Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, биология ғылымдарының докторы София Сағындықованың есімі тек Қазақстанға ғана емес, шет жұрттың ғылыми ортасына да жақсы таныс. Ол – қазақтың ұлттық сусынының бірі – шұбаттың құнарлылығын қызылша шырынымен байыту жөніндегі ғылыми жаңалық ашқан микробиолог ғалым. Осы салада 58 ғылыми-зерттеу жұмысы бар. Әр ғылыми жаңалығы үшін патент алғанын да айтқан жөн.
София Зұлқарнайқызының айтуынша, мектепті бітірген соң Хадиша апайы әр тақырыпты қызықты етіп өткізетін биологияға аңсары ауа берген көрінеді. Институтты үздік бітірісімен оқытушылыққа қалдырылып, ғылымға түпкілікті бет бұрыпты. Арада 3-4 жыл өткеннен кейін сол кездегі КазГУ-дің аспирантурасына қабылданған. Кездейсоқ кездескен Дина Абултаева апасы қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы микробиолог Майя Шығаевамен таныстырыпты. Міне, осы академик ғалым София Сағындықованың микробиология саласындағы ғылыми сүрлеуінің тұсауын кесіп берді.
Ғалымның көп еңбектерінің арасынан отандық ғылым үшін шұбаттың құнарлылығын қызылша шырынымен байыту жөніндегі жобасының маңызы айрықша деуге болады. “Себебі, дейді ғалым, шұбатты өздігінен ашытқанда, оның құрамында ауадан, түйе желінінен, ыдыстан түсетін түрлі микроорганизмдер кездесетіні дау тудырмас. Сол микроорганизмдерге сүт қоректік орта болады да, олар тез жетіледі. Кей адамдардың шұбат асқазанға жақпады, не ішегімізді қатырды деуі ішек таяқшаларының әсерінен болып жатады. Демек, шұбат құрамындағы бөгде микроорганизмдер адам ағзасына жақпайды. Шұбаттың тым майлылығы адамның іш қатуына себепші болады. Ал мұны болдырмау, яғни шұбатты тосын микроорганизмдерден тазалау үшін Майя апай екеуміз “СОФМАЙЯ” деп аталатын шұбат пен қызылша шырынын араластырумен ашытылған сусынды дайындап шығардық. Бұл сусынды дайындау барысында шұбатты қызылша шырынын қосу арқылы ашыттық”.
Бұл әрине, оп-оңай іске асырылған ғылыми жоба емес. Оның нәтижелі әрі, сәтті болуы үшін талай зерттеулер жасалды, талай сынамалар алынды. Әр өңірде, әсіресе, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Атырау облыстарында өңдірілетін шұбат құрамындағы сүт қышқылы бактерияларына зерттеу жүргізілді. Ғалымның зерттеуінде мынаған баса назар аударылды. Яғни, шұбат ашытуда арнайы белгісі бар сүт қышқылы бактериясы мен ашытқы саңырауқұлағының штамдары қосылып дайындалған. София Зұлқарнайқызының айтуынша, штамморфологиялық және биологиялық қасиеттері негізінде бірдей бір түрге жататын микроорганизмдер культурасы. Ұлттық сусын – шұбатты дәл осы тәсілмен ашытудың маңыздылығы сол, адам ағзасына келіп түсетін тағамдарды қорытуға, сонымен бірге, адамның иммунитетін көтеруге септігі орасан мол.
– Қызылша шырынында темір, флорий қышқылының болуы, қызыл қан түйіншіктері – эритроциттердің пайда болуы жеделдейді, бұлшық еттерге оттегінің тасымалдануын жақсартады. Жалпы, қызылшаның адам ағзасына пайдасы көп. Мәселен, қызылша шырынын ұдайы қолдану нәтижесінде, атеросклероздың бастапқы сатысында есте сақтау қабілеті жақсарады. Қызылша шырынында магнийдің көп мөлшерде кездесуінің жүйке ауруына, әсіресе, ұйқы бұзылғанда, тосыннан жүйке жүйесіне ауыртпалық түскенде пайдасы көбірек тиеді. Қан тамырларын кеңейтіп, гипертонияға тиімді әсерін беретін табиғи дәрумен ретінде есептеледі, – дейді микробиолог. Осы шырынның қатерлі ісік ауруларына қарсы тұру қабілеті жөнінде зерттеулер бар. Бұл осы ауруды емдейді деу емес, қызылша шырынын тамақ рационына жиі қосу арқылы аурудан сақтандырумен қатар, ағзадағы холестерин мен улы заттарды азайтуға әбден болады.
“СОФМАЙЯНЫҢ” авторы қызылша шырынын табиғи күйінде ішу мүмкін еместігін айтады. Өйткені, бұл шырын дәмсіз. Сол себептен, оны шұбатқа қосудың тиімділігіне ғылыми тұрғыдан зерттеу жүргізіп, ғылыми түйін жасады. “Шұбат пен қызылша шырыны бір-бірінің құнарлылығын толықтырып, адам ағзасына сіңімділігі артады. Мақсат – экологиялық таза шұбат сусынын шығару. Шұбатты ұзақ мерзімде сақтаудың жолдары жайында да зерттеулеріміз бар” дейді ғалым. Ол “СОФМАЙЯ” сусыны үшін 2006 жылы ислам елдерінің ғылымы мен білімінің, мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне қолдау білдіретін ISESCO халықаралық ұйымының алтын медалін, оған қоса 5000 АҚШ доллары мөлшеріндегі сыйақысын жеңіп алды. Микробиолог-ғалым ғылымдағы жетістігін мұнымен шектегісі жоқ. Сүт қышқылы бактерияларын енді балықтың турамасында (фарш) қолдануды бастады. Қазір Білім және ғылым министрлігінің ғылыми гранты бойынша “Балық өнімдерінің сапасын жақсарту және тұрақтандырудың микробиологиялық негіздері” деп аталатын ғылыми жобаға жетекшілік ететін биология ғылымдарының докторы, профессор София Сағындықованың микробиология саласында әлі талай ғылыми жаңалықтарды ашары даусыз.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.