18 Қараша, 2016

Өз ісін ашқысы келгендер

285 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
foto-abenov-m-t-2әрқашан жан-жақты қолдау көреді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті еліміз экономикасын дамытудың негізгі қозғаушы күшінің біріне санаған болатын. Бұл орайда Қостанай өңірінде де кәсіпкерлік өрісі кеңейе бастады. Үш жыл бұрын өмірге келген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолға алынатын игілікті істердің ұйытқысына айналды. Сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлер палатасы да өз ісін ашып, кәсібін үйіріп кетуге талпынған қостанайлықтардың қасынан табылады. Осыған байланысты кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат ӘБЕНОВПЕН атқарылған істер мен игі шаралар жөнінде әңгімелескен едік. – Мұрат Телғараұлы, кәсібін ашып, нәсібін көріп жатқандар алдымен сіздерге қандай мәсе­лелермен жүгінеді? – Өз ісін ашу, белгілі бір кә­сіппен айналысу, мүмкін айт­қанға оңай шығар. Кәсіпті бас­тау үшін ұйымдастыру, құжат­тық, құқықтық секілді толып жатқан жұмыстарды атқару керек. Осылардың барлығын оңға келтірем деген кәсіпкердің алдынан көлденең кездесер кедергілер аз болмайды. Алдымен кез келген кәсіпкер экономика, әлеуметтік және құқық саласындағы заңна­маларды жақсы біледі деп айта алмаймыз. Сондықтан өз ісін ашқысы келгендер кедергілерге көп кездеседі. Кәсіпкердің құқын қорғау біздің жұмысымыздағы басты бағыт, міндетіміз болып саналады. Кейде түрлі деңгейдегі мем­лекеттік органдар тарапынан негізді, негізсіз кедергілер болып жатады. Мысалы, ауыл ша­руашылығындағы кәсіпкерлер үшін егін алқабы, жайылым үшін жер телімі ауадай қажет. Қалада да құрылыс, кәсіпорынға қажетті ғимарат салу үшін жер телімі керек. Кәсіпкерге кейде жергілікті атқарушы билік сұраған жер телімін бермейді. Кәсіпкер арызын арқалап бізге келеді. Біз ондайда аудан әкімдігімен кездесіп, жер телімін бермеу себебінің заңды немесе заңсыз екенін анықтаймыз. Егер заңды болса кәсіпкерге тығырықтан шығудың басқа жолын көрсетеміз, заңсыз болса дәлелдейміз, кәсіпкер құқының бұзылғандығын дәлелдеу үшін прокуратураға жазып, бірлесе тексерулер жүргіземіз. Шағын және орта бизнес кә­сіпорындарын тексеретін органдар жеткілікті. Егер олар айып­пұлды негізсіз салса, басқадай да қысым жасалса біздің сарапшылар оны дәлелдейді, сол жолда сотқа дейін жүгінеді. Осы кезге дейін кәсіпкерлерден құқы мен заңды мүддесіне қысым жасалғандығы туралы 372 шағым түсті. Осы орайда кәсіпкерлерден түскен мұндай шағымдар жыл өткен сайын көбейіп отырғандығын айта кеткім келеді. Мысалы, 2014 жылы 129, 2015 жылы 159 арыз түссе, үстіміздегі жылдың бес айындағы келген шағымның саны 84-ке жетті. Мұның өзі өт­кен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда едәуір көп. – Кәсіпкерлер шағымынан қандай қорытынды нәтижелер шығарылды? – Алдымен мен мына ойды айтқым келеді. Кәсіпкерлер шағы­мының жылдан жылға көбеюі олардың өз мүддесін қорғауға деген талпынысының артқанын білдіреді. Өздерінің алдынан кездескен қандай да бір қиындықты, кедергіні болдырмау үшін олар­дың кәсіпкерлер палатасына жүгінуі біздің де жұмысымыз жаман жүріп жатпағанына куә болса керек. Бұл орайда кәсіпкерлер палатасы облыстық прокуратурамен тізе қосып жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде кәсіпкерлер құқын қорғауда прокуратура 36 акт жасады. Әрине, келген шағымның әрқайсысының артында кәсіпкер, шағын және орта бизнес ныса­нының тағдыры, тұтынушы тұрғаны анық. 2014 жылы түскен шағымдардың арасынан жалпы сипат алған 26 мәселе шешімін тапты. Ал 2015 жылы 111, биылғы бес айда 41 күрделі проблеманы шешіп, кә­сіп­кер ісінің оңғарылып кетуіне қолқабысымыз тиді. Орта және шағын бизнес нысандарына келген жалпы шығын 3 миллиард теңгені құрады. – Кәсіпкерлердің