Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев Абай ауданына жұмыс сапарымен барып, осында салынып жатқан жабық бассейн құрылысының жайымен танысты. Бұл бассейн аудан ардагерлері мен кеншілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш айтып, хат жолдағаннан кейін Президенттің тікелей тапсырмасымен қолға алынған болатын.
Бұл – 55 мың халқы бар Абай ауданында салынып жатқан тұңғыш бассейн. Ол әр ауысымда 48 адамға қызмет көрсете алатын болады. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Президентке хат жолдаған авторлардың бірі – құрметті ардагер, байырғы кенші Николай Дудкин осы жерде облыс басшылығына алғыс айтып, жас ұрпақтың денсаулығына қамқорлық танытып, осындай әлеуметтік жобаны жүзеге асырып жатқандары үшін ризашылығын жеткізді.
Айта кету керек, Абай ауданынан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, әлем, Еуропа чемпионы атанған Серік Нұрқазов, Олег Маскаев, Наталья Рогозина, Абылайхан Жүсіпов сияқты саңлақ боксшылар шыққан.
Асылбек Дүйсебаев бассейн құрылысы аяқталып, іске қосылған соң, аудан спорты жаңа белестерден көрінеріне сенім білдірді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Абай ауданы