«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның (әрі қарай – Конституциялық заң) 27-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары басталды.
Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылдың 4 ақпанындағы №16/22 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына» сәйкес сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 2011 жылдың 2 сәуірінде жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
Сайлау алдындағы үгіт барысында президенттікке кандидаттар баспа және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында өздерінің сайлау алдындағы үгіт және насихат жұмыстарын жүргізуге құқылы.
Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жүргізуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімділігінің тең жағдайына кепілдік беріледі (Конституциялық заңның 28-бабының 2-тармағы).
Конституциялық заңның 27-бабының 7-тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға міндетті.
Конституциялық заңның 28-бабының 5-тармағына сәйкес барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жер мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәліметтер болуға тиіс. Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдік үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағына сәйкес сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргізген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргізілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді дауыс берілетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні жариялауға жол берілмейді.
Сайлау күні дауыс берілетін үй-жайда немесе дауыс беру пунктінде қоғамдық пікірге сұрау салуға тыйым салынады. Көрсетілген тыйымдарды және сайлау алдындағы үгіт жүргізу талаптарын сақтамау Конституциялық заңның 50-бабының 2-тармағының 5, 11, 16-тармақшаларына, 59-бабының 7-тармағына, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 25-бабына сәйкес кінәлі тұлғалардың әкімшілік, қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілігіне әкеліп соғады.
Бұқаралық ақпарат құралын сайлау алдындағы үгіт жүргізу, оның ішінде кандидаттар туралы көрінеу жалған мәліметтер тарату немесе сайлаудың нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтіретін өзге де іс-әрекеттер жасау заңның 13-бабының 3-тармағына сәйкес сот тәртібімен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын не бұқаралық ақпарат құралы өнімінің таратылуын тоқтатуға негіз болып табылады.
Заңнама нормаларының мазмұнын түсіндіре отырып, Бас прокуратура сайлау алдындағы үгіт жүргізу талаптарын бұзуға, үгіт материалдарын заңсыз дайындау және таратуға, сондай-ақ кандидаттар туралы жалған мәліметтер жариялауға немесе олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтіретін өзге де іс-әрекеттерге баруға жол берілмейтініне азаматтардың, лауазымды адамдардың және барлық бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударады.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы.