14 Қараша, 2016

Астаналықтар жұмысқа неге кешікті?

306 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін Астанадағы көшедегі кептеліске байланысты астаналықтардың көбісі жұмысқа кешігіп барды. Тіпті, Үкімет мүшелері де жұмысқа кешікті. Соған байланысты бүгінгі Үкімет отырысы да сәл кешігіп басталды. Осыған байланысты Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысының негізгі күн тәртібіне көшпес бұрын Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтен қаладағы жағдай бойынша есеп беруді сұрады. «Жұмысымызды бастамас бұрын Әсет Өрентайұлына бір сұрақ, бүгін жұрттың бәрі түніменен жауған қарға байланысты жұмысқа кешігіп келіп жатыр. Біздің де отырысымыз кешігіп өтуде. Қаланың бәрі тұрып қалды. Ешбір дайындық жоқ сияқты. Жағдай не болып жатыр?», - деді Б.Сағынтаев қала әкіміне қарата айтқан сөзінде. Астана қаласы әкімінің айтуынша, дайындық жасалған. Бірақ ауа райының күрт өзгеруі қиындық туғызып отыр екен. «Түнгі сағат 02:00-ден бастап жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, жолдар таза. Бірақ қардың көп жауғанына байланысты шынымен де үлкен кептелістер пайда болды. Меніңше, жақын арада бәрі реттеледі», - деді Ә.Исекешев. «Әсет Өрентайұлы, бұл сіздің әкім қызметіндегі алғашқы қысыңыз, алғашқы сынағыңыз деуге болады. Одан сүрінбеу өтуіңізге тілектеспіз», - деді Үкімет басшысы. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан.