12 Қараша, 2016

Қазақ өнерпаздары - Италия сахнасында

670 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығы мен Италиядағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында Италия қалаларында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы әртістері мен шығармашылық ұжымдарының гастрольдік кештері өтеді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі. Қазақстан өнер шеберлерінің концерттері Италияның атақты концерт залдары - Миландағы Piccolo Teatro Studio(12 қараша) және Римдегі Academia di Santa Cecilia (14 қараша) залдарында өтеді. «Қазақконцерт» басшысы Салтанат Сейдімбектің айтуынша, қазақстандық әртістердің Италия сахнасында өнер көрсетуі бүкіл әлемге Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық тарихында қол жеткізген табыстары мен жетістіктерін паш етуге мүмкіндік береді. «Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде Елбасымыздың бастамасымен мемлекетіміз зор табыстарға қол жеткізіп, талай биіктіктерге жетті. Қазақстандық әртістер шетелдегі концерттерімен еліміздің бай, көптүрлі мәдениетіміздің, ұлттық өнеріміздің бірегейлігінің танымалдығын арттырып келеді. Бұл өнер көрсету де екі дос мемлекетіміздің арасындағы мәдени ынтымақтастықтың нығаюына зор үлес қосады деген сенімдемін», - деп пікірімен бөлісті Салтанат Сейдімбек. Бағдарлама қазақтың дәстүрлі музыка мәдениетінің сан-алуандығы мен орасан зор байлығын барынша паш ету мақсатымен құрылды. Концертке «Ұлы Дала Сазы» атты прологы өзіндік түркі әлемінің атмосферасын қалыптастырады. «Қазақконцерт» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және «Арлан» ұлттық киімдер театрының актер-батырлары бірге орындайтын қазақ халық әуендерін тыңдау арқылы көрермендер сонау алыс тарихқа көз жүгіртіп, өздерін сол көне дәуірлердің куәгерлері ретінде сезіне алады. Концерттік бағдарламаға дәстүрлі ән өнерінің жарқын өкілі Ерлан Рысқали, «Шолпан» би тобы, әнші Әсел Қарсыбаеваның  және тағы басқа өнер майталмандары қатысады. Сонымен қатар итальяндық көрермен қазақ ұлттық аспаптарының әуендерін тыңдап, олармен танысуға керемет мүмкіндігіне ие болады. Аян Омаров көне екі ішекті, ыспaлы музыкалық аспап қыл-қобызда Қорқыт бабаның «Қоңыр» күйін орындаса, Анар Мұздаханова, Бекайдар Қалиев және «Серпер» ансамблі кеш қонақтарын танымал қазақ музыкалық туындыларды домбырада орындаумен қуантады. Концертте өзге көне қазақ ұлттық аспаптарға да орын болады: көне көп ішекті шертпелі аспабы жетігенде «Аңшының жыры» күй-аңызын орындаса, Мира Тастенова тыңдармандарды саз сырнайдың үнімен таныстырады. Ал академиялық бағыттағы керемет әншілер Әйгерім Алтынбек пен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов (баритон) өз өнерін көрермендерге сыйлай отырып, қазақстандық композиторлардың туындыларымен қатар итальяндық вокалдық музыка жауһарларын орындайды.