10 Қараша, 2016

АҚШ-тың 45-ші президенті – Дональд Трамп

550 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
donald-trampБүкіл әлем назарын тіккен АҚШ-тағы президенттік сайлау өз мәресіне жетті. «Бәрін айт та, бірін айт», Демократиялық партияның атынан президенттікке үміткер болған Хиллари Клинтон үшін бәс тіккен беделді басылымдардың болжамы жүзеге асқан жоқ. Алып елдің билігі үшін өткен аламан додада Республикалық партияның бәйгеге үкілеп қосқан кандидаты Дональд Трамп жеңіске жетті. Дауыс беру нәтижесінде Трамп 276 сайлаушының дауысына ие болды. Жеңіске жету үшін 270 дауыстың өзі-ақ жеткілікті еді. АҚШ Сенатында да бәсеке қыза түсті. Сенатта Трамп 51 орын, Клинтон 47 орын иеленсе, Конгресте 235 дауыспен тағы да Трамп қара үзіп шықты. Ал Клинтонға дауыс бергендер Конгресте бар болғаны – 180. Бір қызығы, әу басында Трамп өз кандидатурасын прези­денттік­ке ұсынғанда, басқалар түгілі Рес­пуб­ликалық партия марғасқаларының өзі саясатта тәжірибесі аз миллиардерге сене қоймаған. Ал Дональд Трамп болса: «Мен өз кандидатурамды АҚШ президенті лауазымына ресми түрде ұсынамын және біздің елімізді жаңадан ұлы жасаймыз!» деп мәлімдеді. Трамптың жеңіс ауылына сапары «праймеризден» басталған-ды. Ол осы сәтте сенімді жеңіске жетелеген ұрандарды сәтті іріктеп, өзін камера алдында жақсы ұстай білуі де өз жемісін берді. Трамп – бүгінде саяси элитаға қарсылығы күшті ақ түсті жұмысшы табының арасында өте танымал тұлға. Соның әсері болуы керек, республикашыл басқа үміткерлер оған жол беруге мәжбүр болды. Трамптың өзі айтпақшы, «карьера жасаудың көптеген тәсілі бар, бірақ ең маңызды тәсілі – бұл қажетті жерде және қажетті отбасында дүниеге келу». Оның айтатынындай-ақ бар. Ол дәулетті отбасында, құрылыс магнатының шаңырағында дүниеге келген. Бір жақсысы, әкеден қалған байлықты еселей білді. Оның жас кезінен-ақ көбейту кестесін шебер меңгергендігі осыдан-ақ көрінеді. Ақ үйдің төріне озған президенттердің арасында дәулеттілердің басы Трамп емес, Теодор Рузвельт, Франклин Рузвельт, Джон Кеннедилер биліктен бұрын байлықтың қызығын көргендер еді. Әйтсе де, олардың барлығы Трамп сияқты мультимиллиардер емес-ті. Дональд Трамптың негізгі бизнес саласы – жылжымайтын мүлік пен БАҚ. 2015 жылы салық декларациясын тапсырған тұста Трамп 515 компанияның президенті немесе басқарма мүшесі болыпты. Тағы да 300-ге жуық әртүрлі қорлар оған инвестиция немесе дивиденд түрінде пайда әкеледі. Осыдан бір жыл бұрын Forbes журналы Дональд Трамптың байлығын 4,1 миллиард долларға бағалап, Жер шарындағы ең бай адамдардың арасында 139-орынды берген-ді. Трамптың байлығына бастау болған тағы бір қызық бар, ол – оның тегі. Тегі, яғни Трамп ағылшын тілінен тәржімалағанда, «көзір» дегенді білдіреді. Айтса айтқандай, жай «көзір» ғана емес, Трамп бүгінде әлемдік деңгейдегі «тұз көзірге» айналғанын ешкім жоққа шығара алмайтын шығар. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп дана Абай айтқандай, Трамптың ұрпағы тегін трамплин ретінде пайдаланып, тіпті табысты брендке айналдырып, неше түрлі аксессуарлар, парфюмерия, минералды сулар шығарады. «Қалауын тапқандар тегінен де тауар шығарады» деп осыны айтса болар. Кездейсоқтық па, әлде заңдылық па, тағы бір жайтқа қайран қалуға тура келіп тұр. АҚШ-та «Нью-Гэмпшир қалай дауыс берсе, Америка солай дауыс береді» деген қанатты сөз бар. Құдды рәміздік нышан іспетті америкалықтар арасында. Сол Нью-Гэмпширде қарсыласынан басым түскен Дональд Трамптың жеңісіне осыдан кейін қалай сенбессіз! Қалай десек те, осы Нью-Гэмпширіңіз осал болмай тұр. Сайлау нәтижесінен кейінгі сөйлеген сөзінде Трамп елдің барлық азаматтарының президенті болатынына уәде берді. Бір атап өтерлігі, жаңадан сайланған президент әлемдегі серіктестерімен жауласпай, көзқарастар тоғысын іздейтініне сендірді. АҚШ-тағы президенттік сайлаудың нәтижесінен соң АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол да мәлімдеме жасаған болатын. Онда «Басшылықтың ауысқанына қарамастан, Құрама Штаттардың әлем бойынша бейбітшілікті, тұрақтылық пен өркендеуді ілгерлету бойынша мүдделері өзгеріссіз қала береді. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі 25 жыл ішінде біздің елдеріміз арасындағы орнаған байланыс, АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қос негізде – өзара сыйластық пен ортақ мүддеге сай нығая түседі», деді өз мәлімдемесінде Крол. Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сенімді серіктестіктің екі елдің дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Жаңа президенттің сайлануымен қос мемлекеттің бейбітшілік пен тұрақтылық төңірегіндегі ортақ мүддесі халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға да өзіндік үлес қосады деген сенімдеміз. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»