үздік туындылармен және ұлт тұлғаларымен қауыштырды
Кеше Астана жұртшылығы «Көрме» орталығында өтіп жатқан «Eurasian Book Fair-2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің үшінші күніне куә болды. ТМД, Азия және Еуропаның отыздан аса мемлекетінің баспа саласындағы өкілдері заманауи туындыларын, құнды қазыналарын ұсынған мереке аясында түрлі шаралар да толастаған жоқ.
«Есіл ағады» – елдің қолында
Астанада алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық шара аясындағы жиындардың бірінде белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың әлі сиясы кеуіп үлгермеген «Есіл ағады» атты жыр жинағы таныстырылды. Қарағандылық ақын Серік Ақсұңқарұлы автордың өлең өлкесіндегі қарым-қабілеті, шығармаларындағы тереңдік туралы ой-пайымдарын ортаға салды. «Ғалымның лирикалық қуаты қандай болса, эпикалық қарымы да соған жетеқабыл, тiптi, одан да артылып жататынын «Ақ сиса», «Киiк қашқан», «Бiрегейдiң қызылы», «Қара орамал», «Тамакөшкен» поэмаларынан анық көруге болады. Оларда сөздiң салмағынан гөрі, ойдың салмағы ауыр. Махаббат лирикасын азаматтық лирикасындай, азаматтық лирикасын махаббат лирикасындай жазатын ақын дастандарында да қазақтың атойлаған асқақ рухы алдымыздан шығады да отырады» деді қаламгер кітап авторы жайында.
Ғалымдар М.Мырзахметұлы, С.Негимов, А.Кеңшілікұлы Ғ.Жайлыбайдың шығармашылығы жайында өрелі ойларын білдірді. Жиылған жұрт ақын жырларымен сусындады.
Осы күні «Көрме» орталығында көпшілік «Жамбыл Жабаев» энциклопедиясымен, «Гитара үйренудің толық курсы» кітабымен, О.Памуктың «Сезім музейі» туындысымен және басқа да шығармалармен танысты.
Жазушы мен оқырман жүздесуі
Кітап көрме-жәрмеңкесінің үшінші күні оқырманды тағы бір сүйікті жазушысымен қауыштырды. Белгілі қаламгер әрі көптеген философиялық шығармалардың авторы Төлен Әбдік жастармен кездесті. Басқосуды жүргізіп отырған айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы алдымен жазушының шығармашылығына тоқталып, оның тағылымын әңгімеледі.
Кеш иесі оқырмандарының сауалдарына жан-жақты жауап беріп, өмірдегі ақ пен қараның, мейірім мен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың тартысы туралы сыр тарқатты. «Кітап жазу, оның ішінде философиялық туындыларды дүниеге әкелу оңай емес. Ұзақ ойдың жетегіне еріп, халық ауыз әдебиетін, қазақ әдебиетін былай қойғанда, әлем әдебиетін қопара оқуға тура келеді. Айталық, біз тарихта Жәңгір ханды «мектеп салды, балалардың сауатын ашты» деп, зұлымдығын көзге ілмейміз. Қазақтың маңдайына біткен Махамбет батыр: «Хан емессің, қасқырсың, Қас албасты басқырсың. Достарың келіп табалап, Дұшпаның сені басқа ұрсын!» деп неге айбат шекті онда. Әлбетте, Жәңгірдің халқына тізесі батты, аярлық жасады, билігін пайдаланып, белден басты. Сондықтан да ақын бір кездері өзін қасына шақырған ханына жағынбай, қайта тілімен аямай сыбады. Ал біз тарихтағы ақ пен қараны ажырата алмай, Жәңгірді бәрібір жаманатқа қия қоймаймыз. Ал Махамбет жанының тазалығы мен ұлтына адалдығын кірлетпей, болмысындағы бекзадалықты сақтап өтті өмірден», деді жазушы.
