11 Қараша, 2016

Жеке шаруашылық жетістікке жетсін десек...

476 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
seyfolla-aga-2Бүгінде ауыл тұрғындарының біраз бөлігі негізінен ал­ғанда, қолдарындағы азын-аулақ мал­дарымен күн көріп отырғандары бел­гілі. Өйткені, жұрттың бәріне бірдей жұ­мыс табыла бермейді. Сондықтан, ауыл­дағылар жаз бойы мал бағып, күзге қарай оларын коммерсанттарға өткізіп (солар ұсынған бағаға), содан түскен ақшаға қант-шайларын алып амалдауға мәжбүр.  Табыстың мұндай түрі шықпа, жаным, шық­памен күнелтуге септескенімен, көңілің қала­ғандай «шайқап ішіп», кеңінен көсілуге мұрша бере қоймайды. Ал енді бүгін-ертең ауылдықтар үшін жұмыс тауып бере қояйын деп жатқан және еш­кім жоқ. Әсіресе, өркениеттен алыс жатқан, жақын маңайда өндіріс орындары жоқ ауылдар үшін оның өзі мүмкін де еместей. Олай болса, не істеу керек? Осы орайда баяғы кеңестік кезең тағы да еске оралады. Ол замандарда «заготконтора», «заготовитель» дегендер болатын. Былайша айтқанда, кәдімгі  халықтың қолындағы тері, жүн, сүйек сияқты басы артық, тіпті қажетсіз деп айтса да болады, дүниелерін сатып алатын адамдар немесе мекеме. Кей кездері олар, тіпті, ашық саудаға көшіп, қолма-қол ақша да төлеп жататын. Шешелеріміздің есіктің алдына келіп тұрған «заготовительге», яғни дайындаушыға үйдегі малдың терісі мен жүнін пұлдап өткізіп, ақысына ол замандарда өте тапшы тауар болып саналған үнді шайын алып тұрғанын талай көргенбіз өзіміз. Ал мал дайындаушылардың жұмысы өз алдына бір басқа-тұғын. Ол үшін мемлекетке тапсырам деген аша тұяғыңды арнайы мал қабылдайтын орынға көлікпен немесе жетелеп апарып, сол жерде өлшетесің, сөйтіп, қолыңа пәленше түгеншеев салмағы пәлен кило болатын сиыр тапсырды деген қағаз алып жөніңе кетесің. Арада бір айдай уақыт өткенде баяғы тапсырған малыңның ақшасы пошта бөлімшесіне түсіп тұрады. Аяңдап барып ала қоясың. Бәрі де қолмен қойғандай оп-оңай болатын. Кеңестік дәуірде кейбір есепке жүйрік жамағат осындай жолмен ақша жинап, соңынан автокөліктер де сатып алып жататын. Жалпы, ол уақыттарда мемлекетке мал, тері, жүн тапсыру белгілі бір дәрежеде қосымша табыс көзі де болып есептелді. Бүгін ше? Бүгін олардың бәрі де ұмыт болған. Тек, өзіміз жоғарыда айтып өткендей, халықты әбден алдап үйренген небір пысықай коммерсанттар күзге қарай ауыл-ауылдарды аралап, мал жинайды. Іске саудагерлік араласқаннан кейінгі жағдай белгілі – коммерсанттар онсыз да арып-ашып отырған жұрттың ақ-адал малдарын су тегінге алып кетуге тырысады. Іс жүзінде солай болады да. Мал иелерінің олармен тайталасуға шамалары жоқ, сен арзанға алғалы тұрсың, малымызды бермейміз деп айта алмайды. Өйтіп шіренер болса, малдарын мүлде өткізе алмай қалады. Ал мал өтпесе ақша жоқ, ақша жоқ жерде күнкөріс қиындайды. Үйде бала-шаға отыр әке-шешем не берер екен деп ауыздарын ашып. Сондықтан ауыл халқы жыл-он екі ай баққан малдарын амалсыздан коммерсанттардың ұсынған бағасына ұстата салады. Бүгінде көпшілік халық тек мал ғана емес, сонымен бірге отбасына азық қылу үшін құс та ұстайды. Демек, құстың артылған жұмыртқасынан да пайда түсіруге болар еді, әрине, егер оларды сатып алатын адам болса. Сонымен бірге, жаңағы ком­мерсанттарға арзан бағаға кетіп жатқан малдардан, сауын сиырлардан май алуға болатынын да естен шығармаған абзал. Ал ол дегеніңіз қыруар қаржы. Қазіргі уақытта базарларда сары майыңыздың бір килосының құны мың жарым теңгеден бір де кем емес. Олай болса, он кило май тапсырған адам 15 мың теңгені қалтаға басады. Ауылдықтар үшін оның өзі едәуір ақша. Оған әр данасын кем дегенде 5-6 теңгеден өткізуге болатын жұмыртқаны қосыңыз. Сонда жүз жұмыртқаңыздың өзі-ақ 500-600 теңге болып шыға келеді. 20-30-ға дейін тауық ұстайтын отбасылары үшін жүз жұмыртқа дегеніңіз түк те емес. Тек осындай игіліктерді іске асыратын мүмкіндік болса деңіз. Өкінішке қарай, жоқ. Неге? Шынымен де, неге? «Жаңа дегеніміздің өзі әбден ұмыт болған ескі­нің нақ өзі» деген орыс мәтелін басшылыққа алар болсақ, сол баяғы «дайындаушыларды» неге қай­тадан қалпына келтірмеске. Оларға сон­шалықты бір еңбекақы төлеп те қажет емес сияқты. Азын-аулақ тиын-тебен берсе, қал­ған бөлігін «шаруашылық есеп» тәсілімен де шешуге болар ма еді, кім біледі. Шындап қолға алса, шиеленіп қалған түйін жоқ. Оның үстіне егер халықтың жеке шаруашылықтары арқылы өндірген өнімдерін белгілі бір мекеме заңды түрде қабылдап алып жатса, оның өзі жұмыссыз жүр­ген ауыл тұрғындары үшін орасан зор көмек болар еді. Егер дәл осындай жағдай жасалып жатса жеке шаруашылығы бар адамдарды жұмыссыздар қа­тарына қоспаудың да қисыны қиюласады. Өйткені, олардың өз еңбектерімен табыс табуларына даңғыл жол ашылады. Алыстағы ауылдарда тұрып жатқан ағайындардың бұл істі қуана қолдайтынына да еш күмән жоқ. Бұл мәселе бұған дейін де айтылып ке­леді. Бірақ, соған нақты көңіл бөлу жағы кемшін. Кім біліпті, бәлкім, осы шаруаның басқадай бір тиімдірек тәсілдерін де қарастырып көруге болатын шығар... Қалай дегенде де, қара таяққа сүйеніп қалт-құлт күн кешіп жүрген қарапайым халықтың қолтығынан демеп жібергеннің еш айыбы жоқ. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»