14 Қараша, 2016

Алтайда ақтүтек боран

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
1452760480 Соңғы күндері Шығыс өңірінде күн райы бұзылып, ұйытқыған боран толастамай тұр. Оның үстіне бұл мезгілге тән емес, бұрын-соңды түспеген қар түсіп, жұртшылықты әбігерге салды. Айталық, Өскеменде – 33 , Зырянда – 48, Көкпектіде – 38, Үржарда – 42, Семейде – 17 сантиметрге дейін қар түскен. Бұл жылдағы нормадан екі есе артық. Тіпті, облыс орталығының өзінде барлық қызмет түрлері жұмылдырылғанымен қаланы қалың жауған қардан тазалап үлгермей жатыр. «Қазгидромет» қызметі өңірде қалың қар мен ұйытқыған желдің 18 қарашаға дейін толастамайтынын хабарлаған болатын. Бұл мерзімде облыстағы қалалар мен аудандардағы ауа температурасы -2 мен -25 градус аралығында болады деп күтілуде. 14 қараша күні «Қазавтожол» өңірлік филиалы барлық автокөлік түрлері үшін «Шемонайха-Ресей Федерациясы шекарасы», «Өскемен-Зырян-Катонқарағай-Рахман қайнары» республикалық дәрежедегі жолдарының жабылғанын мәлімдеді. Бұған дейін 10 қарашада «Семей-Қарауыл» жолы жабылып, қайта ашылған еді. 004725_03 Құтқарушылар қызметі ауа райына байланысты тұрғындарға жолға шықпау жөнінде ескерткенімен, қар құрсауында қалып қойған жолаушылар жетерлік. Мәселен, «Өскемен-Бобровка ауылы» автожолында 17 адам отырған автобус қар құрсауында қалды. Арнайы техника арқылы құтқарушылардың мамандандырылған жасағының 2 қызметкері жолды қардан аршып, жолаушыларды қалаға дейін жеткізіп салды. Ұлан ауданындағы қарға малтығып қалған көлік иесіне де көмек көрсетті. Сондай-ақ «Өскемен-Алматы» жолында жолаушылар мінген автобус жолдан шығып кетіп, малтығып қалған. Оқиға орнына «Жарма» құтқарушылар бригадасы жетіп, 38 адамды қауіпсіз жерге жеткізді. 12 қарашада аталған жолдың 247 шақырымында 18 жолаушы мінген автобус қалып қойған болатын. Жолаушылар жолай кездескен көліктерге отырып, ешкім зардап шекпеді. Көршілес Ресей елінде де отандастарымыздың жолда қалып қойғаны анықталды. Тюмень-Ханты-Мансы автожолында жағармайы қатып қалған қазақстандық автобустағы жолаушыларды полиция қызметкерлері құтқарып қалды. Олар Тобылдан Қостанайға келе жатқан вахталық жұмысшылар екен. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы.