06 Наурыз, 2011

Компьютер алдында

1154 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазіргі заманда өмірімізді ком­пьютерсіз елестету әсте мүм­кін емес. Дегенмен компьютер алдында неғұрлым көп отырған сайын көзіміздің қызарып, шар­шағанын байқаймыз. Иә, компьютер алдында ұзақ отыру көзге көп салмақ түсіріп, көз­дің көру қабілетін әлсіретеді, бұрынғы созылмалы дерттерді қоз­дырады. Бұл жағдай көз дә­рігерлерін айтарлықтай алаң­да­тып отырған басты мәселелердің бірі, оны ғылымда компьютерлік көз синдромы деп атайды. Егер кімде-кім компьютер ал­дында ұзақ отыратын болса һәм көз шаршауының белгілерін бай­қаса, уақытты созбалақтамай маман дәрігерге көрінгені абзал. Ал ол қандай белгілер? Атап айтқанда: көз қызарса, құм түскендей әсер пайда болса, тез шаршап та­латын болса, жарыққа қара­ғанда тітіркенсе, жиі жасау­райтын болса, бас ауырса, көздің айналасы талып, құр­ғап, ашыса, кондиционер қо­сылған бөлмеде көздегі жай­сыздық ұлғая түссе. Абзалында, көз гигиенасын сақтау үшін жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру қажет. Айталық, ол мынадай шарттар: • компьютер мони­торы­ның жоғарғы нүктесі көздің тұсында немесе сәл жоғары болуы керек; • диагоналы 54 сантиметрлік монитордан 60-70 сантиметр, ал 72 сантиметрлік монитордан 80 сантиметр арақашықтықта оты­ру қажет; • Компьютердің жарығын көз­ге жайлы етіп қою шарт; • мониторға күн сәулесі тікелей түсіп, шағылыспайтын бол­сын; • жұмыс істегенде қа­раңғы немесе жарығы жеткіліксіз бөл­меде отырмау; • әрбір 1-1,5 сағатта 10 ми­­нөттік үзіліс жасап, көзге ар­налған жат­тығулар жасау; • көзді қорғайтын арнайы кө­зілдірік кию; • көзді ыл­ғалдан­ды­рып, шаршағанын басатын там­шы­лар қолдану қажет. Ал төменде тізбектелген қарапайым жаттығулар көз­дің бұлшық еттерінің күшін кө­бейтіп, қан айналымын жақ­сартады, оларды әрбір кез­де орындауға болады: • бір көзді алақанмен жа­уып қойып, екінші көзбен ал­ға қарай 2-3 секөнд қарап тұрып, осы жаттығуды екінші көзге қайталау; • алға қарай 15-20 сантиметр көз аралығына қарын­даш қойып, қарындаштың дәл ұшына 3-5 секөнд қарау. Содан соң көзқарасты алысқа аудару. Осы жаттығуды 10-12 рет қайталау; • көзді 3-5 секөнд қатты жұмып тұру. Содан кейін 3-5 секөндке ашу. Осы жат­ты­ғуды 8-10 рет қайталау қажет; • көзді оңға, солға, жоғары һәм төмен қарай бұрып, 3-5 секөндке қатты жұму, бұл жат­тығуды 5-6 рет қайталау. Ақиқатында, осынау жат­тығулар көз айналасының бұлшық еттерінің қан ай­налымын жақсартады дейді көз дәрігерлері. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ.