11 Қараша, 2016

Мән-маңызы зор

433 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
imgl4264-2016«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы өндірісті өңір жұртшылығын бір серпілтіп тастады Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының жолаушыларын Павлодардан кейін өндірісті де көмірлі Екібастұз қаласының тұрғындары қарсы алды. Астанадан басталған мерекелік шараға арналған атаулы пойыздың қонақтарын қала әкімі Қайрат Нүкенов, жергілікті Ассамблея мүшелері, әкімдік қызметкелері, жастар қарсы алып, теміржол бекеті басында алдағы айтулы мерекеге орай шыққан пойыз сапарына сәттілік тіледі. Өздерінің жасап жатқан жұмыстарымен, жетістікерімен бөлісті. Қуаныштысы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында биыл тамыз айында Екібастұзда 800 оқушыға арналған жаңа мектеп бой көтерді. Қазір тағы бір сондай жаңа мектептің құрылысы қала іргесіндегі Солнечный кентінде басталмақшы. Және де жаңа тұрғын үйлер кешенінің құрылысы да жоспарлануда. Сонымен бірге, Бозшакөл кен байыту комбинаты іске қосылып, жұмысын бастады. Жалпы, өндірісті қалада айтарлықтай өзгерістер, жақсы жұмыстар атқарылуда, мұны осы қалаға пойызбен келген қонақтар да көріп, танысты. Ал «Тәуелсіз Қазақстан» пойы­зының өкілдерімен кездескен қала әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуын­ша, мән-мақсаты зор пойызды күтіп алу үшін жан-жақты алдын ала іс-шаралар жа­салған. Өйт­кені, қалаға қарасты ауыл­дық ау­мақтарда тұратын халық жеткі­­лікті, олардың айтарлары бар, өті­­ніш-тілектері де жоқ емес деген­дей. Сон­дықтан, Екібастұз темір­жол бекеті алаң­ында пойыз деле­га­циясының қаты­суымен мем­ле­кеттік орган өкілдері, мәс­лихат депутаттары, әлеуметтік сала қыз­­меткерлері, темір жол көлігі, өн­дірістік ұжымдар, ардагерлер қо­ғамдастығы және студент жас­тардың қатысуымен елдік мүдде, мақсат жолына арналған шеру өтті. Шеру аяқталған соң жұмыс жал­ғасты. Тұрғындар үшін құқықтық, кәсіп­керлік және бизнес, ауыл шаруа­шылығы, тұтынушылар құқығын қорғау, білім беру мәселе­лері бойынша арнайы алаңдар жұмыс жасады. Жергілікті «Нұр Отан» партиясы қалалық прокуратурамен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырды. Жұрт қарасы көп. Біз кездескен Жанат Барбосынова Астанадан пойыз келе жатыр дегенді естіп келіпті. «Екібастұзда Алматыдан байланыс техникумын бітіріп келгелі 30 жылдай уақыт тұрамыз. Жұбайым «Шығыс» кенішінде еңбек етеді. Ұлым Алматыдан техникалық мамандық алып оқу бітіріп келіп, қазір әкесімен бірге өндірісте. Қызымыз да дипломын алып, Екібастұзға оралды. Осындай қалада тұрғанымызға шын ризамыз. Айтайын дегенім осы еді», деді ол. Сәлима апай қалада қа­зақ мектебінің ашылғанына қуанышты екен. Келгендердің көпшілігі балаларын көтер­ген аналар болды. Өйткені, қазір қалада балалар дәрі­гері­не тапшылық байқалады. Сон­дық­тан, алыстан келген маман дәрігерлерге кішкентайларын қаратып алуда. Мысалы, №2 емханада 9 қараша күні сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін дәрігерлер күні бойы емделушілерді қабылдау ұйымдастырды және медициналық мәселелер бойынша кеңестер өткізді. Барлығы 250 адам келіпті. Достық үйінде «Қоғамдық келісім кеңесінің» қоғамдық қабылдау бөлмесі де келушілерді қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады. Көпшілігі тұрғын үй мәселесін, ауылдарды көріктендіру жайын айта келіпті. Одан кейін ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері және оқушы жастардың қатысуымен «Бейбітшілік және келісім үлгісі – Қазақстан бренді» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Үстел басында «Біз көппіз және бәріміз – бір елміз, бір халықпыз. Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой» деген тақырыпта әңгіме өрбіді. Бұдан кейін «Тәуелсіз Қа­зақ­стан» пойызы Ақмола об­лысының Ерейментау ауданына қарай жол тартты. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Екібастұз қаласы