09 Қараша, 2016

Бірлескен бастамалар – тиімді байланыстар тетігі

358 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
08-11-02Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары одан әрі жалғасты. Бұл күні Елбасы бірнеше маңызды келіссөздер мен іс-шараларға қатысты.

Сенімді серіктестікке – соны серпін

Қазақстан Президенті, ең алдымен, Жапонияның Сыртқы істер министрі Фумио Кисидамен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі елдің өзара іс-қимылының түрлі аспектілерін тал­қылап, халықаралық өзекті мәсе­лелер туралы пікір алмас­ты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Жапо­ния серіктестігінің жоғары деңгей­ге жеткенін және сапар аясында өтіп жатқан келіссөздер алдағы уақыт­та оның аясын кеңейтуге бағыт­та­латынын атап өтті. da9_9394«Біздің елдеріміз ядролық қарудың зардабын тікелей өз басынан өткерді. Жапония мен Қазақстан антиядролық қозғалыстың көшбасшылары болып саналады. Бұл жұмысты біз бір­лесіп жалғастырамыз деп сене­мін. Менің Хиросимаға алдағы сапа­рымның мақсаты – жапон хал­­қы­мен ниеттесті­гімізді білдіру, біз ХХІ ға­сыр­да яд­­ролық қарусыз әлем қа­лып­­тас­­ты­ру жо­лында бірлесе жұмыс жүргі­зу­де­міз», – деді Қазақстан басшысы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-қимылының белсенді түрде жүргізіліп отырғанына назар аударды. «Жапония дипломатиясының барлық бағытта, соның ішінде Орталық Азиядағы белсенділігін атап өткім келеді. Жапония мен Қазақстанның бүкіл халықаралық істерге қатысты ұстанымдары ұқсас», – деді Елбасы. Фумио Кисида Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жапония Премьер-министрі­мен өткізген келіссөзінің жемісті болғанын айтты. «Қазақстан тәуел­сіздік алғаннан бергі Сіздің көш­бас­шылығыңызға шынайы құрмет­пен қараймыз. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы – Сіз­дің табысты жетекшілік етуіңіздің көр­сеткіші», – деді Жапония Сыртқы істер министрі.  

08-11-07

da9_9946Университеттер әріптестігі

 Бұдан кейінгі кезекте Қазақстан басшысы Жапониядағы ең жетекші жоғары оқу орны – «Токай» универси­тетінде болды. Қазақстан Президенті университетті аралау барысында күннен қуат алатын «Tokai Challenger» электромобильді автокөлігін көріп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша осында оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті. Елбасы оқу орнының ұжымы ал­дында сөйлеген сөзінде «Токай» уни­вер­ситеті мен «Назарбаев Универ­ситет» арасында қалыптасқан ынты­мақ­тастыққа айрықша назар аударды. «Бүгінде Астана Еуразияның ірі ғылыми және білім беру орталы­ғы­ның біріне айналды. Біз қазір жас­тарды білім алу үшін өзіміздің универ­ситетімізге тартудамыз. Онда алдағы уақытта жапон жастары да көптеп оқиды деп үміттенеміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан басшысы елімізде ғылымды қамтитын экономика қалып­тастыру үшін екі зияткерлік-инно­вациялық кластер – «Назарбаев Уни­верситеттің» «Астана бизнес кампусы» хайтек-паркі және Алматы қаласында «Алатау» технопаркі ашылғанын айтты. Нұрсұлтан Әбішұлы «Токай» уни­вер­ситетін осы ғылыми-иннова­циялық орталықтармен белсенді ынтымақтастық орнатуға шақырды. Сөзінің соңында Елбасы жинал­ған­дарды «Токай» университетінің алдағы 2017 жылы атап өтілетін 75 жылдығымен құттықтап, Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасы барлық бағытта одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Елбасына Жапонияның жетекші білім беретін және ғылыми-зерттеу орталығы саналатын «Токай» универ­ситетінің Инженерлік ғылымдар құрметті докторы дәрежесі берілді. «Токай» университетінің ректоры Ямада Киеси Нұрсұлтан Назарбаевқа Құрметті доктор дәрежесінің дипломы мен медалі Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанды өркендетуге, оның ішінде ғылым-білім саласын халықаралық стандарттарға сай да­мы­туға қосқан үлесі үшін берілгенін айт­ты. «Сіз білім мен ғылымды, әсі­ре­се, жаратылыстану ғылымдары мен техникалық пәндерді жетілдіру, жаң­­ғырту және жаһандандыру қажет­тілігін сезініп, бұл бағытта көпте­ген маңызды саяси шешімдер қа­былдадыңыз», – деді Я.Киеси өзінің сө­зінде. Қазіргі таңда Жапонияда «Болашақ» бағдарламасымен оқитын 8 студенттің 5-уі «Токай» университетінде білім алады. 2010 жылдан бері бұл университетте 16 қазақстандық студент «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыпты. 08-11-05-ya-fukuda da9_0337

03-1-08-11Іскерлік байланыс артады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келесі кезекте Жапонияның іскер топтар өкілдерімен кездесті. Ел­басы өз сөзінде жетекші жапон компаниялары өкілдерімен кездесу бұл сапардың аса маңызды шараларының бірі екенін жеткізді. «Осы сапардың қорытындылары мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа сапалық деңгейге көтеруде шешу­ші рөл атқаратынына сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сонымен қатар, Қазақстан мен Жапония түрлі бағытта, соның ішінде мұнай-газ, металлургия, қаржы салалары, тау-кен өндірісі бойынша берік ынтымақтастық орнатып отырғанына да тоқталды. Мәселен, Қазақстанда 50-ден астам жапон кәсіпорнының тетігі іске қосылғанын жеткізді. «Алайда, біздің әріптестігіміздің әлеуеті толық пайдаланылып отырған жоқ. Сондықтан, бүгінгі кездесу сауда-экономикалық өзара ынтымақтастықты дамытуға арналмақ», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан кейін Президент Қазақстанда бизнес кеңістігін жандандыру үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанын, Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 35-орынға көтерілгенін айтып өтті. Іскерлік ахуалды одан әрі жетілдіру және ел экономикасының құрылымын өз­герту үшін атқарылып жатқан жұ­мысқа да назар аударды. «Шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Онда экономикалық басымдыққа ие бірнеше бағыт айқындалды. Олар – мұнай өңдеу, мұнай-газ химиясы, агрохимия, қара және түсті металлургия, тамақ өнеркәсібі, көлік өндірісі және электротехникалық машина жасау салалары. Басымдығы бар салаларда инвесторлар корпоративті табыс салығы мен жер салығын төлеуден 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұған қоса, Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында Жапониядан кел­ген инвестицияның жалпы көлемі 10 млрд долларға жеткеніне тоқтал­ды. «Бізде либералды салық режімі және салықты әкімшілендіру де оңтайлан­ды­рылған, небәрі 13 салық қана бар. Жұ­мыспен қамту саласындағы салық мөлшерлемелеріне қатысты заңнаманың тұрақтылығына кепілдік берілген. 2015 жылы біз әлемдегі 35 елдің азаматы үшін визасыз режім қолданылатын тізім құрамын кеңейттік, келесі жылы ол 56 мемлекетке дейін көбейтіледі. Яғни, бұл – жапон инвесторлары Қазақстанға еркін келе алады деген сөз», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Қазақстанда жалпы құны 10 млрд доллар мөлшеріндегі 800-ге жуық кәсіпорынды қамтитын жаппай жекешелендіру бағдарламасының жүзеге асырылуына байланысты пайда болған мүмкіндіктерге де назар аударды. Сонымен бірге, жеңілдіктер жиынтығы көзделген және рұқсат беру рәсімдері жеңілдетілген арнайы экономикалық аймақтар, сонымен қатар, қатысушыларға қажетті инфрақұрылым мемлекет тарапынан қамтамасыз етілетін индустриялық аймақтар жұмыс істеп жатқанын хабарлады. «Біз жапон компанияларына өз жобаларын іске асыру үшін арнайы және индустриялық аймақтардан орын бөлуге әзірміз. Тіпті, ондай аймақтарды жапон компанияларының басқаруына да беруге болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Іскер топтармен кездесу барысында Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру жобасын іске асыру үшін Токио тәжірибесінің маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ, орталық осы саладағы әлемдік үздік тәжірибелерді игеріп, бүгінгі таңда Жапонияның бағалы қағаздар жөніндегі диллерлері қауымдастығымен ынтымақтастық орната бастағанын атап өтті. Бұдан кейін Қазақстан Президенті жапон компанияларын халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырып, «Аралас смарт-технологиялар – тәжірибе мен сын-қатерлер» атты Жапония павильонының ауқымды әрі мазмұнды болады деп болжанып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанның ірі экономикалық бас­тамалары Жапония бизнесінің қызы­ғу­шылығын тудыратынына сенім білдірді.  

Тарихи тағдырластық тамыры тереңде

 Сапар шеңберінде Елбасы Жапония Парламентінде сөз сөйлеп, маңызды мәселелерді кеңінен қозғады. Осы жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД кеңістігі бойынша бүгінге дейін жапон Парламентінде сөз сөйлеген алғашқы Президент болғанын айта кету керек. Ал өзінің сөзінде Қазақстан басшысы Жапония Парламентінде сөз сөйлеуге мүмкіндік алғаны үшін ризашылық білдірді. «Елдеріңіздің заң шығару жиналысы халық билігінің тамыры терең тарихи дәстүріне ие бола отырып, мемлекеттің демократиялық тұрғыдан табысты дамуына зор үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда Жапония көп сала бойынша көш бастап тұр, ол – экономикасының өсімі жөнінен әлемдегі үшінші ел», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті жапон халқының еңбексүйгіштігі мен өзін өзі жетілдіруге деген құштарлығы елдің өркендеуіне септігін тигізіп отырғанын атап өтті. «Жапонның «кайдзен» философиясы тек басқару мен технологиялық биіктерді бағындыруға ғана мүмкіндік беріп қоймай, сонымен бірге жалпы­адамзаттық құндылықтар қазы­насына қосылды. Жапон халқының ойлау жүйесі қазақтардың дүниетанымына жақын әрі онымен үндес екенін айта аламын. Біздің халықтарымызды қиын да күрделі, кейде тіпті тақсыретті тағдыры тығыз байланыстырады. Қазақстан мен Жапония жаппай қырып-жоятын қарудың бүкіл қасіретін бастан өткерді», – деді Елбасы. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолында Қазақстанның атқарып жатқан іс-шараларына тоқталып, ядролық қауіптен ада әлем қалыптастыру үшін бірлесе күш-жігер жұмсаудың маңыздылығына назар аударды. «Біз Жаһандық антиядролық қозғалыс құруды маңызды міндет деп санаймыз. Біз ұсынған «АТОМ» жобасы да дәл осы мақсатты көздейді. Жапон достарымызды осы бастамаға қолдау көрсетуге шақырамын. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстанның ұсынысы бойынша Ядролық қарудан ада әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация жөнінде қарар қабылдады. Біз ұсынған БҰҰ қарарына Жапония да тел автор ретінде қосылды. Сол қарарға сәйкес, менің өз Жарлығым арқылы поли­гонды жапқан күн – 29 тамыз Ядро­лық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні деп жарияланды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жапония Парламентінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Жапония Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне қолдау көрсету жөніндегі 9-шы конференцияның тең төрағасы міндетін атқаруға кіріскенін және соған орай тараптар аталған құжаттың тезірек күшіне енуіне қатысты маңызды екі саяси мәлімдеме қабылдағанын еске салды. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті биылғы наурыз айында Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде жария еткен өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне де тоқталып өтті. «Онда мен соғыстар мен қақтығыс­тардан ада әлемге қалай қол жеткі­зе­тініміз туралы ой-пікірлерімді ортаға сал­дым. Бұған қоса, мен Ядролық қару­сыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін берілетін халықаралық сыйлық тағай­ындау туралы шешім қабылдадым. Ол біздің планетамызда халықтардың бейбітқатар өмір сүруін орнықтыруға бағытталған игі қызмет атқарған әлемдік көшбасшылар мен саясаткерлерге құрме­ті­мізді білдіруге арналады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы қазіргі таңда ядролық қарудың қолданылу қаупін «қырғи-қабақ соғыс» аяқталғаннан бергі қай кезеңге қарағанда да жоғары екенін атап өтті. «Әлем жаңа ядролық дәуірге бет бұрды. Ол әлдеқайда қатерлі және оның барысын алдын ала болжап-білу мүмкін емес. ХХІ ғасырдың ең күрделі проблемаларының бірі – ядролық терроризм қаупі, сондай-ақ ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымы. Жаһандық ойыншылар ара­сындағы сенімнің бұрын-соңды болмаған дағдарысы ядролық қаруды қолданудың алдын алу кепілдіктерінің де тығырыққа тірелуіне әкеліп соқ­тырып