12 Қараша, 2016

Калоян Петков: Жеңіліс жігерімізді жасытқан жоқ

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
kaloyanБұдан бұрын хабарлағаны­мыздай, бұрнағы күні Шымкентте жергілікті «БИИК Қазығұрт» қыздар футбол командасы Чемпиондар лигасы 1/8 финалының бірінші ойынында Париждің «Пари Сен-Жерменін» қабылдап, 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Енді оның қарымта матчы 17 қарашада француз астанасында өткелі тұр. Ал кеше Шымкенттегі футбол федерациясына қоңырау шалып, команданың бас жаттықтырушысы, болгар маманы Калоян Петковты іздес­тір­генімізде, қыздарымен бірге жаттығу өткізіп жатқан сәтінде таптық. – Калоян, «Қазығұрттың» Қазақ­стан қыздар командалары ара­­сында бірінші болып плей-офф аймағына өтуінің өзі үлкен табыс. – Солайына солай ғой. Дегенмен, жеңілістің аты – жеңіліс. Шыны керек, матч алдындағы баспасөз мәс­лихатында мен алдағы текеті­ресте ПСЖ-ның фаворит болып табылатынын айтқанмын. Бәрі солай болып шықты. – Сіздің қыздарыңыз бірін­ші тайм­да екі гол жіберіп алған­дарына қарамастан, жақсы ойнады деседі... – Матчты жақсы бастадық. Біз оның басынан француз қыздарының прессингіне ұшыраймыз ба деп қауіп­теніп едік. Дәл олай бола қойған жоқ. Бірақ біз де өз деңгейімізде ойнай алмадық. Бұған қонақтардың 17-минутта гол соғып кеткені қатты әсер етті. Бұдан кейін ойын тактикасын өзгертуге тура келді. Ойыншылар психологиялық жағынан да біраз қысымға ұшырады. Соның салдарынан тайм соңында тағы бір гол алып қалдық. «Қазығұрт» қайта, екінші таймда біраз ашылғандай болды. Рас, қарсыластарымыз біздің ойынды бір қапталдан екінші қапталға алмас­тырып тұруымызға жол бере қоймады. Әйткенмен, қарымта доп соғатын сәттер бізде де кездесті. Тек соларды текке жібердік. Мұның орнына тағы бір гол өткізіп алдық. – «Пари Сен-Жерменнің» күшті екенінде дау жоқ. Дегенмен, бұл кезде­судегі жеңілістің нақты себебі неде деп ойлайсыз? – Қалай айтқанда да, біздің шеберлік деңгейіміз француз командасынан әлі де көп төмен. Бұл – бір. Екіншіден, біздің ойында өткірлік, шалттық, жылдамдық, ең бастысы, үйлесімділік жетіспеді. Мұның бәріне қазір Қазақстанда чемпио­наттың аяқталып қалғаны да әсер етті. Командада ойын прак­тикасының да аса көп емес екені тағы бар. – Қақпашы Оксана Железняк­тың оңай доптардың өзін жіберіп қойғаны айтылып жатыр. – Шын мәнінде де солай болды. Мәселен, екінші және үшінші голдардың тіпті болмайтын да реті бар еді. – Жеңілістен кейін қыздары­ңыздың еңселері түсіп кеткен жоқ па? – Олай деп ойламаймын. Мыса­лы, қазір жаттығу өткізіп жатырмыз. Бәрі бұрынғысынша машықтануға жандарын салып кірісіп кетті. Болған нәрсе артта қалды. Енді алда­ғы тірліктің жайын қамдауымыз керек. Қаншалықты кемшіліктері болғанына қарамастан, біз ойынды лайықты өткіздік деп есептеймін. – «Пари Сен-Жерменмен» алда өтетін матч жөнінде не айта ала­сыз? – Дайындаламыз. Оның өз алаңы­мыздағы кездесуге қарағанда да қиындау болатыны анық. Бұған уақыттың айырымы да өзінің ықпалын жасайды. Сөйте тұра, салымыз суға кетіп тұрған жоқ. Қолдан келгенінше жақсы ойын көрсететін боламыз. Бұдан басқа мақсат жоқ. Оның үстіне, келесі кезеңге өткен есепті болып тұрған француз қыздарына тосын әрекет жасаудан да кетәрі емеспіз. Әңгімелескен Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»