12 Қараша, 2016

Әлем күтпеген саяси-тектоникалық сілкініс

399 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
akshСонымен, бір жыл тоғыз айға созылған және планета телеэкранынан түспей келген АҚШ-тағы президенттік сайлау марафоны өз мәресіне келіп жетті. Алайда, аталған сайлаудың нәтижесі алпауыт Американың өзін ғана емес, күллі әлемді де дүр сілкіндірді. Бұлай деуге толық негіз бар. Өйт­кені, біріншіден, тікелей телеэфирде Хиллари Клинтон мен Дональд Трамп­тың сайлауалды өткізген үш сайысы­ның нәтижесіне сүйене отырып, Амери­каның айтулы ақпарат құралдары мен әлемнің саяси сәуегейлерінің басым көпшілігі жеңіс тізгінін Хилла­ри Клинтонның ұстайтынына титтей де күмән келтірмеген болатын. Себе­бі, олар Дональд Трамппен салыс­тыр­ғанда, Хиллари Клинтонның саясат сахнасындағы тәжірибесі мен салмағы әлдеқайда басым екеніне екпін беріп келген-ді. Екіншіден, сайлау науқанының басында Америка Құрама Штаттарының іс басындағы президенті Барак Оба­ма Филадельфияда өткен АҚШ Демо­кра­тиялық партиясының үлкен жиынында алпауыт елдің президентіне жарас­пайтын іс-әрекетке барған еді. Ол Хиллари Клинтонның шашбауын көтеріп, күллі әлемнің алдында оның бәсе­келесі Дональд Трамптың ел басқаруға лайық емес екен­дігі туралы ресми, бірақ өз абыройына дақ түсірген келеңсіз мәлімет тарат­қан болатын. Алайда, үстіміздегі қарашаның 9-күні АҚШ-та өткен жалпыұлттық пре­зи­денттік сайлаудың нәтижесі мүлде керісінше болып шықты. Күтпе­ген жерден, Хиллари Клинтон емес, үлкен басымдықпен АҚШ-тың 45-ші Президенті болып мультимиллиардер Дональд Трамптың сайланып кетуі оның қарсыластарын тақырға отырғызып кетті. Бұл тұрғыдан келгенде, мақтаулы Хиллари Клинтонның осы жолғы жеңілісін Демократиялық партияның да, сол партияның атынан сайланған іс басындағы президент Барак Обаманың да жеңілісі деп санаған жөн. Өйткені, кеше ғана өткен президенттік сайлаумен қатар, АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы мен Сенатында қат-қабат өткен қос сайлаудың нәтижелері де Американың Республикалық партиясының пайдасына шешілді. Қос палатаның екеуінде де сол партияның өкілдері басымдыққа қол жеткізді. Демек, бұл жеңісті Республикалық партияның өкілі Дональд Трамптың АҚШ-тағы үш билік тармағының тізгінін түгелдей өз қолына алғанын айшықтайтын таза жеңіс деп бағалаған жөн. Себебі, Сенаттағы 100 мандаттың 51-іне республикалықтар ие болса, демократтар тек 47 мандатпен ғана шектелді. Ал қалған 2 орын Егемендік партиясының үлесіне тиді. Сонымен қатар, төменгі палатадағы сайлау нәтижелері де Дональд Трампқа басымдық беретіні дау туғызбайды. Сайлау барысында, әсіресе, АҚШ-тың кабельдік телеарналары оңбай ұятқа қалды. Себебі, олар Дональд Трампты бір жарым жыл бойы ұлтшыл-популист, нәсілшіл, әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткен жабайы тұлға деп қаралап баққан болатын. Енді, міне, Дональд Трампқа ор қазғандар оңбай қателескендерін еріксіз мойындауға мәжбүр болып отыр. Ол ол ма, Америка ақпарат құралдарымен жарыса, Дональд Трамп туралы теріс пікір таратқан Еуропа мемлекеттерінің кейбір басшылары да ыңғайсыз жайға тап болып жатыр. Ұялған тек тұрмас демекші, әлгі жоғары лауазымды тұлғалар енді еріксіз шегініс жасап, АҚШ бұрынғыша олардың басты әріптес мемлекеті болып қала береді деген екіжүзді мәлімет таратуға мәжбүр болды. Бұл тұрғыдан келгенде, күллі Еу­ропа, оның ішінде, әсіресе, Балтық бойын­дағы мемлекеттер қатты саса бастады. Мұның да өзіндік себебі бар. Өйткені, сайлау науқаны кезінде Дональд Трамп Американың бүгінгі президенті Барак Обаманың жүргізіп отырған сыртқы саясатымен қатар, НАТО блогын да қатты сынға алған болатын. Сондай-ақ, АҚШ-тың 45-ші президенті Ресеймен қарым-қатынасты дұрыс жолға қоятынын да ашық мәлімдеген еді. Оның үстіне, келесі жылы Еуропадағы кейбір мемлекеттерді де ірі сайлау науқандары күтіп тұр. Сондықтан олардың нәтижелеріне АҚШ-та өткен президенттік сайлаудың салдары мен салқыны тиіп кетуі әбден мүмкін деген күдік белең алып отыр. Сонымен қатар, Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануы кейбір елдердің қаржы жүйесіне де кері әсер ете бастады. Мәселен, Мексика мен Канаданың ұлттық валюталарының құнсыздануын басқаша түсіндіру мүмкін емес. Ашық ақпарат көздерінен байқалып отырғандай, АҚШ пен Еуропада бұқаралық ақпарат құралдарына үн қосып, Дональд Трампты балаларына құбыжық етіп көрсеткен ата-аналар енді ұяттан беттерінен оттары шы­ғып, отбасындағы жастарға не дерін білмей сасуда. Әрине, мұндай мысал­дар баршылық. Бірақ оларды жіпке тізбей-ақ, оқырман назарын енді АҚШ-тың Демократиялық партиясы пре­зиденттікке ұсынған, есімі әлемге әйгілі де белді тұлғасы Хиллари Клинтонның таққа талас үшін екінші рет сайысқа түсіп, екінші рет жеңіліс тапқанының себептеріне аударуды жөн көрдік. Біріншіден, бұл жеңіліс кейінгі 8 жыл бойы Америка билігін уысында ұстаған Демократиялық партияға деген халық сенімінің мүлде тоқырағанын көрсетеді. Айтса айтқандай-ақ, осы жылдар ішінде АҚШ-тың Ауғанстан, Ирак, Ливия және Сирия мемлекеттерін күйреткен әділетсіз соғыстардың бел ортасында болғаны жасырын емес. Және жүздеген америкалық әскеридің өмірін жалмаған сол соғыстар әлі тоқтаған жоқ. Екіншіден, Барак Обама прези­дент­тігінің алғашқы төрт жылында Хиллари Клинтон АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы болып қызмет атқарды. Дәл осы жылдары АҚШ пен Ресей арасы қайта суи бастады. Егер кешегі сайлау­да Хиллари Клинтон жеңіске жеткенде, Барак Обаманың сыртқы саясаты қайта жалғасып, халықаралық жағдай бұрынғыдан бетер шиеленісе түсер еді. Үшіншіден, іс басындағы президент Барак Обаманың Хиллари Клинтонның шашбауын көтеріп, ресми түрде оған ашық қолдау көрсеткені үлкен қателік болды. Жеңілістің басты себептерінің бірі де осында жатыр. Өйткені, онсыз да соғыстан әбден мезі болған Америка халқы АҚШ-тың сыртқы саясатының бұрынғыша жалғаса беруін қаламады. Демек, Барак Обама артық қыламын деп, тыртық қылып алды. Төртіншіден, Демократиялық пар­тия­ның көсемдері Дональд Трампты тым қарабайыр санап, тұмақпен ұрып аламыз деп, оңбай қателесті. Бесіншіден, Хиллари Клинтонның штабы Дональд Трампты Американың күллі жұмысшы табы мен бизнес өкіл­дері тұтас қолдап кетеді деп мүлде ойламады. Алтыншыдан, Америка халқы АҚШ пен Ресейдің арақатынасын түзеуге бағытталған Дональд Трамптың сайлауалды бағдарламасын жылы қабылдаған сыңайлы. Өйткені, қарапайым халыққа қырғи-қабақ соғыс емес, бейбіт өмір керек екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, Хиллари Клинтон жеңіске жетсе, АҚШ пен Ресейдің, сол сияқты, АҚШ пен Қытайдың арасы бұрынғыдан бетер шиеленісе түсері анық еді. Электорат бұл факторға да мән берді. Осы айтылғандарды ескере отырып, Дональд Трамптың жеңіске жеткені Америка қалаларында көшеге шығып, наразылық білдірген кейбіреулерге ұнамағанымен, әлемдік қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда, жақсы нышан деп қабылдаған жөн. Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері