бірлігін ойлаған дана басшылық теледидарлармен бірге, әлбетте, телеарналарды да көбейтті. Қазақ КСР-індегі ең алғашқы телеарна болып табылатын «Қазақстанның» сапына еліміз тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде «Хабар», «Caspionet», «Ел арна», «КТК», «НТК», «Астана», «Алматы», «31 канал», «7 канал» сияқты көптеген телеарналарды қосты. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еліміздің экономикасын, ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін, тарихы мен салт-дәстүрін дамытуға еңбектенуде. Өткен жылы «Балапан» телеарнасы тұсауын кесіп, ол да бүлдіршіндерді бір қуантып тастады. Діни-танымдық тұрғыда дүниеге келген «Асыл арна» телеарнасы да ел-жұртты, ағайын-бауырды хал-хадерінше имандылыққа тәрбиелеп жатыр. Қысқартып айтқанда, елдегі электронды БАҚ саласында көптеген ілгерілеу бар. Бірақ, өкінішке қарай, еліміздің экономикалық әлеуеті нығайып, бақуатты қазақ шаңырақтары көбейгенімен, мемлекеттік тілде тәулік бойы хабар тарататын бір мемлекеттік телеарнаның болмауы адамды еріксіз ойландыратын. Міне, осы тұрғыдан алғанда «Қазақстан» телеарнасының биылғы қыркүйек айынан бастап тәулік бойы тек қана қазақ тілінде хабар тарата бастайтынын естіп, қатты қуанып қалдым. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, тірегі мықты, татулығы шынайы болып, еліміздің экономикасы мен мәдениеті қазіргіден де дамып, әлемдік өркениеттің биік шыңына қарай батыл қадам баса берсе, мұндай телеарналар саны да жылдан-жылға көбейе бермек деп сенемін. Ал «Ертөстігім бір төбе» дегендей, «Қазақстан» телеарнасының тәуелсіздік тарихындағы алар орны ерекше деп санаймын. Пернебек ОСПАНОВ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Жамбыл облысы. Тараз қаласы.