бір күн тоқтаған жұмысы бір­неше күн­дік, айлық табыс­ты жо­ғал­туы мүмкін ғой? Сондықтан сіз­дердің демеу­леріңіздің ма­ңы­зы үлкен. Мыса­лыңыз бар­шылық шығар? – Шағын және орта бизнес бауыр­ын жазып кетуі үшін біздің елімізде оларға жан-жақты қолдау болуы қажеттігін Елбасы ескертіп отыр. Сондықтан олар үшін қандай қолдау да маңызды екенін айттым. Мысалы, жүргізушілер қандай да бір ереже бұзғанда көлік инспекциясы қызметкерлерінің жүк машинасының техникалық құжаттарын алып қоюы және оны ұзақ уақыт қайтармау проблемасын шештік. Өйткені көліктің қисапсыз ұзақ тұрып қалуынан жүк нысаналы орнына уақтылы жетпей, кәсіпкерлер шығынға батады. Тәртіпті қадағалаушы көлік инспекциясы мамандарының әрекеті теріс болмағанымен, түпкі мақсатты ойлауымыз керек. Жалпы, өткен екі жылда біздің палата облыстағы жүк тасушыларды екі рет ірі айыппұлдан құтқарды. Автоматтандырылған бақылау жүйесі қате көрсеткен көрсеткіштерді біздің сарапшылар дәлелдеді. Осыдан бір-екі жыл бұрын Қос­танай қаласы орталығындағы Нариманов базарындағы кәсіп­керлерге төтенше жағдай органдары сауда нүктелерін қайта салуды қыстап талап етеді. Бұл сауданың ұзақ уақыт тоқтап қалу қаупін төндірді және сауда нүктелерінің иелері 40 миллион теңгеге жуық зиян шегетін еді. Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» ортақ мәмілеге келтірді. Талапкер жа­ғына бұл іске кәсіпкерлердің үл­кен көлемдегі қаржы шығаруы құжаттар стандарттарында қарал­мағандығы түсіндірілді. Кәсіпкерлер құқын қорғау ісі екінің бірінде сот арқылы шешімін тауып жатады. Соңғы екі жарым жылда сарапшылар 50 сот процесіне қатысып, соның жартысында сот шешімі кәсіпкерлер пайдасына шешілді. Мысалы, өткен жылдың соңында біздің сарапшы Жоғарғы сотта жеке кәсіпкердің құқын қорғап шықты. Салықшылар кәсіпкерге негізсіз салған 4 миллион теңге айыппұлдың орнына ол Жоғарғы сот шешімімен 30 мың теңге төледі. Мұндай мысалдарды тізе беруге болады. – Жалпы палата жеке кә­сіп­кер­лерге көмегі арқылы биз­нес­­ке кедергі болып табылатын, жалпы сипатқа айналған мә­­селелерді анықтады ма? Осы орайда облыста қандай істер жү­зеге асты? – «Бір жоқ бір жоқты табады» дегендей, біздің жеке кәсіп­керлерге көмегіміз жалпы сипатқа ие болып отырған проблемаларды көрсеткені рас. Иә, біздің жұмысымыз аясының кеңдігін де айтсам деп едім. Жұмысты жалпыға бірдей көмек болатындай етіп ұйымдастырмасақ, ісіміз өнбес еді. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасы аясында қаржылай емес көмек операторы болып келеді. Біз де оның көрсеткен бағыттарын басшылыққа аламыз. Кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау жұмыстары кәсіпкерлерге сервистік қызмет, кеңестер беру, жобалар жасасу, тегін оқыту бағыттарынан тұрады, соның аясында бізде сан тарау, жан-жақты істер атқарылады. Біздің сарапшылар бизнес ортасын жақсарту-жаңғырту үшін көптеген талдаулар, сараптамалар жүргізеді. Бұл орайда құқықтық акт нормалары жобаларын зерделеп, оған талдау қорытындысын беріп отырады. Осы жылдар ішінде біз 282 құқықтық акт жобасын қарадық, оның 27-інде мемлекеттік органдар назарға алған ескертулер жасадық. Мысалы, мемлекеттік қызметтерге қоғамдық мониторинг жүргізу кезінде анықталған қызмет көрсету мерзімінің өтіп кетуі, құжаттар стандартында қаралмаған талаптар, құжаттар қабылдау режімін қысқарту секілді кедергілер жойылды. Біз құқықтық нормативтік актілерді кәсіпкерлердің өздерінің қаты­суымен қарадық. Өткен жылы 3000 құжат талданды, соның ішінде жүзден астамы заң жобалары болатын. Бизнестің ащы-тұщысын татып жүрген кә­сіпкерлердің заң жобаларымен бұйрықтарға ұсынған ұсыныстары мен ескертулері аз болған жоқ. Соның нәтижесінде Ұлттық палата еліміз заңдарына мыңнан аса тү­зетулер мен толықтырулар енгізуге мұрындық болды. Өмір бір орнында тұрмайды, кәсіп­керлер алдағы уақытта да мұндай іске қызу араласады деп ойлаймын. Өйткені мақсат біреу – кәсіпкерлікті дамыту. – Шағын және орта бизнес кәсіпорындарының бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру бағы­тын­да қолдау көрсетіле ме? – Жалпы біздің жұмысымыз­дың түпкі мақсаты осыған саяды десем де болады. Нарық – бәсеке алаңы. Ол үшін озық тәжірибе, білім, мамандар біліктілігі керек. Палата қызметкерлері өткізген семинарлар ісін ашуға талпынған немесе бизнеспен айналысып жүрген жандардың көп нәрсеге көзін ашады. Жақында бухгалтерлер курсы ашылды. Оған ірі компаниялардың тәжірибелі бух­галтерлерін шақырамыз, олар білгенін үйретеді, тіпті курс тә­жірибе алмасу алаңына айна­лады. Сонымен қатар, «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы шеңберінде палата ауыл шаруашылығы өнім­дерін өң­дейтін, нан, кондитер өнімдерін дайындайтын кәсіпорындарға шетелдерден технологтар ша­қырады. Бұл тәсілді «Аға мырзалар» деп атайды. Олар жергілікті технологтарға тағам дайындаудың технологиясы мен өзге де сырларын үйретеді. Мысалы жақында ғана Канададан Брайн Фордхэм деген сарапшы Қостанай облысына келіп, Қарабалық ауда­нындағы «Пищепром» және Жітіқара ауданындағы «Дәмді» нан және кондитер өнімдерін пісіретін комбинаттарда болып, тәжірибесімен бөлісті, білгенін үйретті. Қазір нарық әралуандықты ұнатады, бәсеке соған итермелейді. Жітіқара мен Қарабалық ауданындағы кәсіпорын мамандары канадалық әріптесінен нанның, бәліштердің, тәтті бәліштердің 15 түрінің пісі­рілуін үйренді, оның құрамын жазып алды. 50 жыл бойы осы іспен айналысып келе жатқан Брайн Фордхэм өзінің пісірген наны мен бәлішінің тұтынушы үшін арзанға түсетініне де мән береді екен. Көрдіңіз бе, арзан әрі дәмді болса алушы да көбейеді, оның бизнесі де жүреді ғой. Екі аудандағы кәсіпорын өнімдерінің аталымы көбейді. Олар ауылдағы тұтынушылардың мүмкіндігін ескере отырып, канадалық аспаз үйреткен он бес түрлі тағамның оңтайлысын ғана нарыққа шыға­рып отыр. Кәсіпорындардың шет­елдік маманның тәжірибесін үй­ренуге шығыны шыққан жоқ, барлығын мемлекет өз мойнына алды. Бұл да кәсіпкерлерді қол­даудың жақсы жолы деп ойлаймын. – Жақсы тәжірибе екен. Ал шалғай ауылдардағы жас кәсіпкерлер алғашқы капиталын нығайтып алғанша осы секілді қолдауларды сезініп отыр ма? – Облыста кәсіпкерлер пала­тасының 19 аудандық және қала­лық филиалдары мен кәсіп­керлікті қолдау орталықтары бар. Ауылдағы ағайын облыс орталығына келмей-ақ керекті кеңестер мен ақпараттардың барлығын филиалдардан алады. Олардың сұраған қандай да көмегін беруге біздің мамандар дайын. Өткен жылы 14 мың адам кеңес сұрап келді. Биыл жылдың басынан 6 мың адамға түрлі кеңес және көмек берілді. Осының өзі кәсіпкерлер палатасының жұмысымен қатар еліміздегі кәсіпкерлік көк­жие­гінің кеңейетіндігінен хабардар еткендей. «Талпынған жетер мұ­ратқа» деген бар ғой. Алыс аудандарда мал басын көбейтем, егін саламын, қызмет түрлерін көрсетемін деп, бастама көтеріп, ниет еткенге қазір қаржылай болсын, қаржысыз болсын қолдау-көмектің барлығы да бар екендігін айттым. Тіпті «Даму» қоры, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы хол­дингі секілді кәсіпкерлікті жә­не инвестициялық жобаларды қаржыландыруға арналған қаржы ұйымдарын, қайтарымсыз грантпен қамтамасыз етуді былай қойғанда, іс ашамын де­гендерді облыстық әкімдік пен кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, шама келгенше қаржылай қол­дауды биылдан бастап қолға алдық. Мал шаруашылығымен айналысқандарға, ауылда нау­байхана ашқандарға құжаттық көмекпен бірге болмашы үс­темемен несие бердік. Ең бастысы адамдарда жұмысқа ниет болсын деңіз, қолдау-көмексіз ешкім қалмайды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»   ҚОСТАНАЙ