12 Қараша, 2016

Ізгі ниет шекара іздемейді

375 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
baku-1«Гейдар Алиевтің есімі әрқашан да халқының жадында. Ол бар ғұмырын халқының өркендеп өсуіне, елінің қайта жаңғыруына сарп етті, сол себепті де есімі мәңгілік жасай береді». Бұл сөздер Бакуде Гейдар Алиев қорының естелік дәп­тер­інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан жазылған бола­тын. Қор ашылғалы бір жыл өткен соң, 2005 жыл­дың мамыр айында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзербай­жанға сапары шеңберінде Г.Алиев қорына барып, қормен та­ныс­қан соң, естелік дәптеріне қазақ тілінде өз жүрегінен шық­қан лебізін жазып қалдырған бо­латын. Елбасы мен қасындағы делегация мүшелеріне Әзербайжан халқының жалпыұлттық көш­бас­шысына құрмет нысаны ре­тінде салынған қордың мақсаты туралы мәлімет берілді. Қорда Гей­дар Алиев өмірінің ең маңыз­ды сәттері, Әзербайжан мем­ле­кетін құрушы президент ту­расындағы ой-пікірлер, ол туралы жазылған кітаптармен танысқан Елбасы Н.Назарбаев Г.Алиевпен өткізген кездесулерде бірге түскен фотосуреттерді де үлкен қызығушылықпен шолып шықты. Елбасы Қазақстанның тәуелсіздігінің символы болып табылатын ескерткіштің макетін қор президенті Мехрибан Алие­ва ханымға табыс етті. Бұл жерде Елбасының Әзер­байжан сапарында Г.Алиев қорында болуы, Прези­дент Ильхам Алиев пен осы елдің бі­рінші ханымы Мехрибан Алие­ваның алып жүруімен қормен та­нысуы туралы баяндауымның өзін­дік мақсаты бар. Бар ғұмы­рын Әзербайжанның көркеюі мен дамуына сарп еткен Гейдар Алиев 90-шы жылдардағы сол бір аласапыран уақытта – аумағының біраз бөлігі басып алынған және азамат соғысы тұтанған кезде билік басына келген болатын. Осындай қауырт кезеңде «Мен қалған өмірімді халқыма ба­ғыш­таймын», – деген Г.Алиев сал­мақты реформалар жүргізе бас­тап, Әзербайжан қол жеткіз­ген ең маңызды жетістіктердің ав­торына айналды. Г.Алиев салып кеткен жол енді мемлекеттің саяси бағыты тәрізді ең жоғары деңгейде Г.Алиев атындағы қор тарапынан да жалғастырылып келеді. 2004 жылы негізі са­лын­ған және 12 жыл бойы табыс­ты жұмыс істеп тұрған қор мем­ле­кеттің шетелде насихатталуына қол­­дау көрсетіп, жаңа қоғам құ­ры­луына да белсенді түрде ат­са­лысып келеді.  

Қордың мақсаты қандай?

Гейдар Алиевтің қоры айтулы мемлекет қайраткері Гейдар Алиевтің бай мемлекеттік мұра­сын зерттеу және насихат­тау мақсатында құрылған. Қор – Әзербайжан қоғамының рухани тазалығы мен дамуы, ұлт­тық мәдениеттің сыртқы әсер­ден қорғалуы тәрізді міндет­терге негізделген игі ниет мис­сия­сының өкілі. Құрылған күнінен өр­кен­деу мен халықтың әл-ау­қа­тына қызмет еткен кең көлемді жобалардың жүзеге асуы­на қолұшын берген қор Әзер­байжан мәдениетінің танытылуы мен сақталуына байланыс­ты істерге де көмек көрсетеді. Гейдар Алиев қоры халық­тың ұлттық-рухани құндылық­тары­ның сақталуына қолдау көр­сетумен қатар, Әзербайжанның шет мемлекеттерде таныстырылымы, мәдениет, ғылым, білім, денсаулық, қоршаған орта мен спорт салаларына да қатысты бағдарлама мен жобалар дайындап, жүзеге асырады. Қор, сонымен қатар, мұқтаж жеке тұлғаларға көмек көрсету, адамдарға жақсылық, игілік, адамгершілік сияқты қасиетті құндылықтарды дарыту, сондай-ақ мәдениеттер алуандығын қолдау тәрізді бағыттарда да жұмыс істейді. Қор адамдардың өмірі мен денсаулығына, білім алуы­на байланысты барша сала бойын­ша жеке-жеке жобалар дайын­дайды. Алға қойылған мақсат­тардың сондайлық айқын және биік болуына байланыс­ты Г.Алиев қоры қысқа мерзім ішінде жәрдемге мұқтаж әрбір жанның үміт ошағына айналды деп айтсақ жаңылмаймыз. Мақ­саттарын маңыздылығы мен көлеміне қарай барша Кав­каз аймағында баламасы жоқ қор өткен жылдары Гейдар Алиев­тің өз елінің әлеуметтік, мәде­ни және экономикалық тұрғы­дан дамуы, халықтың ма­териал­дық әл-ауқатын жақ­сар­туға ба­ғытталған белгілі идея­ларының жүзеге асуына нақты қолдау көрсетті. Осы жайттардың барлығы Гейдар Алиевтің кейбір кездері жүзеге асыра білген, мақсат етіп орындаған немесе өзі қалаған өмір мен мақсат-тілектері болатын. Негізінде, қор бар ғұмырын өз халқы мен мемлекетінің өсіп, өркендеп, дамуына арнаған Гейдар Алиевке Әзербайжан хал­қының құрметін көрсету мақ­сатынан туған. Гейдар Алиев қорының пре­­зиденті – Әзербайжанның бірін­ші ханымы, UNESCO және ISESCO ұйымдарының ізгі ниет елшісі Мехрибан Алиева.  

