11 Қараша, 2016

«Алтын қордың» қуанышы

444 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ek6«Егемен Қазақстан» газетінің 25 қараша күнгі санында осы жолдар авторымен газет тілшісінің «Алтын қордың» ахуалы алаңдатады» атты сұхбаты жарияланған болатын. Соған орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мағира Қожахметова мен Байғали Есенәлиев, Қазақ радиосының ардагері, белгілі журналист Сәрсенбек Бекмұратұлы басылым арқылы ой-пікірлерін ортаға салды. Әрине, «Сын түзелмей, мін түзелмейтіні» рас. Міне, осы мақалалар көп жайттың түзелуіне түрткі болуда. «Қазақстан» телерадио­корпора­циясының төрағасы Кемелбек Ойшы­баев Алма­тыдағы «Алтын қорға» арнайы ат басын бұрып, жағдайы­мызбен танысып көрді, жер­төледе суық әрі сыз жерде жат­қан мәскеулік 9000 және сан­дық тәсілге түсірілген 1000-нан артық үнтаспаны Қазақ радиосының өз орнына қоюды, сандық тәсілге түсіретін операторларды қайтадан радио ғимаратына көшіруді ерекше тапсырып кеткен болатын. Осы аптаның басында сол тапсырма мүлтіксіз орындалып, бәрі орнына келді. Сондай-ақ, сегіз жылдан бері сұралған /увлажнитель/ қордың ылғал­дылығын реттейтін кәсіби құрыл­ғылар­дың алтауы әкелінді. Опера­торларымыздың магнитофондары тозып кеткен еді. Олар­дың сол ескі магнитофондары венгрлік STM-610 маркалы алты магнитофонмен жа­ңар­тылды. Сонымен қатар, ком­пью­­терлері де жаңартылу үс­тін­де. «Жас келсе іске...» демек­ші, төр­ағамыз Кемелбек Бақты­ғұл­ұлы: «Ал­тын қордың» 111 мыңға жу­ық фо­но­материалдарын 100 пайыз толық көші­реміз. Алтын қор түгелдей сандық тәсілге түсіріліп, ең жақсы деген­дерін винилға жазып, аяғына дейін жеткіземіз. Бұл біздің елдің, өнеріміз бен әдебиетіміздің, тарихымыздың алдындағы асыл борышымыз», – деп алдағы жоспарларымен бөлісті. Әрине, мұндай жаңалықтар көңіл қуантады. Мұнан кейін де өмір, әл­бетте, бір орында тоқтап қал­майды. Сон­­дықтан, алдағы ат­қарылар шаруалар шаш-етек­тен десек те, бұлар бірте-бірте жүзеге асырылады деген сенімдеміз. Ендігі айтарымыз – біздің шешілмей жатқан көкейкесті біраз мәселеміздің орындалуына айтарлықтай үлес қосқан, халқымыздың сүйіп оқитын бетке ұстар газеті – «Егемен Қазақ­стан» газетінің бас­шыларына, үні­мізді қаз қал­пында оқырманға жет­кізгені үшін басылымға мың да бір алғысымызды білдіреміз! Алтын ИМАНБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фонотека жетекшісі   АЛМАТЫ