08 Қараша, 2016

Қоғамдық келісім – ел дамуының негізі

269 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
100-824Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген  отырысы өтті. Жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжі­лісінің депутаттары, ҚХА Ғылы­ми-сарапшылық кеңесінің мүше­лері, мемлекеттік органдардың қыз­меткерлері, зиялы қауым, өңір­лер­дегі ғылыми-сарапшылық топтар­дың жетекшілері, жоғары оқу орын­дарындағы ҚХА кафедралары мен орталықтарының меңгерушілері, БАҚ өкілдері қатысты. Отырысты ашқан Ералы Тоғ­жанов Қазақстан халқы Ассам­блея­сының қызметін ғылыми тұрғы­да сүйемелдеудің маңызы зор екенін айта келіп, «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлт­­тық идеясын халыққа жете түсін­ді­руде, насихаттауда ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүктелетініне тоқ­талды. – Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің бүгінгі кеңейтілген отырысы еліміз үшін аса мерейлі мереке – ел Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығына арналып отыр. Осы Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайту бағытында көптеген шаруалар атқарылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға ғылыми-әдістемелік жағынан қолдау білдіру маңызды шаралардың бірі болып табылады, – деді Е.Тоғжанов. Бұдан кейін Қазақстан Респуб­ликасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Виктор Малиновский «Қазақстандық бірегейлікті азаматтық қағидатында нығайту: құқықтық және тарихи аспектілер» тақырыбында баяндама жасады. В.Малиновский өз сөзінде Қазақстанның 25 жыл ішінде азаматтардың құқықтарын қорғау, этносаралық татулықты сақтау бағыттарында көптеген шаралардың лайықты жүзеге асырылғанына тоқталып өтті. Сонымен бірге, ол ұлтаралық келісімнің қазақстандық моде­лінің артықшылықтарын айта келіп, еліміздегі тұрақтылық пен орнық­ты дамуға Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассам­блеясының қосқан үлесін сөз етті. Қазақстан Республикасы Тұң­ғыш Президентінің мұражайы дирек­торының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күлайша Ақтаева өз кезегінде қарқынды дамып келе жатқан қоғамымыздағы азаматтық бірегейліктің маңыздылығын айта келіп, Тәуелсіздік жылдарында көпұлтты Қазақстанның өркендеуі этносаралық келісім негізінде жүзеге асырылғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты мақаласындағы: «Əр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке жəне отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді. Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тəуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат жəне тəуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық», деген сөзін көпшіліктің жадында қайта жаңғыртты. Жиында, сонымен бірге, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия аймағындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі төрағасының орынбасары Айгүл Сәдуақасова «Этносаралық қатынастар саласын әлеуметтанулық зерттеулер: біртұтас мониторинг әдіснамасы» тақырыбында хабарлама жасады. Сондай-ақ, бірқатар азамат сөз сөйлеп, ҚХА қызметіне ғылыми тұрғыда талдау жасаудың мән-маңызына назар аударды. Жиын соңында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналған үздік ғылыми жобаға жариялаған Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық конкурсының қорытындысы шыға­рылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі болды. Айта кетейік, осы отырыстың аясында Мұрат Әуезовтің «Времен связующая нить» атты кітабының және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған ұлттық талдамалық шолудың таныстырылымы өтті. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»