11 Қараша, 2016

Мәскеу мен Вашингтонның табысатын кезі бар

302 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
dubir-1Өткен дүйсенбіде БҰҰ Бас Ассамблеясында өзекті бір мәселе талқыланды – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің вето құқығын пайдалану үдерісіне өзгерістер енгізу ұсынысына АҚШ пен Ресей өкілдері бірігіп қарсы шықты. Көп ретте пікірлері үйлеспей, қайшы келіп жататын бұл держа­валардың екеуіне де өздеріне жақ­паған шешімді қабылдатпай тастау үшін мұндай «қару» керек екен. Сірә, бұл олардың қажетті кезінде көпшіліктің пікірімен санаспауына мүмкіндік беретіндіктен де шығар. Вето құқын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі – АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция ғана пайдалана алады. Оның мәні – бұл елдің біреуі қарсы болса, Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі қабылданбайды. Ондай жағдай талай кезіккен. Жұрттың есінде қалғанының бірі – кезінде Ирак билеушісі Саддам Хусейнге қатаң ультиматум жасалған Қауіп­сіздік Кеңесінің шешімі тұрақты мүшелердің бірі вето құқын пайдаланудан қабылданбай қалды. Оның аяғы АҚШ-тың Иракқа басып кіріп, ақырында Хусейнді дарға асуға соқтырды. Кім біледі, Кеңестің сол шешімі қабылданып, оның талаптары орындалғанда, талайдың қанын төккен сол соғыс басталмауы да мүмкін еді. Бұл жолы вето құқын шектеу туралы ұсынысты БҰҰ Бас Ассам­блеясының отырысында Ұлы­британия мен Франция өкіл­дері жасады. Бұл мәселе бұған дейін де талай мәрте сөз болған. 2013 жылы Франция прези­ден­ті Франсуа Олланд жаппай қыл­мыстық әрекеттерді болдырмау үшін жедел шаралар қолдану қа­жеттігі жағдайында вето құқын шектеуді ұсынған еді. Сондай жағдай биылғы қазан айында Сирияда болды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Алеппо қаласын бомбалау­ды тоқтату, жазықсыз тұрғын­дарды қырғыннан құтқару жөнінде шешім шығарғанда, Ресей вето құқын пайдаланып, оны қабыл­датпай тастады. 15 мүшенің 11-і мақұлдағанда, екі ел қалыс қалып, екі ел қарсы шығып, шешім қабыл­данбады. Вето құқын бірінші жақтаушы Ресейдің БҰҰ-дағы өкілінің орынбасары Владимир Сафронков вето институты Кеңес мүшелерінің байыпты, жан-жақты ойластырылған шешім қабылдауына ықпал ете­тінін дәлелдеп бақты. АҚШ өкілі өз елінің ветоға қандай да өзгеріс енгізуге қарсылығын айтса, Қытай өкілі Лю Цзен Қауіпсіздік Кеңесін рефор­малау туралы әлі піспеген ұсы­ныстарды тықпаламау қажет, деді. Дегенде, ұсыныс бастамашылары да түпкілікті өзгеріс жасау­ды талап етіп отырған жоқ. Ең алдымен вето құқын орынсыз, бас­қалардың пікірін ескермей пайдалануға қарсы. Аса қауырт жағдай қалыптасқан кезде, кем дегенде 50 ел талап еткенде, БҰҰ Бас хатшысы араласуымен, ерікті түрде вето құқынан бас тарту жө­нінде «түсіністік келісімге» ке­луді ұсынады. Парасатты пікір, қабылдауға әбден-ақ болатын ұсыныс. Мұндай ұсынысты қабыл­дау-қабылдамау да әр елдің сипатын аңғартады. dubir-2Саакашвили енді қайда барады? Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Украинаның Одесса облысы губернаторы қызметінен кетті. Бұл жаңалық әлемге тез тарап, көпшілік назарын аударды. Губернаторлықтан кім кетпей жатыр, басқа біреу болса, оны әрі кетсе Украинаның өз ішкі шаруа­сындай қарап, сырт оған мән де бермес еді. Әңгіме оның әлем таны­ған қайраткер, Грузияның бұ­рын­ғы басшысы Михаил Саакаш­ви­­­лиге қатыстылығында болып отыр. Саакашвилидің бұл қызметке келуі де талайды таңдандырған. Ешқандай ақылға, қисынға сыймайтындай жағдай еді ғой. Бұрын басқа жерде болмаған оқиға. Бір елдің бұрынғы басшысы екінші елдегі бір аймаққа басшы болуы намысқа да тиетін сияқты. Сондай-ақ, Украина басшылығының өзінің бір аймағын сырттан келген бі­реуге, мейлі ол ел басқарған болса да, тапсыра салуы да көңілге қон­байды. Бұл жерде, сірә, Саакашвилидің өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабілетін көрсетпек ойы болғаны шешуші рөл атқарғандай-ау. Гру­зия­ның бұрынғы президенті сая­си қадамдарында біраз дүдәмал әрекеттер жасағанымен, өз елінде жемқорлыққа қарсы күресте ай­тарлықтай нәтижелерге жеткені қазірге дейін айтылып жатады. Оның жемісін грузиндер қазір де көріп отырғандай. Сондай игі­лікті істі өзінің бір облысында жү­зеге асырмақ болғанын Украина президенті Петр Порошенко да құп көргендей-ау, шамасы. Алдымен бұрынғы грузин әріптесіне өз азаматтығын беріп, іле-шала гу­бернаторлыққа тағайындаған. Сірә, Саакашвилиге өз билі­гінде кең еркіндік уәде етілген де болар, ол басшы қызметке өз адамдарын шақырды. Әсіресе, жемқорлыққа қарсы күресте негізгі буын – облыс полициясы басшысы етіп қандасы Георгий Лор­д­кипанидзені бекітті. Тағы да біраз өз­герістер енгізген сыңайлы. Бірақ, ол Украина басшылығынан қолдау таппады. Кезінде премьер-министр Арсений Яценюкпен ай­қасты. Содан соң, өткен жылдың аяғында Ішкі істер министрі Арсен Аваковпен жағаласқанын теле­дидардан бәріміз көргенбіз. Министр Одесса порты зауытын жекешелендіруді ұсынғанда, Саа­кашвили «алдымен сенің ұры еке­ніңді дәлелдеймін» деген. Осы қыркүйек айында «Петр Поро­шен­ко блогы» партиясын қыл­мыс­тық топ деп сипаттағаны да бар. Одесса губернаторы мен Украи­на билігінің арасындағы қай­­шылық Саакашвилидің отстав­каға кетуі кезінде ашық айтылды. Сол 7 қараша күні алдымен облыс полициясының басшысы Г.Лор­д­кипанидзе орнынан алынғанда, Саакашвили бұларға мұндай пара алмайтын таза адам керек емес, енді жемқорлар мен кесапаттар масайрайды деп, өзінің де кет­пек ойын айтқан. Сол күні кетіп те тынды. Және ашынып тұ­рып, талай ішін өртеген запыран­дарын да сыртқа шығарды. «Қазіргі Украина билігінің бұрынғысынан айырмашылығы жоқ – украин­дықтар таяқ жейді, оларды Поро­шенко немесе Янукович ұрға­нынан не айырмашылық бар, оларды кім тонаса да бәрібір емес пе?» деді Саакашвили. Порошенконың, осы облыстағы бандиттік, қылмыстық екі топты қолдағанын айтты. Мұндай билікпен жұмыс істей алмайтынын мәлімдеді. Бұдан кейін Саакашвилидің билікпен тіл табыса алмайтыны айдан анық. Сонда ол қайда барады? Грузияға есік жабық. Онда барса, оны түрме күтіп тұр – оған төрт бірдей айып тағылған және Грузия азаматтығынан да айырған. Бұрынғы губернатор өзінің жемқорлықпен күресін осы Украинада жалғастыратынын мәлімдеп үлгерді. Мұнда да бір қисын бар. Бұрын ол жемқорлыққа қарсы «Арылу жолында» деген қозғалыс құрып, бір-екі шара да өткізген. Бұл жолда өзін қор­ғау­шылар табылатынына сенеді. Сен­бегенде, оның басқа жолы қал­мағандай. Тағдыр деген қиын-ақ. Ол кейде адамды осылай сергелдеңге салады. Саакашвили кеше кім еді, бүгін кім? Мамадияр ЖАҚЫП, журналист