Қоғам • 06 Тамыз, 2024

Несиесі 90 күннен асып кеткендер қалай табыс табады

137 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова және «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев Жамбыл облысына барып, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы атқарылып жатқан жұмыспен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Несиесі 90 күннен асып кеткендер қалай табыс табады

Фото: Қарызсыз қоғам

Биыл сәуір айында партия бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында «Агросауат» агробіліктілік орталығы ашылды. Онда егін, құс және мал шаруашылығын жүргізуге қатысты теориялық және тәжірибелік курстарды ақысыз негізде оқыту жұмысы ұйымдастырылды. Тамара Дүйсенова бұл бастаманы жоғары бағалап, оны ары қарай кеңінен тарату мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтты.

«Банктерге қарызданған, есепшоты бұғатталған адамдарды «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқытып, олардың өз кәсібін ашуына және берешегінен құтылуына мүмкіндік жасалып жатыр. Бұл жобаны жалғастырамыз. Бұл үшін оқу корпустары ашылады. Сол корпуста ірі кәсіпкерлер тәжірибе жүзінде де оқытуды мойнына алып, өзге өңірлерге таратуын қарастырамыз. Тығырыққа тірелгендерге «AMANAT» партиясы демеушілермен бірге тауарлық несие беріп, өнімін сатуға көмектеседі», деді Тамара Дүйсенова.

Бұл ретте вице-премьер тауарлық несие беру механизмін жетілдіру қажет екенін айтып, тауарлық несие беруші мен алушы арасында сақтандыру енгізуді ұсынды.

«Қарызсыз қоғам» жобасының авторы, «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев барлық ауылға скрининг жасалғанын, Меркі ауданында 9 бағытта кәсіп бастауға болатынын жеткізді. Жаңадан ашылған «Агросауат» орталығында несие төлеу мерзімін 90 күннен астам кешіктіргенде басымдық беріледі.

р

«Себебі олар «Ауыл аманаты» секілді мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайды, несие берілмейді, «қара тізімге» енген. Олардың саны елімізде 1,5 миллионнан асты, бұл үлкен әлеуметтік мәселе деп есептейміз. Соған байланысты «Ауыл аманаты» мен «Қарызсыз қоғам» бағдарламаларын ұштастыруды ұйғардық. Мысалы бір қатысушының мойнында 8 несие бар, оған қаржылай несие берілмегесін, 5 күн оқытып, тамшылап суару жүйесі, пленка және 10 мың көшет түрінде тауарлы несие бердік. Осылай қолдау көрсетпесек, өздігінен қарызынан құтыла алмайды», деп түсіндірді Э. Жұмағазиев.

Жоба қатысушылары өндірген өнімдерді сату және өңдеу мәселесі де жолға қойылған. Борышкер тапқан табыстың 50 пайызы кешіккен несиені жабуға жұмсалады, 25 пайызы тауарлы несиені жабуға және қалған 25 пайызы – өзіне қалады.

«Біздің ойымызша, қарызын өтей алмай жүргендерге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тауарлы несие берілуі керек. Сосын өнімдерді өңдейтін кәсіпорындар керек. Қазір өнім күйінде сатылып жатыр, қосымша құнын өтейтіндей тауар өндіріп жатқан жоқпыз. Соған байланысты осы жоба аясында көршілес Т. Рысқұлов ауданында құлпынай, таңқурай өңдейтін цех аштық. Ең басты мәселе – технологиялық талаптарды сақтай отырып, тауар өндіру және табыс табу», деді партия хатшысы.

Бүгінде «Агросауат» оқу орталығында 130 адам дәріс алып, олар мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, құлпынай егу, таңқурай егу секілді түрлі бағыттарды таңдады.

«Мұнда еш іріктеу жүргізілмейді, орталық туралы естіген, оқуға ниетті адамдар келеді және арнайы топ құрылады. Тыңдаушылар бірден кәсіп бастап кетпейді, өз бағыттарын, неге икемі барын нақтылайды. Бүгінде құлпынай бағыты бойынша кооператив құрылды, джем, тосап жасайтын кішігірім цех ашылды. Тізбек толық жабылды деуге болады. Енді тігін цехы, жартылай фабрикат секілді басқа да бағыттарды қолға аламыз, жобаның ауқымын кеңейтеміз. Сарапшы сүйемелдеген жұмыстардың нәтижелі болатынын көріп отырмыз», деді «Агросауат» оқу орталығының жетекшісі Айман Ақынбекова.

«Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушысы, «Агросауат» орталығының түлегі Талантбек Сокушбаев мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отыр. Бала күтіміне байланысты несие алуға тура келген және шалғайға жұмыс істеуге шыға алмаған.

п

«Бұған дейін өзге қалаларда вахтада жұмыс істедім, сауда-саттықпен айналыстым, зауыттарда еңбек еттім. Бала өскен сайын үйден шығу қиындады, сонда көршімнің жерін жалға алып таңқурай өсіруді бастадым. Әрине алғашында оңай болмады, алатын өнім ауа райына тікелей байланысты. Биыл көктемде жоба туралы естіп, құлпынай бағытына жазылдым. Орталық керекті жабдықтардың бәрін әкеп береді. Осылайша, мол өнім алып, біртіндеп қарыз төлеп жатырмын. Ауылда жұмыс көп, тек істейтін адам жоқ. Кейде еңбек қолы жетіспейді», деді жоба қатысушысы Т.Сокушбаев.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова Мойынқұм, Шу және Меркі аудандарына барып, мал шаруашылығын өрістетуге, әсіресе түйе шаруашылығын жүргізуге қолайлы орта бар екенін атап өтті. Алайда мұндағы шаруалар әзірге ет пен шұбат өндірумен шектеліп отыр.

«Үш аудандағы 200-ден астам түйе өсіретін азаматтарды басқа облыстан келген компаниялармен кездестірдік. Онда түйе бағу, сүт алу, сүтті қайта өңдеу мәселелерін қарастырдық. Егер де осы облыс азаматтары қаласа, алматылық кәсіпорын шұбаттан ұнтақ жасайтын цех ашуға дайын. Сол компания ары қарай Қытайға өнім экспорттау мәселесін қарастырады. Бұл – ауылдағы жұмысын жаңа бастаған қосалқы шаруашылықтарға үлкен мүмкіндік», деді Т. Дүйсенова.

Сонымен бірге «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» жобалары арқылы жеке шаруашылығын дамытып, қарызынан құтылған табысты кейстер көрсетілді және барлық қатысушылармен кездесу өтті.

«Агросауат» – азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының қисынды жалғасы болмақ. Жаңа орталықта жидек өсіру, қант қызылшасын егу, жем-шөп, сүтті ірі қара, етті ірі қара, құс шаруашылығы секілді шаруашылықтар ашып, 150 адамды қарыз деңгейінен шығару мақсаты қойылған. Қара тізімнен шыққан тұрғындар ары қарай мемлекеттің бизнесті қолдау бағдарламаларына, «Ауыл аманаты» бағдарламасының 2,5 пайыздық несиесіне жүгіне алады.

«Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Биыл Президент тапсырмасымен еліміздің барлық 20 өңірінде, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықты қаржылық сауатқа жаппай оқыту жұмысы ұйымдастырылды.

«Қарызсыз қоғам» жобасына демеушілік көрсететін банктер саны артып келеді. Атап айтқанда, Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan, Nurbank, Bank RBK жобаның серіктесі атанды.

Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін  www.qogamfin.kz онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.