Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Халк Маслахатының төрағасына ризашылық білдірді. Сондай-ақ Гурбангулы Бердімұхамедовтің Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.
Президент қазақ-түрікмен ынтымақтастығы достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында қарқынды дамып келе жатқанына ерекше назар аударып, Түрікменстанға ресми сапарының мақсаты екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығару екенін айтты.
«Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамыту мәселесіне зор жауапкершілікпен қараймыз. Біз – стратегиялық серіктес елдерміз. Жаңа Бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысы туралы айтып өттіңіз. Мен де оның қызметін бақылап, Үкіметке бағыт-бағдар беріп, қандай шешім қабылдау керек екенін нұсқап отырамын. Өйткені біз үшін Түрікменстанмен достық байланыс басты басымдықтардың бірі саналады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.