Гейдар Алиев қоры – «Ізгілік мектебі»

Гейдар Алиев қорының жұ­мыс істей бастауы сол мемле­кетте үлкен тарихы бар қайы­рым­дылық пен ағартушылық дәс­түрлерінің де қайтадан жаң­ғыр­тылуына септігін тигізді. Бұл идеяның бастамашысы қор­дың президенті Мехрибан Алиева болды. Алиева ханым жұмыстың алғашқы кездерінде қол жетпес армандар мен мақсаттардың жүзеге асуының адам феноменінің күшімен мүмкін екендігін дәлелдеді. Білім саласының дамуына қолдауды басымдық етіп алған қор алғашқы уақыттан бастап, назарын мемлекеттің ілгерілеуіне негіз болған білімге бағыттаған. Бұл «Жаңарған Әзербайжанға жаңа мектеп» жобасында көрініс тапты. Алдымен елдегі барлық мектеп ғимараттарының жағдайына назар аударылып, жөндеу мен жаңартуға және жаңа мектеп салуға зәру елді мекендер белгіленген. Шамамен 10 жылда қордың тікелей араласуымен 500-ден астам мектеп салынған немесе қайта құрылған. Осы жұмыстары арқылы Г.Алиев қоры Әзербайжанда зор құрметке бөленді. «Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін дамыту», «Балалар үйлері мен мектеп-интернаттарын дамыту» бағдарламалары шеңберінде де ел бойынша 30-дан астам балалар мекемесі күрделі жөндеуден өтіп, жаңа жабдықтар берілді. 18 жасын толтырған жетім қыздар үшін бас қала Бакуде 2 ғимарат салынды. Сонымен қатар, астанада еврей балалары үшін 450 оқушыға арналған «Xabad-Or-Avner» білім орталығы мен француз лицейі ашылды. Өткен 12 жылда Гейдар Алиев қоры Әзербайжандағы денсаулық сақтау саласының дамуына мықты қолдау көрсетті. «Диабетті балаларға жәрдем», «Талассемия ауруларының емделуі» тәрізді жобалар жүзеге аса бастады. Мехрибан Алиеваның тікелей бастамасымен Бакуде Талассемия орталығы мен Даун синдромымен ауыратын балаларды сауықтыру орталығы салынды. Қор ел бойынша спорт мекемелерінің салынуына да қолдау көрсетіп, «Барлық жерге бір ағаш отырғызайық!» атты экологиялық акцияны табысты жүзеге асырды. Гейдар Алиев қоры – Әзер­байжан мәдениетінің танытылуы мен дамуы бағытында жүзеге асы­рылған ірі жобалардың да авторы. Қордың араласуымен Әзербайжанның музыка өнері, Ичеришехир тарихи сәулетшілік кешені, Гобустан мемлекеттік тари­хи-көркемөнер қорығы, Әзер­байжан кілемдері, Наурыз мей­рамы, ұлттық ақындар (ашуг) өнері UNESCO-ның «Ма­те­риал­дық емес мұраның үздік туын­дылары» тізіміне енгізілді. Бакуде өткізілген 57-Еуро­видение халықаралық ән бай­қауы және барша құрлықтың үлкен спорт мерекесіне айналған І Еуропа ойындары да Гейдар Алиев қорының қолдауымен табысты жүзеге асырылды. Осы­лайша батыс пен шығыс түйіс­кен жерде орналасқан Әзер­байжан әлемнің назарын өзіне кезекті мәрте аударды. Гейдар Алиев қорының бастамасы және қолдауымен Бакуде Заманауи өнер мұражайы, Гала археологиялық-этнографиялық мұражай кешені мен Гейдар Алиев орталығында Гейдар Алиев мұражайы тәрізді ондаған орталық ашылды.  

Бір мемлекетке сыймаған ізгі ниет

Гейдар Алиев қоры – шетелде жүзеге асырылған көптеген жобалардың да авторы. Қордың Париж, Лондон, Берлин, Рим, Мәскеу және Ватиканда жү­зеге асырған іс-шаралары Әзер­бай­жанның таныстырылымын­да маңызды рөл атқарып, Әзер­байжан Ватиканда көрме ашқан алғашқы мұсылман елі деген атпен тарихқа жазылды. «Білімге қолдау» жобасын табысты түрде жүзеге асырған Г.Алиев қоры Пәкістанда жер сілкінісі кезінде қираған қыздар мектебін қайта салып, денсаулық сақтау мекемелеріне көмек берді және Ресейдің кейбір қалаларында мектеп пен ауруханалар, Мысыр, Голландия және Грузияда көп мөлшерде мектеп, Босния және Герцеговинада зағип және көзі нашар көретін балалар мен жастар үшін жаңа орталық ашып берді. Қордың Ресей, АҚШ, Түр­кия, Румыния және басқа мемлекеттерде жұмыс істеп жатқан өкілдіктері де өз кезегінде маңыз­ды істер атқарып келеді. Г.Алиев қорының вице-президенті Лейла Алиеваның басшылығымен жұмыс істей бастаған Ресей өкіл­дігі жүзеге асырған жобалар, әсі­ресе «Ходжалыға әділет!» нау­қаны мемлекет үшін зор маңыз­ға ие. Бұлардан басқа, Гейдар Алиев қоры шет мемлекеттерде Әзербайжан мәдениет үйлері мен орталықтарының құрылуы идеясына қолдау көрсетеді. Осы аяда танымал Канн кинофестивалі шеңберінде Әзербайжан мәде­ниетінің күндері өткізіліп, Па­риж бен Венада Әзербайжан мә­дениетінің орталықтары ашылды. Мехрибан Алиева UNESCO-ның ізгі ниет елшісі ретінде Францияның Лувр мұражайында жүргізілген жаңар­ту жұмыстарына қолдау көрсе­тіп, Парижде негізі XVII ғасыр­да салынған Франция мемле­кеттік шығыс тілдері мен мәде­ниеттері институтында әзер­байжан тілі факультетінің ашылуына қол жеткізді. Қордың тікелей қолдауы­мен «Milan EXPO-2015» дүние­жүзілік көрмесінде Әзербайжан павильоны ашылды. Ресми мәліметтерге қарағанда, 6 ай бойына Әзербайжан павильонын 3,25 миллионнан астам адам келіп көрген. Айта кеткен жөн, Гейдар Алиев қоры  «Astana EXPO-2017» көрмесінде Әзербайжан павильонының ашылуына қолұшын беретін болады. Көрмеде Әзербайжанның ұлттық күндерін өткізу көзде­луде. Бұл Әзербайжанның Қа­зақ­станмен байланыстарға зор маңыз беретінін кезекті мәрте дәлелдейді. Mәдениеттераралық үнқа­тысу мен толеранттылықты сақтау Гейдар Алиев қоры басым бағыттарының бірі болып табылады. Қордың президенті Мехрибан Алиеваның бастамасымен Әзербайжанда UNESCO-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың мәдениеттераралық үнқатысуына арналған халық­аралық форум мен конференция­лары ұйымдастырылды. Санап бітпейтін осындай игі және ағартушы жобалар арқылы Гейдар Алиев қоры мен оның президенті Мехрибан Алиева көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Алиевтің идеяларын өміршең етіп, адамзатқа ортақ құндылықтарға өзіндік үлес қосып, осы үрдістің жалғасын табуы үшін жұмыс істеуде. Қордың құрылған күнінен бастап алдына қойған мақсат-міндеттері ауқымдылығымен ерекшеленеді. Гейдар Алиев қоры небәрі 12 жыл ішінде Әзербайжан мемлекетінің тарихи жетістігіне айналып үлгерді. Фузули МАЖИДЛИ, саясаттанушы