отыр. Бүгінгі таңда осы ұнамсыз үрдістерді тоқтату үшін барлық жаһандық көшбасшылардың саяси ерік-жігері ауадай қажет», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы өңірлік қауіп­сіздік мәселелеріне назар аударып, Азия елдері арасында өзара сенімді ны­ғай­тудың маңыздылығын және Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңесті Азиядағы қауіп­сіздік пен даму ұйымына айналдыру қажеттігін атап өтті. «Келесі жыл­дың 1 қаңтарынан бастап Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып Қазақ­стан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ре­тін­дегі міндетін атқаратын болады. Қа­зақстан мен Жапонияның 2017 жылы Қа­уіп­сіздік Кеңесі қызметіне қатысу мерзі­мінің сәйкес келуі алдағы уақытта өзара іс-қимылды қолға алуға қосымша мүм­кіндіктер туғызады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, көп­теген жапондықтың тағдыры Қазақ­станмен байланысты екеніне тоқталды. «Кеңестік Қазақстандағы қиын кезеңде тағдыры тәлкекке түскен жапон әскери тұтқындарының асқан ауыр жағдайдағы төзімділігі әлі күнге дейін біздің жадымызда. Біз туысқандарының тағдыры туралы білгісі келетіндердің бәріне қажетті көмек көрсетуге әзірміз», – деді Елбасы. Осыған байланысты, Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Парламенті мүшелеріне лагерьден босағаннан кейін Қазақстанда қалған әскери тұтқын Ахико Тецуроның оқиғасын әңгімелеп берді. Бүгінде ол өз отанына келгеннен кейін Қазақстанға қайта оралып, отбасымен бірге осында тұрып жатыр», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы келесі кезекте қазір жетекші державалардың Еуразия кеңістігінде бірқатар интеграциялық жобаларды жүзеге асырып жатқанын айтты. Қазақстанның осы идеяны ілге­рі­лету жұмысын жүргізіп, соның ішінде бір­қатар инфрақұрылымдық жобаны іске асы­рып, ЕАЭО-ны және Қытайдың «Бір бел­деу – бір жол» бастамасын ұш­тас­ты­ру бағытында жұмыс істеп, сондай-ақ «ЕАЭО – Еуропалық одақ» үнқатысуына бас­тамашылық танытып отырғанын атап өтті. Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстан жоспарлы әкімшілік жүйеден нарық жүйесіне көшіп, ауқымды қайта құрылу кезеңін бастан өткергенін және қазіргі уақытта «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын қабылдау арқылы маңызды институттық реформаларға кіріскенін жет­кізді. «Жобаны іске асыру аясында азаматтық қоғам институты мен экономи­касы дамыған үйлесімді саяси жүйесі бар ХХІ ғасырдағы Қазақстанды қалыптастыру көзделген. Мұның бәрі елімізге жаһандық жағымсыз трендтерге лайықты қарсы тұрып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосы­луға мүм­кіндік береді. Осы үлкен мақсатымызға жету жолында Жапония­мен арадағы ынтымақтастыққа зор үміт артамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы Қазақстан Жапонияның Ор­талық Азиядағы ірі сауда-эконо­ми­калық се­ріктесі болып саналатынын да айтты. «Біз ғылымды қамтитын сала­лардағы өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға, сіздің елден озық технологиялар мен ноу-хау тартуға мүдделіміз. Жапония компанияларын Қазақстандағы индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасына және жекешелендіру жөніндегі ауқымды науқанға атсалысуға шақырамыз. Стратегиялық серіктестік пен елдеріміз арасындағы өзара түсіністік рухы қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп сенемін», – деді Қазақстан Президенті. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев бұл сапар Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толу қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды. «Өзара тиімді іс-қимыл мен жасампаздық сипаттағы сенім Азиядағы жақындасудың кілтіне айналады деп сенемін. Қазақстан мен Жапония халқы бірлесіп, өңірімізді өркендету және халықаралық аренада бейбітшілік пен келісім идеясын ілгерілету ісінде маңызды рөл атқара алады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Елбасы еңбегіне – лайықты баға