Ясауи – кісілігіміздің тірегі, Баласағұн – мемлекеттігіміздің ұстыны
Биыл Қожа Ахмет Ясауидің дүниеден озғанына 850 жыл толса, Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдығы аталып өтілуде. Тарихи қос тұлғаға арналған келелі жиынды Түркі академиясы халықаралық ұйымы ұйымдастырды. Ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік мекемелер мен дін өкілдері қатысқан басқосуды тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі ашып, жүргізді. «ЮНЕСКО деңгейінде тойланып жатқан мерейтойларға арналған шара Астанада тұңғыш рет өтуде. Түрік елінің ойшылы Яхия Беятлының: «Ұлт ретінде өмір сүріп отырсам, Ясауиге қарыздармын» дегені бар. Ал Жүсіп Баласағұн ең алғаш саясатнаманы жазды. Осы еңбегімен ол мемлекетшілдік, адамгершілік және Мәңгілік ел туралы идеяны нығыздап берсе, Ясауи руханият негізінде мәңгілік жолды көрсетті. Демек, бірі – мемлекеттігіміздің ұстыны, бірі – кісілігіміздің тірегі», деді ол алғысөзінде.
Жиын барысында философия ғылымдарының докторы, теолог Досай Кенжетай Қ.Ясауи ілімінің құндылығы төңірегінде баяндама жасады. Мемлекет және қоғам қайраткері Жабайхан Әбділдин Ж.Баласағұн мұрасының бүгін де салмағы жоғалмағанын әңгімеледі. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов пен академик Болат Көмеков тарихи тұлғалардың тағылымын қаузап, олардың рухы әр ғасырда қазақпен жасай беретінін жеткізді.
Басқосу Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры Мұстафа Ереннің, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызының, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының найб-мүфтиі Наурызбай Тағанұлының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сатай Сыздықовтың сөздерімен жалғасты.
Ұлы Дала аруы
Елордалықтар кеше қазақтың ару қыздары туралы көлемді роман жазған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер Шәрбану Бейсенованың «Сүйінбике. Ұлы Дала аруы» атты кітабымен танысты. Қазақ жұрты батыр қыздан, ақылды анадан кенде болған емес. Солардың бірегейі Сүйінбике Жүсіпқызы мен Сүзге жайлы деректі материалдар жинағы туралы алғашқы сөзді Мәжіліс депутаты Қ.Сұлтанов айтып, кітаптан алар тағылым жайында әңгімеледі. Академик С.Қасқабасов ұлт тарихына тереңдеп барса, профессор Т.Жұртбай қазақ қыздарының керемет қасиеттерін тілге тиек етті. Қоғам қайраткері О.Асанғазы қазақ бір жоғын қайта тапқанын айтып, оған еңбек сіңірген кітап авторына алғысын білдірді. Белгілі суретші К.Муллашев Сүйінбикенің бойына Тәңірім сұлулықты да, ақылды да бергенін еске салды. Профессор Б.Аяған алыс тарихтың, Сүйінбикедей ақыл иесінің жұртымызға оралуына ұйытқы болған азаматшаларға алғысын жеткізді. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі татар халқының символына айналған Сүйінбикенің тақсыретті тағдырының түркі халықтарының тауқыметті тарихымен тамырлас екенін айтты.
Тұсаукесер соңында Ш.Бейсенова жиналған жұртқа алғысын білдіріп, қазақ қыздарының бойындағы ұлы дәстүр ғасырлар бойы жалғасып келе жатқанын, кешегі Әлия мен Мәншүк, бүгінгі қайраткер қыздар қаншама, дей келе, оларды мақтан ететінін паш етті. Шараны жүргізіп отырған талантты ақын, білімді ғалым, кітаптың шығуына жанашыр болған Жанат Әскербекқызы: «Сүйінбикенің төркін жұрты біз болсақ, тастай батқан жері татар елі. Ендеше, екі жұрттың ортасындағы алтын арқау болған аяулы апамыздың 500 жылдық мерейтойына орай шыққан туындының жөні де, жолы да бөлек», деп түйіндеді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»