12 Наурыз, 2011

Сайлау демократиясы немесе өзгелердің тәжірибесі

407 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өзге мемлекеттер президентті қалай сайлайды? Қазір Қазақстан үшін өзекті болып отырған бұл мәселеде халықаралық тәжірибе қандай деген сауалдар алдағы сайлаудан хабардар болып отырған қалың елдің мүдделілігін тудырары анық. Осы мәселеге орай, Алматыдағы Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен «Тренды и прогнозы» атты экономикалық және саяси зерттеулер орталығы бірігіп «Сайлау демократиясы: халықаралық тәжірибе және Қазақстандағы президенттік сайлау» тақырыбында халықаралық мәжіліс өткізді. Халықаралық басқосуда елдегі сайлау заңнамаларының эво­лю­циясы мен сайлау үдерістері демократиялық арнаға түсті деген пайымдар айтылды. Еліміздегі қазіргі сайлау алдындағы насихат жұмыстары бұрынғы сай­лау­ларға қарағанда бөлек екендігі сөз болды. Мәселен, президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбеков, Ғани Қасымов пен Мэлс Елеу­сізов оқшау қадамдар мен тосын шешімдер арқылы қызықты жарнамалар жүргізіп отыр. Олар БАҚ-пен қоян-қолтық жұмыс істеп, сайлаушылармен белсенді байланыс орнатуда. Ал іс басын­дағы Президент өзінің сайлауал­ды науқандарынан ерікті түрде бас тартып, Мемлекет басшысы ретінде ағымдағы жұмыстармен айналысуда екені белгілі. Сондай-ақ халықаралық жи­ын­да республикамыздағы сайлау алдындағы қоғамдық-саяси жағ­дай жан-жақты талқыланды. Бір­қа­тар тағдыршешті факторлар қа­зақстандықтар алдында іс ба­сын­дағы Президенттің жоғары сенімге ие болуына септеседі, дейді ға­лымдар. «Онсыз да Қазақ­стан­ның халықаралық аренадағы та­быстары мен сыртқы саясаттағы мықты беделі, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және  Астана Саммиті, 7-ші Қысқы Азия ойын­дары­ның сәтті ұйымдастырылып, өт­кізілуі, басқа да жағдайлар, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына  бай­ланысты атқарылатын жұ­мыс­тар іс басындағы Президентті жарнамалай алады», дейді сая­саттанушылар. Осы үдеріспен экономиканың әрі қарай дамуы, басталған бар­лық іс-шаралардың баянды жү­зеге асуы аз маңызға ие емес, тіпті тәуелсіздікті тұғырлы етудің өзегі десек те болады. Сондықтан да осы мәселе төңірегінде әлеу­меттік зерттеулер жүргізіп отыр­ған мамандар бар. Ал өмір сапа­сын жақсарту саясаты шын мә­нінде қалай жүзеге асып жатыр десек, бұл туралы ҚСЗИ дирек­торының орынбасары Зарема Шаукенова әлеуметтік зерт­теу­лер­дің нәтижесі төмендегідей бол­ғанын мәлімдеді. Бір жыл аясында сауалдар жүргізілгенде сұралғандар материалдық жағ­да­йы айтарлықтай жақсарып, 35,8 пайыздан 48,4 пайызға дейін жоғарылағанын атаған. Яғни, бүгінгі таңда әрбір екінші қа­зақ­стан­дық табысының өскенін анық сезінеді. Әрине, бұл Пре­зиденттің рейтингінің жоғарылай түсуіне ықпал етері сөзсіз. Егер өткен жылы респонденттердің 90,2 пайызы қазіргі Мемлекет бас­шысының қызметін тіпті оңды деп бағаласа, биыл бұл көрсеткіш 95 пайызға көтерілген. Саясаттанушылар бұл фактор­лар­дың пайымды қорытындысы сайлау науқанының сабырлы жағ­дайда өтетініне септесетіндігін айтып отыр. Айтқандай, осы халықаралық мәжіліске қатысушылар арасын­да Ресейдегі Роза Люксембург атындағы қор филиалының жетекшісі Петер Линке, Ломоносов атындағы ММУ посткеңестік ке­ңістікті зерттеу жөніндегі ақ­парат­тық-талдау орталығының бас директоры Алексей Власов, «Наследие Евразии» қорының президенті Елена Яценконың болғанын айта кеткен жөн. Алексей Власовтың пікірінше, мықты президенттік билік қана Қазақ­стан­ның әрі қарай өрлеуіне кө­мектесе алады.  Және бұл сайлау Нұрсұлтан Назарбаев сынды саясаткер мен тұлғаның кезекті сенім вотумы (парламент жина­лысында дауысқа салынып қабыл алынған тоқтам) бола алады. – Осының алдында өткен президенттік сайлауда ЕҚЫҰ Қазақ­станға ескертулер, кемшіліктер мен тілектер тізбегі бар баяндама жіберген болатын. Бүгінгі таңда сол талаптың 80 пайызы жүзеге асты, –  дейді ресейлік ғалым. Дегенмен, халықаралық конференция кезінде  қазіргі сайлауға қатысты күрделіліктер мен кедір-бұдырлар бар екені және ол халықаралық байқаушылардың назарынан тыс қалмайтыны сөз болды. Мәселен, сайлау  үдеріс­терінің қысқалығы. Бірақ, осыған қарамастан, республикадағы тұ­рақ­тылық деңгейінің биіктігі мен  ашық дауыс беру арқасында сайлау науқаны демократияның кезекті сатысына көтеріле алады дейді шетелдік сарапшылар. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суретті түсірген Айтжан САЛЫҚҰЛЫ.