11 Қараша, 2016

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Көкшетауға аялдады

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
20161111144554 Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Көкшетауға аялдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарихшы Әміржан Әлпейісов бастап келген «мамандандырылған» жолаушылар пойызы делегациясының құрамында әр саланың 271 қызметкері бар. Оның 72-і медицина мамандары. Көкшетаулықтар пойызды айрықша салтанатпен қарсы алды. 20161111144537 «Бұл күн - ерекше күн, - деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, - пойызбен келген мамандар халыққа қызмет көрсететін болады. Бұл ең алдымен мемлекеттің тұрғындарға деген қамқорлығының айғағы. Бұл пойызда Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, денсаулық сақтау саласының мамандары, мемлекеттік  қызметкерлер, ҚР Парламенті депутаттары, өзге танымал азаматтар бар». Осы орайда, ақмолалықтар алдында сөз алған қамқор топтың, яки «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының жетекшісі Әміржан Әлпейісов шараның маңыздылығына тоқталды. 20161111144528 Түске дейін Ақмола облыстық және Көкшетау қалалық ауруханаларда болған невролог, нефролог, уролог, гематолог, ортопед-травмотолог, ревматолог, пульмонолог, педиатр, гастроэнтеролог, ангихирург, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, онколог мамандар ақмолалықтарды қабылдап, еліміздің түрлі медициналық мекемелеріне жолдама берді.  Олардың арасында Қарағандыдан келген Мақажанов атындағы травматология және ортопедия облыстық орталығының балалар травматолог ортопед дәрігері Дастан Әбенов те бар. Жалпы, осы күні медициналық мамандардың қабылдауына түрлі аурумен сырқаттанатын барлығы 154 бала келіп отыр. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы құрамындағы жеті министрлік пен үш ұлттық компанияның өкілдері бүгін күні бойы көкшетаулықтарға медициналық, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, құқықтық және өзге де бағытта көмек көрсететін болады. Сондай-ақ, Достық үйінде жергілікті этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еңбек ұжымдары және ЖОО студенттерімен кездесу өткізу көзделген.  Еске сала кетейік, Астанадан шыққан пойыз 35 елді мекенді басып өтіп, 43 күннің ішінде Алматы қаласында тоқтайтын болады.