Елордадағы «Өркен» бизнес-орталығында құрамына этномәдени бірлестіктер мен ұйымдардың, ғылыми және шығармашыл интеллигенцияның, сондай-ақ жастар өкілдері кірген бастамашы топтың жиыны өтті. «Біз – Қазақстан халқымыз» деген атпен ұйымдастырылған кездесу Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауында Н.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау үшін жалпыреспубликалық акцияны өткізуге арналды.
«Қазақстан украиндары радасы» бірлестігінің төрағасы Юрий Тимошенко өзінің сөзінде аталған акцияны өткізу жөніндегі үндеуін оқып берді. «Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын өткізу туралы бастаманы ұсыну арқылы президенттік өкілеттігін 2 жыл мерзімге саналы түрде қысқартты, ал бұл оның саяси шешімдерінің қайталанбастығы мен жоғары деңгейін көрсетіп берді»,– деді Ю.Тимошенко.– Республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер өкілдері, ғылым мен өнер саласында жүрген азаматтар, жастар сайлаудың Қазақстанның болашағы үшін маңызын және сол саяси науқан алдындағы өздерінің жауапкершіліктерін түсіне отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдайды деп ойлаймыз. «Біз – Қазақстан халқымыз» ұғымы тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған және экономикалық өрлеу мен әлеуметтік ілгерілеуге негізделген дербес, демократиялық мемлекет құру мақсатындағы халықтың күш-жігерін білдіреді. Сондай-ақ, ол ғасырлық арман, ортақ құндылық – тәуелсіздікке қол жеткізуде қарға тамырлы қазақ жерінде қоныстанған халықтың бірлігін бейнелейді».
Басқосу кезінде «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Салман Героевке сөз кезегі тиді. Ол аталған акцияның «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның негізінде жүргізіліп жатқанын, бұл ретте сайлау қорларын құрмаған азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер қаржылай қолдауды қажет етпейтін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге құқылы екендіктерін атап өтті. «Бұл акцияның негізгі өзегі – Қазақстан халқының бейбітшілікке негізделген достық керуені деген ұғымға саяды. Бұл «керуен» еліміздің барлық облыстарынан өтеді. Акция аясында сайлауалды жиындар мен кездесулер, қоғамдық пікірталастар мен пікірсайыстар ұйымдастырылады»,– деді С. Героев.
Басқосу соңында оған қатысушылар жиналған қауымды ел ішіндегі саяси науқанның барлық заң нормалары мен халықаралық сайлау стандарттарына сай өтуіне күш салуға шақырды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.