Ресми сапар аясында Қазақстан Пре­зиденті Боао Азия форумы басқарма­сының төрағасы, Жапонияның экс-Премьер-министрі Ясуо Фукудамен кездесті. Кездесу барысында Елбасы Қазақ­станның Боао Азия форумының жұмы­сына белсене қатысатынын, себебі, ол сая­сат­керлер, бизнесмендер және ғылым қайрат­керлері үшін жоғары деңгейдегі маңызды үнқатысу алаңы саналатынын жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев Боао Азия форумы мен Астана экономикалық форумының ұйымдастыру комитеттері арасындағы ықпалдастықты нығайтудың маңызын атап өтті. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Жапонияға ресми сапары аясында өткен келіссөздердің нәтижелі болып жатқанын жеткізді. «Мен Премьер-министр Синдзо Абэмен келіссөз жүргіздім, сіздердің Парламенттеріңізде сөз сөйледім, іскер топ өкілдерімен кездестім, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Гои бейбітшілік қорының президенті және төрайымы, ерлі-зайыпты Хироо және Масами Сайонджилермен кездесті. Аталған қор жетекшілерімен кездесу аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшіліктің түйткілдерін тарқату, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау, терроризммен күрес және өңірлік проблемаларды ретке келтіру мәселелері бойынша ауқымды үлес қосып отырғанын жеткізді. Қазақстан Президенті Гои бей­біт­шілік қоры елімізде білім, ғылым және мәдениет салалары бойынша бір­қатар маңызды жобаларды жүзеге асыра алатынына тоқтала келе, Қазақтан алда­ғы уақытта адамгершілік және әлем мәдениеті құндылықтарын одан әрі ілгерілету бағытында әріптестікті дамытуға дайын екендігін айтты. Гои бейбітшілік қоры 1999 жылы құрылған. Ол – бейбіт бастамаларды ілгерілету саласы бойынша кең көлемді халықаралық қызметті жүзеге асыратын Жапониядағы ірі үкіметтік емес ұйымдардың бірі. ЮНЕСКО-мен ресми серіктестік байланыс орнатқан. Қазіргі таңда Гои қорының маңында шамамен 7 мыңға тарта адам шоғырланған. Құрамында 100-ге тарта көпбейінді ұйымдар, топтар, қозғалыстар, сондай-ақ, «Тойота Мотор», «Кёсэра», «Сони», «Хакуходо», «Шисэйдо» секілді жетек­ші жапон компаниялары бар. Қор пре­зиденті Хироо Сайонджи – Жапония­ның байырғы аристократтық отбасы­ларының бірі Император отбасымен дәстүрлі әрі тығыз байланыс орнатқан. Ал Гои қорының миссиясы – Жер шары тұрғындарының, бүкіл адамзат бала­сының жүректері мен ой-санасын бейбітшілік жолында біріктіру. Елбасы аталған қордың 2016 жыл­ғы «Ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан елеулі үлесі үшін» Бей­біт­шілік мәдениеті арнаулы сыйлығымен марапатталды. Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты шарада биылғы Бейбітшілік мәдениеті арнаулы сыйлығының өзіне табыс етілуі Семей полигонындағы ядролық сынақ зұлматын басынан өткерген Қазақстан халқымен ниеттестіктің көрінісі екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, полигонның жабылған күнінің аса маңызды белес екенін, өйткені, дәл сол кезден бастап біздің ел ядролық қарудан ада әлем қалыптастыру жолына бет бұрғанын көлденең тартты. Мемлекет басшысы, бұған қоса, келер жылы Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі жауапты миссиясына кірі­сетініне тоқтала келе, былай деді: «Бұл – ха­лықаралық қоғамдастық тарапынан бізге көрсетілген зор сенім. Таратпау мәсе­ле­лерімен қатар, біз Жапониямен және басқа да әріптестерімізбен бірге азық-түлік, су және энергетика қауіпсіз­дігі мә­селелерін шешуге де атсалысатын боламыз». Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырда адамзаттың ядролық қатер­ден ада әлемге лайықты жол таба ала­­ты­нына сенетінін жеткізді. «Сын­дарлы ұжымдық іс-қимылды қолға алған әлемдік қоғамдастықтың ерік-жігері мен парасаты Жер шарының ядро­лық апат құрдымына кетуіне жол бермейді деп сенемін. Біз Хиросима мен Нага­са­кидегі, сондай-ақ Семейдегі, Маршалл аралдарындағы және басқа жерлер­дегі қасіреттер туралы ұмытпауға тиіспіз. Әлемді ядролық апат қатерінен құтқару үшін талмай күрес жүргізуге шақырамын», – деді бұл орайда Қазақстан басшысы. Бір айта кетерлігі, Гои қорының Бейбітшілік мәдениеті арнаулы сыйлығы бейбітшілік мәдениетін таратуға және оны ілгерілетуге қосқан мейлінше маңызды үлесі үшін жекелеген тұлғалар мен ұйымдарға беріледі. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Токиодан Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды