13 Қараша, 2016

ОҚО-да үздік кәсіпкерлер анықталды

276 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ырыс» микроқаржы ұйымы ең үздік 25 кәсіпкерді марапаттау жобасын қолға алды. ОҚО облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы орайда мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған төлебилік қос кәсіпкер үздік деп танылды. Мықтыбек Оспанов 2014 жылы «Ырыс» қаржы ұйымынан мал бордақылау мақсатында 3 млн теңге несие алған. Ол ауыл тұрғындарын ет өнімімен қамтамасыз етіп қана қоймай,  туристік аймаққа саяхат жасаушыларға саумал мен қымыз жеткізіп отыр. Келесі марапат иесі қорғандық Тұрсымбай Зайтенов деген азамат. Кәсібінің нәсібін көріп отырған еңбекқор азамат осы жылы аталған қаржы ұйымынан 5 млн теңге несиеге қол жеткізді. Шаруашылықпен айналысқанына көп болмаса да, ірі қараның басын көбейтіп, күннен-күнге шағын кәсібі жанданып келеді. Айта кетейік, 2016 жылы «Ырыс» МҚҰ» арқылы Төлеби ауданында жалпы соммасы 143,0 млн теңге болатын 45 жоба мақұлданды. Кәсіпкерліктің қыр-сырын жетік меңгерген шаруалар жұмыс жүйелі әрі табысты екенін айтады. Қаржы ұйымы келешекте әлі 23 үздік кәсіпкерді марапаттамақшы. Олардың қай аймақтан екені әзірге белгісіз.