Қазан айының соңында Атырауда бокстан әйелдер арасында қазақтың батыр қыздары – Ә.Молдағұлованы, М.Мәметованы және Х.Доспанованы еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің өткені белгілі. Ол еліміз былғары қолғап шеберлерін сынға салған биылғы жылдың қаңтар айындағы Қазақстан чемпионатынан кейінгі ірі жарыс болды. Оның соңын ала біз еліміздің әйелдер құрама командасының аға жаттықтырушысы Вадим Присяжнюкті әңгімеге шақырған едік.
– Вадим Эдуардович, Атырау турнирі мамандар тарапынан жақсы баға алды деп естіп жатырмыз.
– Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны рас. Осы ретте оны ұйымдастырушылар атына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Жасыратыны жоқ, бұл турнирдің біз үшін маңызы аса зор еді. Себебі, қыздарымызға әлем чемпионаты мен Олимпиададан кейін сайысқа түсетін сынақтар бола қоймады. Бұл сол олқылықтың орнын толықтырды. Олар өздері де сынап көрді, біз де қазіргі дайындық деңгейлерін байқап, алда олармен қандай бағытта жұмыс жасайтынымызды анықтап алдық. Біз биылғы мамыр айында Астанада өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан 4 спортшымыздың үшеуін – Назым Қызайбайды, Дина Жоламанды және Валентина Хальзованы осы бәсекеге қостық. Тек Ләззат Күнгейбаева ғана қатыса алмады. Сол сияқты, Олимпиадада қола жүлдегер атанған Дариға Шәкімова мен қатысушы Жайна Шекербековаға өзіміз демалыс бердік. Ал қалған мықты деген боксшыларымыздың барлығы шаршы алаңда шамаларын байқап көрді. Бұдан бөлек, Тәжікстан мен Украинадан боксшылар келді. Мұның бәрі турнирдің деңгейін көтеруге үлес қосты.
– Бірақ ондағы бірінші орынды түгел өз қыздарымыз жеңіп алды ғой.
– Ол да рас. Дегенмен, Тәжікстанның – 3, Украинаның 1 өкілі финалға шыққанын да айтып қойғанымыз жөн. Тәжік қыздары арасынан Светлана Веглина бұған дейін де талай жарыстың төрінен көрініп келген тарлан. Ал бізге ең керегі, бәрінен бұрын өз боксшыларымыздың жай-жағдайын білу еді, оған жете алдық.
– Әлем чемпионы Дина Жоламанның финалда бірінші раундта нокаутқа түсіп қалғанын қалай бағалайсыз?
– Әрине, бұл қолайсыздау көрініс болды. Бірақ спортта, соның ішінде бокста мұндай жағдайдың болып тұратынын ұмытпауымыз керек. Кейде бәрін кездейсоқ тиген бір соққының өзі шешіп кетіп жатады. Оның үстіне, боксшы қыздарымыздың көбі мамыр айында өткен әлем чемпионатынан кейін ешқандай сайысқа түсіп көрген жоқ. Негізінен, содан бері тынығып келді. Мұның да әсері бар.
– Турнир жаңа есімдерді аша алды ма?
– Дәл бұлай деп айта алмаймын. Себебі, әлдекімді елден ерек бөліп атай қоюымыз қиын. Негізінен турнирдің жеңімпазы атағына бұрыннан танымал тарландар жетті. Мәселен, 48 килоға дейінгі салмақта тараздық Алуа Балқыбекова жарысты өте жоғары деңгейде өткізді. Бірақ оның аты бұрыннан белгілі. Ол биылғы жылдың ақпан айында Астанада өткен республика чемпионатының финалында есе жіберіп алған қарсыласы, павлодарлық Алина Тұрлыбаевадан жақсылап тұрып есе қайтарды. Егер ол бұдан да әрі өрлей берсе, бізге Назым Қызайбайды бір саты жоғарылатып, 51 килоға дейінгі олимпиялық салмаққа көтеруге тура келер еді. Шамасы, біз жаңа есім ретінде тек 57 кило салмақтағы астаналық тәжірибелі спортшы Сәния Сұлтанқызын ұтқан қызылордалық Дәметкен Келімбетті ғана ауызға алатын шығармыз.
– Ал әлем чемпиондарының өнерлері жөнінде не айтар едіңіз?
– Тұтастай атап өткенде, бәрі де алдарына қойған мақсаттарын орындап шықты. Динадан басқасы турнирде бірінші орын алды. Енді қыздарға Токиода өтетін Олимпия ойындарына жоспарлы түрде дайындала беру керек. Аталмыш жарыс олардың қазіргі функционалды дайындығы деңгейлерін тексеріп көруге қызмет етті. Боксшыларымыз алдағы жылғы мамыр айында өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынайды. Сонда үздік шыққандарды қыркүйекте жалау көтеретін Азия чемпионатына апарамыз. Атырау турнирі бізге олармен ендігі кезеңде қандай бағытта жұмыс жасауымыз керек екенін көрсетіп берді.
– Олимпиадашы қыздарымыз қашан сапқа тұрады?
– Жайна да, Дариға да қазір-ақ шаршы алаңға шығуға дайын. Оларды өзіміз тоқтаттық. Қанша дегенмен, дене күші жағынан да, психологиялық жағынан да біраз сыннан өтіп, қалжырап қайтты. Сондықтан, өз-өздеріне келулері үшін белгілі бір уақыт керек. Дариға менің төл шәкіртім ғой, осы жолы турнирге қатыстыруымды қайта-қайта сұрады. Дегенмен, қазіргі күндері де қарап отырған жоқ. Мектептерге барып, оқушылармен кездесіп, олардың алдында дене шынықтыру сабақтарын жүргізіп жүр. Біз бұл екі қызды да Сербиядағы турнирге апаратын болып шештік.
– Құраманың жақын уақыттардағы жоспары қандай?
– Таяу күндері Ресейдің Ханты-Манси автономиялы республикасында болатын дәстүрлі Мұнайшы елдер кубогы үшін жарысқа аттанамыз. Онда 5 не 6 салмақта боксшы шығарамыз. Бұдан кейін Қарағандыда өтетін Ғалым Жарылғапов турнирінде құраманың біраз мүшесі күш сынасады. Ал келер жылдың басында, жоғарыда айтылған Сербия турнирі өтіп, оған толық құрамда ат қосамыз. Қаңтардың ақырында Алматы облысында орналасқан AIBA академиясындағы дайындық жиынына қатысамыз.
– Қыздардың Олимпиададағы салмақ дәрежелері санын көбейту жөнінде әңгіме қозғалып жатыр. Мұның шешімі қандай болуы мүмкін?
– Бұл мәселе AIBA Атқару комитетінің желтоқсан айында шақырылатын отырысында қаралғалы тұр. Алдын ала келісім бойынша, тағы екі салмақ категориясы қосылып, жалпы саны бесеуге жететіні белгілі болып отыр. Сөйтіп, боксшы қыздар Токиодан бастап осы жүйеге көшеді.
Әңгімелескен
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА